Павлодар қаласы – еліміздің ірі өндірістік орталықтарының бірі. Көпшілікке белгілі алып зауыттармен қатар, өңірде экономиканың дамуына үлес қосып жүрген шағын және орта кәсіпорындар да аз емес. Солардың қатарында құрылысқа арналған материалдар өндіретін «ҚазБитумСервис» пен арнайы жұмыс киімдерін тігетін «ДЭКО» компаниялары бар. Мәселен, «ҚазБитумСервис» компаниясы бастапқы шикізаттан бастап дайын өнімге дейін – Қазақстанда өндірілетін өнімдермен жұмыс істейді.
Біздің өндірістік қуатымыз жылына шамамен 4 миллион шаршы метр өнім шығаруға мүмкіндік береді. Біз Қазақ-
станның барлық өңірлерін қамтып отырмыз, дейді компания лаборанты Қымбат Тұрсынханова.
— Зауыт 2004 жылы құрылған. Кәсіпорында толықтай отандық шикізатты пайдалана отырып өндіріс жүргіземіз және құрылыс саласында кең сұранысқа ие өнімдер шығарамыз. Зауыт өнімдерінің сапасы мемлекеттік және еуропалық стандарттарға толық сәйкес келеді. Бүгінде кәсіпорын аталған салада жетекші орындардың бірін иеленіп отыр. Қазіргі таңда заманауи өндірістік жабдықтармен қамтамасыз етілген кәсіпорында екі негізгі цех жұмыс істейді. Сонымен қатар битумды сақтау мен өңдеуге арналған арнайы резервуарлар қарастырылған.
Ал кәсіпорынның негізгі өнімдерінің бірі – «Рукан» атты гидрооқшаулағыш жабын. Бұл материал ғимараттардың шатырын қорғауға арналған және зауыттың ең көп сұранысқа ие өнімі болып саналады. Қазіргі уақытта кәсіпорында шамамен 70 қызметкер еңбек етеді. Сондай-ақ соңғы жылдары кәсіпорын шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы аясында мемлекеттік субсидия алған. Бұл қолдау өндіріс көлемін арттыруға және жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етті, — дейді ол.
Зауыт өнімдері Қазақстандағы ірі құрылыс компаниялары мен мемлекеттік тендерлерге қатысатын кәсіпорындар тарапынан кеңінен қолданылады. Кәсіпорын материалдары көптеген әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына пайдаланылып келеді. Олардың қатарында Катаев көшесіндегі «Келешек мектептері» жобасымен тұрғызылған жаңа мектептер және басқа да қоғамдық ғимараттар бар. Алдағы уақытта «ҚазБитумСервис» зауыты өндіріс көлемін бірнеше есеге арттыруды жоспарлап отыр.
Арнайы жұмыс киімдерін өндіруге маманданған кәсіпорындардың бірі «ДЭКО» ЖШС Қазақстан нарығында ұзақ жыл-дардан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. 1998 жылы құрылған компания өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған арнайы киім тігумен айналысады. Кәсіпорын өнімдері өңірлік деңгейде ғана емес, еліміздің түрлі аймақтарындағы өндіріс орындарына жеткізіледі. Кәсіпорын түрлі өндіріс салаларына арналған арнайы киімдер тігіп, негізінен мұнай-газ саласы мен инфрақұрылымдық нысандардың сұранысын өтеп отыр.
— Мемлекеттік «Даму Өндіріс» бағдарламасы арқылы біз өндірістік ғимаратты сатып алуға мүмкіндік алдық. Қаржыландыру көлемі 93 миллион теңгені құрады, жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болды. Бұл бізге кәсіпорынның тұрақтылығын арттырып, өндірісті одан әрі дамытуға мүмкіндік берді. Қаржыландыру көлемі 93 миллион теңгені құрады, жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болды. Өткен жылы өндірісте шамамен 20 мыңға жуық арнайы жұмыс киімі дайындалған. Тапсырыстың басым бөлігі мұнай өнеркәсібі дамыған өңірлерден келеді. Біздің негізгі тапсырыс берушілеріміз – Атырау және Маңғыстау облыстарындағы мұнай компаниялары. Сонымен қатар әуежайлар мен басқа да өндірістік нысандардан тапсырыс түседі. Атап айтқанда, кәсіпорын «Rubikom», мұнай өңдеу кәсіпорындары, «Total Service», «Arlekit» сияқты компаниялармен әріптестік орнаттық, – дейді кәсіпорын басшысы Марьяна Васильева.
Өндірістік цехтың материалдық-техникалық базасы толықтай кәсіпорынның меншігінде. Тігін жабдықтары да өз қаражатына алынған. Кәсіпорын шамамен 300 шаршы метр аумақта жұмыс істейді. Өндірісті дамыту және жабдықтарды жаңарту шығындарының бір бөлігі бес жылға дейінгі мерзімге берілетін банктік несиелер арқылы қаржыландырылады.
Кәсіпорын мамандарының айтуынша, әрбір тапсырыс берушінің талаптары әртүрлі болады. Ірі компаниялар көбіне арнайы техникалық тапсырмалар мен дайын үлгілерін ұсынады. Ал шағын және орта кәсіпорындар үшін арнайы киім үлгілерін өндіріс цехының мамандары өздері әзірлейді. Арнайы жұмыс киімдерін өндіруде маңызды кезеңдердің бірі – бұйымның лекалдарын (үлгі пішімдерін) дайындау. Бұл жұмыстың ерекшелігін конструктор Валентина Владимировна айтып берді.
— Көпшілік арнайы жұмыс киімін тігу оңай деп ойлайды. Алайда оның құрылымы күрделі, әр бөлшегі мұқият ойластырылып жасалады. Мен пішу цехына арналған үлгілерді дайындаймын. Сол үлгілер бойынша киімнің бөлшектері пішіліп, кейін тігіледі. Кәсіпорында жеке тапсырыстар да қабылданады. Мұндай жағдайда әр қызметкердің өлшемі жеке алынып, соған сәйкес арнайы киім тігіледі, – дейді кәсіпорын маманы.
Сара ӘБДОЛ,
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
