4G байланыс буыны қазір ел азаматтарының 85 пайызы үшін қолжетімді болып тұр. Ол дәстүрлі байланыстан өзге цифрлық банкингтің лайықты деңгейде жұмыс істеуі үшін және мемлекеттік цифрлық қызметтерді пайдалану үшін қолжетімді. Ал байланыстың бесінші буыны – 5G желісін азаматтардың 15 пайызы тұтынып отыр.

 

Цифрлық даму, инновацияларжәне аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және ұялы байланыс операторла-рының өкілдері елімізде ұялы байланыстың қолжетімділігі мен сапасына қатысты мәселелерді талқылау барысында осындай деректерді келтірді. Қазіргі уақытта байланыс операторларының жұмысы қосымша құрылғылар орнатуға және қазіргі жабдықтарды жаңғыртуға, сондай-ақ өңірлерде ұялы байланысты дамытуға бағытталған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, Астанада қосымша құрылғылар орнатуды қажет ететін 600-ден аса орын бар. Оның 39-ы бойынша мәселе шешілді. Тиісті жұмыстар өңірлерде де жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, салалық ведомство әкімдіктермен, ұялы операторлармен бірлесіп жол картасына қол қояды. Алдағы бес жылда 5G желісі бойынша 3 мыңнан аса базалық станса құрылуға тиіс. Бұл – 5G бойынша өткізілген аукциондардың нәтижесі.

– Биыл біз республиканың үш қаласында 5G желісін құрамыз. Қазіргі кезде 200-ден аса базалық станса Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және тағы басқа қала-ларда құрылған, – деді «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асхат Өзбеков. «Beeline Қазақстанның» бас атқарушы директоры Евгений Настрадин 250 және одан артық халқы бар елді мекендердің барлығында келесі жылдың соңына дейін үш ұялы байланыс операторы болатынын және клиенттер өз таңдауын жасайтынын жеткізді. «Біз 6 облыспен 250-ден аз адам тұратын елді мекендерге мобильді интернетті қалай тартуға болатыны туралы жол картасына қол қойдық. Бұл қиын, әрине. Дегенмен мемлекеттік бағдарламалар бізді жақсы ынталандырып отыр», деді ол. Сонымен қатар ол былтыр компания тұрғындардың келіспеушілігіне байланысты үйлер мен ғимараттардың шатырларынан 300 базалық стансаны бөлшектеуге мәжбүр болғанын да айтты. «Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» компаниясы былтыр аукционда жеңіске жетіп, 5G технологиясын орнатуға мүмкіндік алды. Бірінші кезекте бұл өсіп келе жатқан трафикті тиімді өңдеуге жол ашпақ. «Адамдарда трафиктің сапасына қатысты проблемалар болмас үшін жаңа технологияларды енгізу қажет. Бұл тұрғыда ең әлеуеттісі – 5G. Бүгінгі таңда 5G желілерін пайдалана алатын клиенттер саны шамамен 15 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш ай сайын өседі», дейді «Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» бас директоры Сергей Коньков. Өз кезегінде «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асхат Өзбеков мемлекет тарапынан рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету, ал қоғам тарапынан мобильді байланысты бірінші қажеттілік құралы ретінде түсініп, қабылдау бойынша қолдаудың болғаны маңызды екенін атап өтті. Телекоммуникация индустриясының өкілдері ғимараттарды жаңа инфрақұрылыммен жабдықтау қалалардың инфрақұрылымдық кодына айналуға тиіс деп санайды. «Қазақтелеком» АҚ инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов компанияның бүгінде 1 700 мың абонентке қызмет көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, оптикалық желіде 1 абонент секундына шамамен 3,7 ТБ тұтынады. Яғни, бір клиенттің трафигі айына 300 ГБ-тан асады. Еуропада бұл көрсеткіш шамамен 270 ГБ-ты, АҚШ-та 580 ГБ-ты құрайды. Жалпы, елімізде тұтыну нормалары өте жоғары. Компания жаңа желілерді, атап айтқанда, ұялы байланысты дамыту үстінде. «Жиілік сызығымен жоғары қозғалыс, яғни миллиметрлік диапазонға көшу ұялы байланыс операторларын үй-жайларға көшуге мәжбүр ететінін түсіну керек. Ал бұл — ауқымды жұмыс», дейді ол. Оның пікірінше, реттеушінің ғана емес, басқа да мемлекеттік органдардың күш-жігері қажет. «Олар да атсалысып, стандарттар мен нормаларды қайта қараса дұрыс болады. Тиісінше, барлық жаңа ғимарат, құрылыс жаңа инфрақұрылыммен жабдықталуға тиіс. Бұл қалалардың инфрақұрылымдық кодына айналуы керек», деді Н.Мейірманов. Вице-министр Асхат Оразбектің айтуынша, ведомство бизнес және әкімшілік ғимараттар иелерінің ұялы байланыс операторларына кіріп, жабдықтарды орнатуға, сондай-ақ осындай ғимараттардың ішінде сапалы байланысы бар сымсыз желілерді тартуға мүмкіндік беру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекітуге бастамашылық жасайды.

– Мамыр айында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға түзетулер енгізілді. Оған сәйкес базалық стансаларды орнату үшін тұрғындардың 50 пайызы қолдауға тиіс. Бұған дейін тұрғындардың 70 пайызының келісімі қажет болатын. Сондай-ақ біз телекоммуникациялық жабдық орнату туралы шешім қабылдауды үйдің кеңесіне тапсыру бойынша қосымша түзетулер енгіздік. Бұлар Мәжілістің қарауында, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комите-тінің төрағасы Ержан Мейрамов. Министрлік 5G желісін сату аукционының нәтижесінде жаңа оператор пайда болуы мүмкін екенін де мәлімдеді. Комитет төрағасының айтуынша, ведомствоның жалпы реттеуші ретіндегі басты мақсаты – бәсекелестік орнату және оны одан әрі дамыту. «Осыған байланысты екі мәселені айтып кеткен жөн. Біріншіден, Үкіметтің «Қазақтелекомның» ішінен екі мобильді оператордың біреуін шығару туралы нақты тапсырмасы бар. Қазіргі таңда инвесторлармен жұмыстар жалғасып жатыр», деді Е.Мейрамов. Сонымен қатар, жыл соңына дейін осы 5G желісін сату мақсатында тағы да аукцион ұйымдастыру жоспарланып отырғанын, егер сол жақта басқа бір инвестор жеңіп алса, жаңа бір байланыс операторының пайда болуы әбден мүмкін екенін айтты.

Өз тілшіміз.