Қазақстан 2024 жылы 140 жолаушы вагонын сатып алатын болды. Олар қандай бағыттар бойынша қатынайтын болады? Олардың игілігін павло-дарлық азаматтар көре ме?
Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, сатып алуы жоспарланған вагондардың 50-і бүгінде тиісті мекемеге жеткізілген. Тағы 12-сі бірінші жартыжылдықтың соңына дейін пайдалануға беріледі. Олар келесі бағыттар бойынша жолаушы тасымалдауға жолға шығады:
- Павлодар – Алматы;
- Қызылорда – Семей;
- Ақтөбе – Атырау;
- Алматы – Сарыағаш.
Бұдан кейін жеткізілетін жаңа вагондар Павлодар – Түркістан, Қарағанды – Самара, Қарағанды – Омбы, Қостанай – Алматы бағыттарында қызмет көрсетеді. Сондай-ақ моторвагон қозғалыс құрамына қарайтын 20 вагон Ерейментау – Астана, Ерейментау – Көкшетау және Теміртау – Ағадыр бағыттарына жіберілетін болады.
Көлік министрлігінің өкілдері атап өткендей, вагондар отандық өндірушіден сатып алынған. Вагондар кондиционер, бақылау камералары, биотуалет, розеткалармен және мобильді құрылғыларды қуаттандыруға қажетті USB-порттармен жарақтандырылған. Әрбір жолаушы орнына жеке жарықтандыру шамы қойылған, қысқатолқынды пеш және тоңазытқыш, зарарсыздандырылған ауызсу құралдары орнатылған. Штабқа арналған (пойыз басшыларына арналған) вагондарда қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтар үшін купелер қарастырылған.
Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық банк «Бәйтерек» холдингінің облигациялары арқылы 173 млрд теңге қаржыны 3,3 мың вагон сатып алуға бағыттады делінген болатын. Олардың ішінде жүздеген вагон жолаушылар тасымалына арналған.
«Бір жүк көлігінің бағасы шамамен 30-35 млн теңгені құрайды. Жолаушылар вагоны әрине қымбат, нақты айта алмаймын, дегенмен бір жолаушы вагонының бағасы 700-800 млн теңгенің шамасында, деді бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Кейін белгілі болғандай, жаңа вагондарды өндіруші қазақстандық «ЗИКСТО» және «Қазақстан вагон компаниясы» компаниялары болып табылады.
Н.Қанатбекұлы.