Төрт түліктің терісін жерге көміп, жүнін қоқысқа тастау қалыпты құбылысқа айналып барады. Иә, қолда бар шикізаттың қадіріне жете алмай жүргеніміз рас. Ұлттың брендіне айналуға тиіс шикізаттың құрттың жемтігіне айналғаны өкінішті-ақ. Қытайдың күртесін, түріктің етігін, қырғыздың жейдесін киюге мәжбүрміз.
Оралхан ҚОЖАНОВ
Қой бағасы өсті, жүні ше?
Елімізде жеңіл өнеркәсіптің тұралап тұрғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы Жолдауында: «5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кеше-ніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын» деген болатын. Осы орайда, малдың жүн-терісін кәдеге жаратып, өнімді экспорттамасақ та, өзімізді сапалы тауармен қамтамасыз етсек те қайда жатыр?! Әйтпесе, жүн мен тері қадірсіз қоқымға айналып, көрінген жерде құрттап, шіріп, керексіз үйіндіге айналуда. Біреулер бұл іске қолдау көрсетпей отырған билікті кінәласа, кейбіреулер арзанға сатылатын жүн-тері бизнесімен айналысуға ешкімнің қызығушылығы жоқ екенін алға тартып отыр. Қолда барды ұқсата алмайтынымыз қор қылады. Әйтпесе, ағыл-тегіл шикізаттан дайын затты шығарып, жергілікті дүкен сөрелерінен қолжетімді бағамен сатып алуға не кедергі? Қарапайым мысал келтірсек, Павлодар облысында жыл сайын шамамен 50 мың тонна қарақұмық жиналады. Оның басым бөлігі экспортталады. Себебі диқанға шетелге жөнелтіп, қалтасын қампайтқаны маңызды. Әлгі өнім кейін тазартудан өтіп, көздің жауын алатын қызылды-жасылды қаптамаларға салынып, бізге 2-3 есе қымбат бағамен қайта оралады. Ауылдағы шикізатты іс қылмай, қайта өңдеу саласын дамытпай, бағаны тұрақтандыруға бас қатырып жүргеніміз-ай… Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ахмет Серкебаевтың
айтуынша, соңғы уақытта қойдың бағасы әжептәуір қымбаттаған. Ендігі жерде терісі мен жүнін пайдаға жарату маңызды.
— Бала кезімізде қойдың күзем жүнін, жабағы жүнін тиісті жерге өткізіп, аз да болса ақша қылатынбыз. Қазір малдың жүнін пайдаға асыра алмаған малшылар далаға тастап, өртеп жіберетіні жасырын емес. Ал өздері моңғол түйесінің жүнінен істелген шұлық, көрпені сатып алады. Баяғыда шөптің басына ілініп қалған бір уыс жүнді көрсек, «обал болады» деген оймен қалтамызға салып алатынбыз. Ал қазір боқтық ретінде көреміз. Бұл күні төсенішіміз – ковролин, жамылғы-жастығымыз – синтепон. Кейінгі кезде бамбук қамысынан өндірілетін талшықтан істелген шұлық, беторамалға дейін тұтына бастадық. Химиялық қоспалары бар тауарлар адам ағзасына кері әсерін тигізетінін естен шығармаған жөн, — дейді А.Серкебаев.
Қолдау болса, қор болмайды
Төрт түліктің жүн-терісін жинаумен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау аз дейтіндер көп. Мәселенің мән-жайына үңілу үшін облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына хабарластық. Ондағылар жыл сайын шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қайтарымсыз гранттар үлестірілетінін, бірақ өтініштердің арасында жүн-тері кәсібін дөңгелетуге ниет білдіретіндер кездеспейтінін айтты. Ол түсінікті де. Соңғы жылдары гранттардың барлығы инновацияның ұшқыны бар жобаларға үлестірілуде. «Сыбаға» сияқты мемлекеттік бағдарламалар мал басы санын көбейтуге бағытталғанын ескерсек, қайта өңдеу бағытында еңбек еткісі келетін кәсіпкерлерге қолдау бар ма екен? Бірден айту керек, елімізде теріден аяқкиім сияқты дайын өнім шығаратын кәсіпорын жоқтың қасы. Бұл кәсіппен айналысуға ешкімнің батылы бара бермейді. Сайып келгенде, тері өңдейтіндердің өзі шикізатты шетелге сатып, бізге дайын өнімдер қымбат бағамен қайта оралады. Алдағы уақытта былғары аяқкиім шығаратын ірі кәсіпорындар ашылар. Әзірге тері өңдеушілердің мәселесін шешіп алайық. Қазақстанның тері және өңдеушілер қауымдастығы бар екенін бірі білсе, бірі білмес. Қауымдастық төрағасы Нұрман Нүптекеевтің айтуынша, мемлекет тарапынан зор қолдау болса, 4-5 жылдың ішінде тері өңдеу саласы аяққа тік тұрып, ел экономикасына орасан пайда әкелмек.
