Отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстар мемлекет назарынан тыс қалған емес. Соның дәлеліндей жақында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің тапсырмасы бойынша өңірдегі бірқатар сауда желілерінде отандық тауарлардың бар-жоғы, үлесі тексерілді. Сонымен, қорытынды қандай?
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Рашид Құсайыновтың айтуынша, азық-түлік тауарлары көп саудаланатын үш ірі супермаркеттің сөрелеріне талдау жасалған.
— Біз қаладағы «Greenwich», «Inmart», «Small» сауда орталықтарында отандық тауар өндірушілерге тиесілі азық-түлік өнімдерінің халыққа қаншалықты деңгейде ұсынылатынын тексеріп, мониторинг жүргіздік. Соның нәтижесі бойынша дүкен сөрелерінде отандық тауарлардың жеткілікті екені белгілі болды. Мәселен, айран, сүт, сүзбе, қаймақ сынды өнімдермен «Greenwich» сауда үйі 71 пайыз, «Inmart» дүкені 94 пайыз, «Small» 92 пайыз қамтылған. Аталған супермаркеттерде «Молком», «Павлодармолоко», «BEST MILK», «Масло-Дел», «Raimber-Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Фудмастер» компаниясының тауарлары кең таралған, — деді Рашид Құсайынов. Сондай-ақ, ол «Greenwich» сауда үйінде өз елімізде жасалған сары май 85 пайыз, күнбағыс майы 82 пайыз, шұжық өнімдері 90 пайыз, ал «Inmart» супермаркетіндегі сары май көлемі 89 пайыз, күнбағыс майы 66 пайыз, шұжық өнімдері 68 пайыз екенін мәлім етті. Сол сияқты «Small» сауда орталығында да қазақстандық өндірушілердің тауарлары бар екені анықталған.
Мониторинг қорытындысы бойынша облыстағы ірі азық-түлік дүкендеріндегі отандық тауарларды орналастыру ережелері талапқа сай екені, жалпы сауда алаңдарындағы өз өнімдеріміздің үлесі 30 пайызды құрайтыны белгілі болды. Бұл бағыттағы мониторингтік шаралар жалғасын табады, деп атап өтті Рашид Құсайынов. Сонымен қатар, ол департаменттің тұтынушылар құқықтарын қорғауға қатысты атқарған жұмысын да баяндады.
— Ағымдағы жылдың алғашқы 7 айында Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 874 өтініш түсті. Олардың 656-сы қанағаттандырылды. Ал 124 тұтынушыға түсініктемелер берілді, 67 өтінішті қарау басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жататындықтан сонда жолданды, — деді бас маман. Бұдан бөлек, осы жылдың 7 айында департамент жоспардан тыс 119 тексеру жүргізіп, ескерту түрінде 89 әкімшілік жаза қолданған. Талап бұзғандарға айыппұл салынған. Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша барлығы 45 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Баспасөз мәслихатында «МИР» медиация және құқық орталығы» қоғамдық бірлістігінің медиатор-заңгері Әлімбек Агибаев та сөз алып, бұл саладағы дауларды сотқа дейін шешудің нақты жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, сауда жасау кезінде алаяқтардың арбауына түсіп қалмау керектігін айтып, азаматтарды абай болуға шақырды.
Нұржайна ШОДЫР.