Екібастұзда құрылысы жүргізіліп жатқан үш ферроқорытпа зауыты іске қосылса, Қазақстан Қытайдан кейін әлемде ферроқорытпа өндірісі бойынша екінші орынға шығады. Бұл – кеншілер шаhарын елдегі ең ірі индустриялық орталықтың біріне айналдыратын маңызды қадам болмақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуды жүктеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың, шетелдік компаниялар мен отандық бизнестің өкілдері «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы алаңында бас қосты. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен ауқымды жиында инвесторлар ауқымды жобаларды сөз етті.
Аймақ басшысы еліміздің өндірістік орталығы саналатын Павлодар облысында Жолдауда жүктелген басым бағыттар қолға алынғанын атап өтті. Павлодар облысы – еліміздің басты индустриялық орталығы. Сондықтан инвестиция тарту мәселесі өңір үшін әрқашан маңызды әрі стратегиялық бағыт болып қала береді.
— Облысқа инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізудеміз. Біз әрбір инвестордың мәселесін барынша жедел шешуге тырысамыз. Соңғы үш жылдың ішінде облыс экономикасына рекордтық көлемде 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Бүгінде аймаққа 620 млрд теңгеден аса қаржы құйылды, бұл — өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп. Жыл соңына дейін шамамен 30 жаңа жобаны іске қосу жоспарлануда. Биыл инвестиция көлемін 1 трлн теңгеден асыру көзделуде. Оның 90 пайызға жуығы — жеке компаниялардың қаржысы, — деді Асайын Байханов.
Негізгі капитал салымдары өңдеу өнеркәсібі, энергетика және көмір-химия салаларына бағытталуда. Қазіргі уақытта жалпы құны 2,5 трлн теңгеден асатын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 12 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінде өңірлік инвестициялық пулда 7,4 трлн теңгені құрайтын 100-ден астам жоба бар. Бұл ретте 15 мың-нан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Ауқымды жиында облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева баяндама жасады. Оның айтуынша, ірі жобалардың қатарында Екібастұз қаласындағы жалпы қуаттылығы 460 мың тонна болатын үш ферроқорытпа зауытының құрылысы бар, оның екеуі жыл соңына дейін іске қосылады. Сонымен қатар, биыл сәуірде қуаттылығы жылына 1 млн тонна төмен легирленген болат өндіретін электрметаллургия зауытының құрылысы басталды.
Павлодар арнайы экономикалық аймағы аумағында жүзеге асырылып жатқан «ЕГМК» ЖШС-нің алтын құрамдас концентраттарды өңдеу жобасына да ерекше назар аударылды. 2027 жылы К5 экологиялық класты бензиннің жоғары компоненті — алкилат өндіретін зауытты іске қосу жоспарлануда. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 97 мың тоннаны құрайды. Жаңа өндірістерді іске қосу арқылы 2030 жылға қарай өңірдің өнеркәсіптік өндірісі 800 млрд теңгеге артып, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 70 пайызға жетпек. Негізгі алаңдардың қатарында портфелі 540 млрд теңгеден асатын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы бар. Қазіргі таңда оның аумағында 38 компания тіркеліп, оның 21-і табысты жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары мұнда металл құрылымдары, резеңке-техникалық бұйымдары, полимер түйіршіктері мен жоғары кернеулі оқшаулағыш өндірістері іске қосылады, — деді Әйгерім Қабылтаева.
Әйгерім Жаңбыртайқызының сөзінше, Екібастұз қаласының металлургиялық кластер құрылып жатқан индустриялық аймағы үлкен мүмкіндіктер ашуда. Мұнда жылына 160 мың тонна ферросилиций, 300 мың тонна тікелей қалпына келтірілген темір және 1 млн тонна болат өндіретін зауыттар салу жоспарлануда. Жалпы инвестициялар көлемі 800 млрд теңгеден асады. Бұл жобалар 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашпақ.
Ел Президенті ерекше тоқталған бағыттың бірі — көмір өнеркәсібінің әлеуеті. Павлодар облысы Қазақ-стандағы көмір қорының үштен бірін иеленген. Бұл – энергетика саласын дамытуға және көмірді терең өңдеу ісін жолға қоюға зор мүмкіндік.
Мемлекет басшысы атап өткендей, экономиканы жаңғырту ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу арқылы жүзеге асуы тиіс. Өңірдің ірі кәсіпорындары – ERG компаниясы, Павлодар мұнай-химия зауыты, «Богатырь Көмір», «Kaz Minerals Bozshakol», «Проммашкомплект» және өзге де өндіріс ошақтары бұл бағытта озық қадам жасап отыр.
Павлодар облысы екі жыл қатарынан ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі бойынша елде көш бастап тұр. Ағымдағы жылдың 8 айында салаға 124 млрд теңге құйылды. Демек, еліміздің ауыл шаруашылығына салынған әрбір бесінші теңге біздің өңір фермерлерінің үлесіне тиесілі. Бүгінде аймақта 30-дан астам кәсіпорын ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеумен айналысуда. «Рубиком», «Кэмми Group», «Жан-Дос KZ» кәсіпорындары өздерінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп, өнімдерін жақын және алыс шетелдердегі 100-ден астам қалаға экспорттауда.
Аграрлық салада цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері белсенді енгізілуде. 2025 жылы БИК компаниясының алғашқы роботтандырылған тауарлы сүт фермасы іске қосылады. Жаңа жобалар қатарында майлы дақылдарды өңдейтін үш жаңа кәсіпорын мен чипсы шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Маңызды жобалардың
бірі — қытайлық Jiansu Jielong Group компаниясымен бірлесіп, заманауи май зауытын салу. Жылдық қуаты — 50 мың тонна, инвестиция көлемі 20 млн АҚШ долларын құрайды.
Барлық инвестициялық жобалар өңірлік инвестициялық штабтың бақылауында. Барлық мемлекеттік органдардың жұмысы жобаларды сүйемелдеуге және салықтық және инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге дейінгі мемлекеттік қолдаудың толық спектрін ұсынуға бағытталған.
Ауқымды жиында ірі кәсіпорындардың басшылары да баяндама жасады. «Қазақстан алюминийі» АҚ директоры Айтуған Ахметов зауытты жаңғырту және цифрландыру жобаларын таныстырды. Бұл ретте шаң-газ тазалау жүйесін қайта құру, әк сөндіру учаскелерін салу, галлий өндіру және қызыл шлам пульпасын бөлу схемасын жетілдіру жұмысын таныстырды. Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры Маждай Ахметов мұнайды терең өңдеу ісіне жасанды интеллект жүйесін енгізу жоспарымен бөлісті.
«Railcast Systems» ЖШС-нің кеңесшісі Иван Дычко толық циклді теміржол кластерін дамыту туралы сөз етті. Компания кәсіпорындарында жылына 3,5 мың вагон, 300 мың доңғалақ шығарылуда. Республикалық деңгейдегі ҮЗДІК-17 жобаның қатарына енген құрамында алтыны бар концентраттарды өңдеуге арналған гидрометаллургиялық кешен құрылысының барысы туралы «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Арман Бисенбинов баяндады. 978 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынатын бұл өндіріс Қазақстанда автоклавты тотығу технологиясын қолдана отырып, толық циклі бар алғашқы кәсіпорын болмақ. Жылына 15 тоннаға дейін алтын шығару жоспарлануда.
Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы Асайын Байханов инвесторлардың ұсыныстары алдағы шешімдерді әзірлеу кезінде ескерілетінін атап өтті. Инвестиция тартудың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың табысы мен бюджет қаражаты ұлғаятынын атап өтті.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.