Қазір қолданыста бес мың теңгелік банкноттың екі түрі бар: бірі – 2011 жылы қабылданған түрі, екіншісі – былтыр айналымға енгізілген сақ стиліндегі жаңа купюра.
Бес мың теңгеліктің ескі банкнотасы осы жылдың 24 қыркүйегіне дейін ғана қолданыста болады. Яғни, осы уақытқа дейін онымен төлем жасауға, қызмет ақысын өтеуге толығымен мүмкіндік бар. Ал 25 қыркүйектен бастап сауда, басқа да қызмет көрсету орындары бұл банкнотты қабылдамайды. Бірақ тұрғындар оларды екінші деңгейлі банктер, «Қазпошта» мен Ұлттық банк филиалдарына барып, жаңа банкнотаға еш қиындықсыз ауыстыра алады.
— Ескі және жаңа банкнот-тардың айналымда қатар жүруі — қалыпты құбылыс және ол әдетте бір-екі жылға жалғасады. Осы уақыт аралығында ескі ақша біртіндеп айналымнан шығады. Оған алаңдауға негіз жоқ. Ақшаның құны сол қалпы қалады. Тіпті, екі-үш жылдан соң ескі бес мың теңгелік ақшаңыз қалса, Ұлттық банк филиалдарында жаңасына ауыстырып алуға болады, — дейді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк өкілдері кейбіреулер дәл осы ескі бес мың теңгелік банкноттың жалған түрін жасауға бейім екенін де алға тартты. Сондықтан былтыр сақ стилінде жаңа бес мың теңгелік айналымға шыққан еді. Енді ол бұрынғы банкнотты толығымен алмастырады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.