Өнеркәсіп қуаты – өңір болашағы

Там 7, 2025

Павлодар – еліміздегі ірі өнеркәсіптік орталықтардың бірі. Осы өндірістік тізбекте маңызды орын алатын «Каустик» акционерлік қоғамы каустикалық сода, сұйық хлор, тұз қышқылы мен натрий гипохлоритін өндіреді. Бұл өнімдер мұнай-газ, металлургия, ауыл шаруашылығы және коммуналдық шаруашылық салаларында кеңінен қолданылады. Өнім бүкіл Қазақстанға жеткізіледі.

Жуырда облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен өңірдің бірнеше өндірістік нысанын аралап, кәсіпорындардың қызметімен, технологиялық мүмкіндіктерімен және одан әрі дамыту жоспарларымен танысты.

Зауыттың бас директоры Ермек Тоқмағамбетовтің айтуынша, кәсіпорында 440 адам еңбек етеді. Оның жүзге жуығы өндіріспен тікелей айналысады. Өзге қызметкерлер зертханаларда, инженерлік қызметтерде, қосалқы сумен, жылумен және бумен жабдықтау объектілерінде, сондай-ақ жеке теміржол құрылымында қызмет атқарады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кәсіпорында елу адам жұмыс істейтін өрт сөндіру және авариялық-құтқару бөлімі бар.

– Қызметкерлердің орташа жалақысы 400 мың теңгені құрайды. Ал жоғары деңгейдегі мамандар қосымша жұмыс уақытымен есептегенде қолға 550 мың теңгеге дейін еңбекақы алады. Жыл сайын мектеп жасындағы балалары бар жұмысшыларға 80 мың теңгеден көмек көрсетіліп, балаларды мектепке дайындауға қол ұшын созамыз. Біз орта және жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатамыз. Атап айтқанда, Торайғыров университетінде химия, физикалық химия және аналитикалық химия негіздері бойынша екі айлық оқыту жүргіземіз. Бүгінде Павлодар химия-механикалық колледжімен дуалды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биыл зауыт 15 студент қабылдады. Олар аптасына үш күн жұмыс істеп, екі күн оқиды, – деп атап өтті кәсіпорынның басшысы.

Өндіріс көлемі бүгінде жылына 30 мың тоннаны құрайды. Өткен жылы зауыт екі миллиард теңгеден астам салық төлеп, өнімді пайдалану деңгейі
86 пайызды құрады. Кәсіпорынды аралаған аймақ басшысы акционерлердің зауытты жаңғырту бойынша жоспары бар екенін айтты.

– Жүз млн долларлық инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру алдағы 2-3 жылда күтілуде. Бұл бағдарлама бойынша қосымша қажеттіліктерге, «Каустиктің» жанындағы жер телімдеріне қатысты мәселелерді облыстық басқарма басшылары шешеді, – деді Асайын Қуандықұлы.

Кейін аймақ басшысы «УПНК-ПВ» ЖШС-інде болды. Аталған кәсіпорын — мұнай-химия секторындағы заманауи, жоғары технологиялық кәсіпорын болып саналады және күйдірілген мұнай коксын өндіру бойынша Орталық Азиядағы ірі өндіруші. Мұнда жыл сайын 205 мың
тонна күйдірілген кокс өндіріледі. Кәсіпорын жабық, экологиялық таза өндірістік циклмен жабдықталған. Бүгінде кәсіпорында 400-ден аса адам еңбек етеді, қызметкерлердің орташа жалақысы 500 мың теңгені құрайды.

Инвестициялық жобалар іске асады

Облыс әкімі Асайын Байханов кәсіпорынның жұмысымен танысқан соң «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына ат басын бұрып, сала мамандарымен кездесу өткізді. Жиын барысында инфрақұрылымдық жобалар, оның ішінде қосалқы станса құрылысы, өндірістік қуаттарды кеңейту және аймақтың инженерлік әлеуетін арттыру мәселелері қаралды.

