Өңірдің әлеуеті зор

Шіл 17, 2025

Жуырда Естай атындағы мәдениет сарайында «Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» атты байқау-көрмесі өтті. Бұл жоба «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтті. Байқауда ауылшаруашылық өнімдері, кәдесыйлар, ұлттық киімдер дайындайтын шағын бизнес пен кәсіпорындар өз тауарларын ұсынды. Аймақ басшысы Асайын Байханов әр кәсіпкерлікпен  жеке танысып, бастамаларын қолдады.

Аталмыш байқаудың мақсаты – отандық өндірісті дамыту, өңірлік өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және үздік тауар өндіруші кәсіпорындарды анықтау. Байқау дәстүрлі түрде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халық тұтынатын үздік тауарлар»  атты үш аталым бойынша өтті. Өңірлік жеңімпаздар республикалық деңгейде өтетін байқауға қатысуға мүмкіндік алды.

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбеновтің айтуынша, бұрын бұл байқауға шамамен 30 кәсіп-орын қатысатын болса, бүгінде қатысушылар саны 50-ге
жеткен.

Көрменің тұрақты қаты-сушылары мен жеңімпаз-дарының қатарында «Қазэнергокабель»  АҚ,  «Рубиком» ЖШС, «Молком-Павлодар» ЖШС, «Айсберг ПВ» ЖШС, «Мерусар и К» ЖШС сияқты кәсіпорындар, сондай-ақ экологиялық таза өнімдер мен жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін инновациялық өндірушілер бар. Байқау алаңында жыл сайын ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субъектілері өз жетістіктерін көрсетеді.

— «Бір ауыл — бір өнім» — бұл жетістікке жетуге және олардың бәсекеге қабілетті өнім шығара алатынын дәлелдеуге бағытталған, Павлодар облысының ауыл тұрғындарын үшінші жыл бойы жинап келе жатқан тамаша жоба. Көрме-сайыс – өз тауарларын ұсынуға, іскерлік байланыстар орнатуға және тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік. Осылайша, кәсіпкерлердің жаңа толқыны пайда болады, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Биыл «Қазақстанның үздік тауары» байқауына өңірдің 47 кәсіпорны қатысуда. Олар кабельдік-өткізгіш өнімдерін, пластмассадан жасалған бұйымдарды, арнайы киімдерді, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, жиһаздарды, кондитерлік өнімдерді, ара шаруашылығы өнімдерін және т.б. ұсынды.

Жаңа қатысушылар арасында Баянауыл шөптеріне негізделген «SHIFA» инновациялық кремін жасайтын «Құсайынов» ЖК, ұлттық стильде тарихи сауыт пен қару-жарақ көшірмелерін шығаратын Шаймергенов ЖК, этникалық дизайн элементтері бар шынайы былғарыдан жасалған бұйымдарды ұсынатын «Салық О.М» жеке кәсіпкерлігі.

Екібастұз қаласының тумасы Думан Шаймергенов батыр кейпіндегі мүсінді екі апта дайындап шыға алады. Оның шеберлігі көпшілікті тәнті етті.

– Қолөнермен бес жасымнан айналысып келемін. Жасым 63-те,  өмір бойы кәсіппен айналыстым. Енді сүйікті ісіме көп көңіл бөліп, мұндай ерекше дүниелерді жасауға шабытым оянуда. Болашақта үлкен робот жасауды жоспарлап отырмын. Материалдарды еліміздің әрбір жерінен жинап әкелемін. Жолдасым мүсіннің костюмдерін тігуге көмектеседі. Бүгінде шәкірттерімнің қатарында немерелерім де бар. Батыр мүсініне басқа түрлі қару-жарақтарды да жасаймын,   – дейді ол.

Өңіріміздің тұзды мекендері баршылық. Солардың бірі – Май ауданының тұзы. Күнделікті қолданысқа да, емге де пайдасы зор. Бүгінде студенттерге кәсіпкерлікті үйретіп, көшбасшылық қасиеттерін дамытатын курс жетекшісі жаңа кәсіппен айналысуда.

– Тұзды пайдаланып жүргеніме 5-6 жылдан асты. Жуырда тұзды дезодоранттың баламасы ретінде сатылымға қоюды жөн көрдім. Бұл өнімді Май ауданынан жинап, тазалап кептіріп алып келемін.
500 миллиметрлік бөтелкеге тұзды салып, кез келген уақытта сумен араластырып қолдануға болады. Қазіргі уақытта тері, саңырауқұлақ аурулары жиілеп кетті. Оның алдын алу үшін бұл тұзды емдік шарада қабылдау керек,  – дейді Гүлнар Букваева.

Сондай-ақ, нарыққа енді қадам басқан жас кәсіпкерлер де көрмеге қатысып, бақтарын сынауда. Бүгінде дүкен сөрелерінде шұжықтың түр-түрі бар. Алайда көбінде қосындылар бар. Бес ай бұрын болашақ ұрпақтың сапалы қоспасыз өнімдерін пайдалану мақсатында Павлодар қаласының ерлі-зайыпты кәсіпкерлері шұжық өндіре бастаған.

– Алғашқы жасаған шұжықтан алдымен балаларымыз дәм татты. Шұжық 100 пайыз таза еттен жасалады. Ұжымда жолдасым және тағы бір көмекшіміз бар. Нарыққа шығуды жоспарлап отырмыз. Жылқы, сиыр, тауық етінен жасалған шұжықтар мен шұжықшалар, сүрленген ет өндіреміз. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық тағамы — әсіпті де жасаймыз. Болашақта кәсібіміз өрге жүзіп, пайдаланушылар қатары өседі деп сенеміз, – дейді Шолпан Мұратқызы.

«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы республикалық және халықаралық көрмелерде оқытуды, маркетингтік сүйемелдеуді және ілгерілетуді қоса алғанда, қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетуде. Байқау бойынша өңіріміз Павлодар облысының тауар өндірушілерінің жоғары әлеуетін көрсетті.

Салтанат ҒАББАС.