Отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың қабылданған шаралары экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 1,8 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бүгінде елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 пайызға артып, 2 млн кәсіпорыннан асты.

Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығару көлемі 2024 жылдың 2 тоқсанында 19,1 пайызға ұлғайып, 34,2 трлн теңгені құрады. Бүгінгі таңда бұл секторда барлығы 4,2 млн-нан астам қазақстандық жұмыспен қамтылған. Бүгінгі күні Қазақстанда экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шаралары жаңа деңгейге жетті. Мәселен, биыл шағын және орта бизнес өкілдері 6,3 млрд теңге көлемінде шығындарды өтеу құнымен қамтамасыз етілді. Салалардың әртараптандырылуына да ерекше назар аударылып отыр. Бұл елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді.

Ағымдағы жылы жалпы 500-ге жуық ірі компания түрлі мемлекеттік қолдау шараларына ие болды. Оның ішінде экспорттық акселерация бағдарламасына қатысу, «Alibaba.com» платформасына шығу, көрмелер мен сауда-экономикалық миссияларға қатысу, шығындарды өтеу және басқа да қолдау шаралары бар. Олардың 90 пайыздан астамы азық-түлік саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері.

Президент қол қойған «Бизнесті жүргізу мәселелері» жөніндегі заң аясында биыл тексеруден профилактикалық іс-шараларға көшу арқылы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі қайта қаралды. Нәтижесінде 66 саланың тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру жүргізілді. Бүгінде бизнес-ахуалды жақсарту және әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Өңірлік маңызы бар актілер талданып, бизнеске 1 мыңға жуық негізсіз талаптар анықталды. Қазіргі уақытта жергілікті әкімдіктер оларды алып тастау бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ биыл кәсіпкерлікке арналған міндетті талаптар тізілімі іске қосылды. Оның ерекшелігі — кәсіпкерлерді тізілімнен шығарылған және мерзімінде жойылмаған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату.

Мемлекет басшысының бастамасымен «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» атты қос бағдарламаның құралдарын біріктірген шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаны қабылдау маңызды қадам болды. Мұнда мықты және бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру мақсатында тиімді жобаларға жан-жақты қолдау көрсету көзделген. Жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады.

Шағын және орта бизнес жобаларын нарықтық жағдайларға кезең-кезеңімен көшумен субсидиялау-
дың сараланған әдісі көзделген. Кредиттер бойынша кепілдік беру құралы кеңейтілді. Атап айтсақ, кепілдіктер сомасы 3,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды және бизнес субъектілері үшін 1 млрд теңгеден астам несие сомасы бойынша нарықтық шарттарда кепілдік алуға мүмкіндік берілді. Биыл барлығы 840,5 млрд теңге кредиттердің жалпы сомасына 14,5 мың жоба субсидияланды, төленген субсидиялар сомасы 226,2 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, 241,2 млрд теңгеге 7,3 мың жоба бойынша кепілдіктер берілді.

Шағын және орта бизнесті қолдаудың тағы бір құралы — синдикатталған кредиттеу. Бұл бір мезгілде бірнеше банктер 15 млрд теңгеге дейінгі ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді. Бұдан басқа, облигациялық қарыздар беру шарттары кеңейтілді. Мәселен, эмитент-кәсіпкер облигация шығарылған кезде купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидия-лауды ала алады және 5 жылға дейінгі мерзімде 5 млрд теңгеге дейін 6 пайызбен қаржыландыруға қол жеткізе алады. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін биыл 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар және салалық шектеулер-сіз 7 пайыз мөлшерлеме бойынша 1,5 млрд теңгеге дейінгі кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау енгізілді.

Әзірлеген – А.МҰҚЫШЕВ.