Алдағы уақытта отандық ғылым саласына бұрын-соңды болмаған жаңашылдықтар енгізіліп, жоғары оқу орындарында бірқатар өзгерістер орын алады деп жоспарлануда.

Сонымен, ғалымдар мен студенттерді не күтіп тұр? Елдегі соңғы оқиғаларды оқырманмен бөліскенді жөн көрдік. 

 

Жаңа заң қабылданды

Жақында Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялық саясат туралы заңға қол қойды. Жаңа құжат отандық ғылым саласына қандай жаңалық әкелмек? ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, біріншіден, ғылыми зерттеулерді іске асыруға ұсынылатын негізділік пен технологиялық дайындықты (TRL) бағалаудың жаңа тетігі енгізілетін болады. TRL ғылыми-өндірістік цикл мен коммерцияландырудың барлық кезеңін қолдауға мүмкіндік беретінін көпшілік біле бермейді, дейді министр. Екіншіден, ғылым қорының технологияларды коммерцияландыру жөніндегі ұлттық агенттік ретіндегі мәртебесі арта түседі. Үшіншіден, ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын құра отырып, ғылыми жетістіктерді, инновациялар мен жаңа технологиялар нарығын мониторингтеу мақсатында мәліметтерді жинау, өңдеу және талдау бойынша жаңа тетік енгізіледі. Төртіншіден, жас ғалымдарға жеңілдікпен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бесіншіден, заң ғылымды басқару құрылымын жетілдіреді. Сол арқылы жергілікті атқарушы органдарға ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, гранттық қаржыландыру есебінен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру құқықтары беріледі.

 

Грант саны артты

2024-2025 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырыс бойынша 112 мың грант бөлінген. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті жария етті. Аталған ақпарат бойынша бакалавриатқа 79 мыңға, магистратураға
13 мыңға жуық, докторантураға 2 мыңға таяу грант қарастырылған. Білім гранттарының басым бөлігі инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына бөлінгені белгілі болды. Олардың саны 19 344 грантты құрайды. Ал педагогикалық мамандықтарға – 13 735, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына – 10 903, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағытына – 8 288 грант берілген. Бұдан бөлек, биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар 300 сараланған грант үлестірілмек. Оқу ақысының 50 пайызы төленетін мұндай гранттарды тасқын су салдарынан жапа шеккен өңірлердің талапкерлері иелене алады. Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түсетіндерге 3 903 грант ұсынылмақ. Оған оңтүстік өңірдегі ауыл жастары үміткер бола алады.

 

Жатақхана жайы қалай?

Биыл жоспар бойынша студенттерге 10 576 орынға арналған 27 жатақхана пайдалануға беріледі деп күтілуде.

ҚР Ғылым және жоғары білім минис-трлігінің ақпараты бойынша 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білімді және ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес жыл сайын 10 мың орындық жатақхана ашу көзделген. Мәселен, 2018-2023 жылдары 50 966 орындық 211 жатақхана, оның ішінде 34 296 орынға арналған 128 жатақхана жоғары оқу орындарының студенттері үшін, 16 670 орындық 83 жатақхана колледж студенттеріне тапсырылған. Ал ағымдағы жылы жоғары оқу орындарының студенттері үшін 19 (8 473 орындық), техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушыларына арналған 8 (2 103 орындық) жатақхананы пайдалануға беру қарастырылған. Соның нәтижесінде, жатақханаларда орын жетіспеушілігі мәселесі біртіндеп оң шешімін таппақ.

Бүгінде ҚР Үкіметінің әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында студенттік жатақханалар салу жұмыстары сәтті жалғасуда.

 

Бес орталық құрылады

Бірнеше жылдың ішінде Қазақстанда бес ғылыми-өндірістік орталық құрылып, өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жария етті.

– 2029 жылға дейінгі Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасында «Университет ғылымы» деген бөлім бар. Онда үш негізгі бағыт көрсетілген. Атап айтар болсақ, ғылыми-технологиялық және инжинирингтік парктер құру, университеттер мен ғылыми ұйымдарды интеграциялау, эндаумент-қорларды қалыптастыру. Бірінші бағыт аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды іске асыратын бес ғылыми-өндірістік орталық құрылады. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің даму бағдарламасы бойынша инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабы құрылатын болады, – делінген министрліктің ақпаратында. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ғылыми зертханалар мен тәжірибелік сынақ инфрақұрылымын дамытуға гранттар бөлініп, университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді қолдау бағдарламасы әзірленеді деп жоспарлануда. Ал екінші бағыт бойынша елдегі жоғары оқу орындарының әлемдік ғылыми орталықтармен әріптестігін нығайту арқылы отандық ғылымды халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялау күшейтілмек. Үшінші бағыт бойынша университеттер жанындағы эндаумент-қорлар мәдениетін қалыптастыру көзделген.

 

Қытай тілі оқытылады

Бұдан былай елдегі ұлттық университеттерде қытай тілін оқытатын кафедралар ашылатын болады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, елордадағы ШЫҰ-ға мүше елдердің басшылары бас қосқан жиында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы ғылым-білім саласында бірқатар келісімге қол қойған. Сол бойынша елдегі ұлттық және мемлекеттік университеттерде қытай тілін оқыту үшін арнайы кафедралар құрылмақ.

– Бакалавр, магистратура мен докторантурада оқып жатқандарға қытай тілін екінші тіл ретінде ұсынатын боламыз. Қытай – экономика, сауда жағынан серіктес ел. Сондықтан Қытайдың тарихын, тілін, мәдениетін біз тереңінен түсінуіміз керек. Тағы бір келісім, Сәтбаев университетінің негізінде Гонконг университетінің филиалы ашылады. Онда жасанды интеллект, архитектура, ақылды көлік, тағы сол сияқты салалар бойынша білім беріледі. Аталған Гонконг қалалық университеті – өте тез дамып келе жатқан жоғары оқу орны, әлемдегі үздік 100 университеттің қатарына кіреді. Биыл қыркүйекте университет филиалы есігін ашады, – деді министр.

Айта кетерлігі, бүгінде Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам қазақ білім алуда. Жыл сайын аспанасты еліне баратын қазақстандық студенттер көбеюде. Осы орайда Мемлекет басшысы үкіметтік грант санын көбейту, Қазақстан аумағында қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын ашу мәселесі назарға алынатынын атап өтті.

Нұржайна ШОДЫР.