– Еліміздегі тері өндірушілердің жұмысы жандана бастағанына 1 жыл ғана болған шығар. Себебі, алдыңғы жылдары дүниежүзі бойынша бұл салада тоқырау орын алған еді. Отандық кәсіпкерлер жан бағудың амалымен өзге салаға бет бұрды. Қаншама тері далада шіріп қалды. Экологиялық зардап туындады. Мұның бәрі — қалыпты құбылыс. Кез келген саланы алып қарасақ, құлдырауды бастан кешеді. Ендігі жерде тері өңдеушілердің аяққа тік тұруына зор қолдау қажет. Мемлекет тарапынан ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие берілсе, шетелден тасымалданатын химиялық қоспалар мен қондырғыларға салынатын кедендік баж салықтары алынып тасталса, инфрақұрылым мәселесі қолға алынса, тері өткізушілерге субсидия қарастырылса, тағы да басқа көмектер көрсетілсе, салаға серпін берері сөзсіз. Өзімізді аяқкиіммен толықтай қамтамасыз етуге де болады. Алысқа бармай-ақ, көрші Өзбекстанды мысалға алайық. Онда саланы дамытуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесінде, тері өндірісінің қуаттылығы 800 пайызға артты! Олар теріні шикі зат түрінде сыртқа шығаруға тыйым салып, шетелден әкелінген қондырғылар мен химқоспалар үшін салынатын кедендік баж және қосымша құн салығын алып тастады. «Жаңа Қазақстан» деп ұрандап жатырмыз ғой. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың да жоба-жоспарлары жасалуда. Бұл ретте ел басқарып отырған азаматтар тері өндірісінен теріс айналмай, өміршең бағдарламаларды іске қосса екен. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда төрт түліктің терісін ажырата алмайтындар соңғы шешімдерін қабылдап жатады, – дейді Н.Нүптекеев. Иә, саланы дамыту үшін кешенді жоспар қажет. Ең әуелі терінің сапасын арттыру маңызды. Ол үшін төрт түлікке екпе егу шаралары жүйелі жүргізілгені абзал. Түптеп келгенде малдың тұратын жері, жем-шөбі, қалай сойылатыны терінің сапасына кәдімгідей әсер етпек. Тұрғындардан жүнді өзі жинап, шағын цехта кәсібін дөңгелетіп отырған «Мұстафинов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Руслан Мұстафиновпен таныстық. Цех Кенжекөл ауылында орын тепкен. Бұл кәсіп маусымдық болғандықтан, қазір өндіріс тоқтап тұрған көрінеді.
— Облыстың түкпір-түкпірін аралап, жүн жинаймын. Кейін цехта өңдеп, киіз, байпақ, қолғап шығарамыз. Бастысы – сұраныс бар. Жүннің сапасына қатты мән бермеймін. Десе де, күзгі уақытттағы жүннің сапасы жоғары. Кейбір ауылдарда жергілікті әкімдер жүн жинау ісін ұйымдастырып, барынша атсалысады. Тұрғындар тарапынан да қызығушылық артып келеді, — дейді Р.Мұстафинов. Әрине, ауылдағы мал ұстаған ағайын үшін жүнді қоқысқа тастағанша, аз болса да пайда көрген тиімді. Мәселен, алдыңғы жылдары Екібастұз өңіріндегі бірқатар ауылдың тұрғындары жүнді молынан өткізіпті. Шиқылдақ ауылынан 2900 келі, Әлкей Марғұлан атындағы ауылдан 1600 келі, Қоянды ауылынан 1000 келі, Төртқұдық ауылынан 2000 келі және Теміржол ауылдық округінен 500 келі жүн жиналған. Сайып келгенде 8000 келі жүн үшін тұрғындарға 400 мың теңге қаражат беріліпті. Керемет емес пе?
Денсаулыққа зиянды
Шынымен де, бүгінде медицина мамандары ХХ ғасырдың адамзат баласына әкелген үлкен бір дерті — аллергендермен қоздырылатын аллергия кеселі жайлы жиі айтып жүр. Түгі полипропилен және полиамид талшығынан жасалатын ковролиннің мықтылығы мен төзімділігіне тең келер төсеніш жоқ шығар, бірақ жылылығы мен денсаулыққа пайдалылығы жөнінен қазақ қойының жүнінен жасалған текемет пен алашаға жетпейтіні анық. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың халық емшілері ақ киіздің емдік қасиетін, қой жүні мен түйенің шудасын сарсулы сүйек сырқатын емдеу кезінде кеңінен пайдаланған. Қазіргі әлеуеті озық елдер суыққа төзімді киімнің, жамылғыштың ішін әрі жеңіл, әрі жылылық сақтайтын, су өткізгіштігі жақсы, тез құрғайтын, жорғалаушы қоздырғыштар жоламайтын синтетикалық қиыршық талшықтардан жасалатын холлофайбер, тинсулейт, изософт, син-
тепон материалдарымен толтырып, синтетикалық бұйымдарды көбірек пайдаланады. Қойдың жүні бұдан пайдалы емес пе?
Түйін:
Моңғол малшылары осы күнге дейін бір жапырақ тері, бір уыс жүнді далада қалдырмай, пайдаға асырады екен. Айтпағымыз, аймағымызда байпақ басатын шағын цехтар ашылса жақсы болар еді. Шикізат жеткілікті. Бұрындары жүнге субсидия берілетін, қазір ол жоқ. Қырқылған жүннің шығыны көп, өтеуі арзан. Мүмкін жүн өнеркәсібін дамыту үшін субсидияны қайта іске қосу керек пе?