Павлодар арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясының басқарма төрағасы Мәдениет Ахметов атап өткендей, бұл саладағы инфрақұрылым осы жылдың дерегі бойынша  65,8 пайызға дамыған.

– Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын жүз пайыз дамыту үшін қырық мегаватт қуаттылығы бар авто мен темір жол және қосалқы станса салу қажет. Жолдың ұзындығы 4,7 шақырымды, жобаның құны 1,1 млрд теңгені құрайды. Бюджеттік өтінім Индустрия және құрылыс министрлігіне және Павлодар қаласының әкімдігіне жіберілді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды өтінеміз, — деді М.Ахметов.

Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақтың аумағында 6,1 шақырымды құрайтын теміржол рельсі бар. Оларды тек 13 кәсіпорын пайдалана алады. Алайда жолдың басқа салаларға да қажеттілігі бары анықталды. Сондықтан жолды екі кезеңмен 13-14 шақырымға дейін ұзарту жоспарда бар. Осыдан кейін 24 кәсіпорын жүк тасымалдай алмақ.

– Темір жолдың екінші кезегін салудың сметалық құны 1,1 млрд теңгеге жуықтайды. Біз жобаны 2025-2026 жылдары жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қосалқы стансаның салынуы электр қуатының тапшылығы мәселесін шешеді. Сараптама ведомстволық емес бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Жобалық-сметалық жұмыстарды аяқтау 2025 жылдың қазан айына жоспарланған. Жобаны 2026-2027 жылдары жүзеге асыруды көздеп отырмыз, — деді Мәдениет Қайыргелдіұлы.

Ал «Павлодар электржелістік тарату компаниясы» акционерлік қоғамының басшысы Александр Глотов қосалқы стансаның құрылысы оңтайлы шешім екенін түсіндірді. Ол сыртқы электрмен жабдықтау схемасы қолайлы нұсқа екенін растаса, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұрат жобалаушы қосалқы станцияның өзін және «Промышленная» қосалқы стансасынан арнайы экономикалық аймаққа дейінгі бағытты әзірлеп жатқанын айтты. Оған алдын ала 17 млрд теңге көлемінде қаражат қажет болады.

Жиын барысында Асайын Қуандықұлы аталған жобалар жүзеге асырылса, аймақтағы өндіріс көлемі артып, инвестициялық ахуалды жасқартуға мүмкіндік беретінін айтты.

– Мұндай жобалар Үкімет үшін инфрақұрылымды жаңғырту мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болып саналады. Барлық салық төлемінен түскен қаражат инвестициялық жобаларды, оның ішінде жаңа инженерлік желілерді салуды қаржыландыруға бағытталды. Энергетика саласында кәсіпкерлік нысандар электр қуатының тапшылығын сезінбеуі керек, — деді аймақ басшысы.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі арнайы экономикалық аймақтағы жобалардың қымбаттығына байланысты республикалық бюджеттен қаржы сұрауы мүмкін екенін әрі белгіленген уақытта толық іске асыру керектігін алға тартты.

– Экономикалық аймақтың инфра-құрылымын дамыту мақсатында 3 жобаны толықтай іске асыру керек. 2 жобаға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбесе, онда жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, келесі жылы жолды және теміржолдың жұмысын бастап аяқтау қажет. Ал үшінші жоба бойынша республикалық бюджетпен тығыз жұмыс істеу керек. Бұл жұмысты облыстық құрылыс және энергетика басқармасына, Павлодар қаласының әкімі Хасар Айтбекұлына тапсырамын, — деп түйіндеді А.Қуандықұлы.

Аймақ басшысы жыл соңына дейін электр желілері мен қосалқы стансалары бойынша жобаларды мемлекеттік сараптамадан өткізіп, республикалық бюджеттен қолдауға өтінім беру міндетін алға қойды.

Айдана БОРАНБАЕВА,

Павлодар қаласы.