Отандық ғылым саласының жылдан-жылға өркен жайып келе жатқаны байқалады. Мамандардың айтуынша, бүгінде жоғары білім мен ғылымды дамытуға бағытталған
бастамалар мен жобалар біртіндеп өз нәтижесін беруде. Бұл — қуантарлық жағдай, әрине. 

Қазақстандық ғылым жүйесіндегі соңғы жетістіктер мен жаңалықтарға шолу жасап көрген едік.

Оң баға берді

Естеріңізде болса, осыдан біршама уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдап, осы саланың жұмысымен таныс болған еді. Сол кездесуде министр ғылым саласында орын алған ең басты жетіс-тіктермен бөлісті. Атап айтар болсақ, бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 25 филиалы ашылған. Яғни, шетелдік серіктестермен аймақтардағы мемлекеттік университеттерді халықаралық білім беру стандарттары бар зерттеу университеттеріне айналдыру туралы келісімшарттар жасалып, біртіндеп жүзеге асуда. Сондай-ақ, жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берілген. Осы мақсатта 8 жоғары оқу орнында 15 білім беру бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласын оқуда. Бұдан бөлек, жасанды интеллект мамандарын даярлау үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы жыл сайын 100 стипендия бөлу жоспарланған. Цифрлық экономикаға бейімделген кадрлардың әлеуетін дамыту үшін Google, Nvidia, Coursera, 01 Edu System және Huawei сияқты трансұлттық компаниялармен де ынтымақтастық қарым-қатынас орнатылып, нақты іс-шаралар қолға алынуда.

Ел Президенті отандық ғылымға оң баға беріп, ендігі кезекте жатақханалар салу, жоғары білім мен ғылым инфра-құрылымын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Академиялық орталыққа айналады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы университеттер жергілікті деңгейде де, жаһандық деңгейде де трансформациялануда.

— Университеттердің бірінші миссиясы – оқыту, екіншісі – зерттеу мен ғылым және үшіншісі – әлеуметтік миссия. Соңғы 50 жылда көптеген тұжырымдамалар пайда болды. Бүгінгі таңда академиялық орта мен бизнес бір-бірімен тығыз байланысты. Ал Қазақстанның универ-ситеттері жергілікті қоғамдастықтың даму орталықтарына айналуда, — деді министр. Сондай-ақ, ол университеттер тек білім беру мен ғылыми орталықтар ғана емес, ел үшін экономикалық тірек болып отырғанын да атап өтті.

— Қазақстан қазір тұтас Орталық Азия аймағы үшін академиялық орталық ретінде өзін танытуға, белсенді ілгерілетуге тырысуда. Біздің аймақта екі миллиард адам тұрады. Бұл әлем-дегі ең жас аймақтардың бірі, халықтың миллиардтан астамы – 25 жасқа дейінгі жастар. Сондықтан біз қазір көптеген университеттерді шақырып жатырмыз. Университет тек оқу немесе ғылыми зерттеулер жүргізу орны ғана емес, экономикалық тірек те болып отыр. Ол инвестиция әкеледі, адамдарды, жаңа студенттерді, таланттарды тартады, — деді Саясат Нұрбек.

Қазақстандық ғалымдар жоғары білім беру саласында жүріп жатқан жаһандық үрдістер бұдан былай университеттерді халықаралық, ұлттық, өңірлік деген деңгейлермен шектемей, халықаралық деңгейге ұмтылу арқылы қоғамдағы бейнесін өзгертіп жатқанын айтуда.

Әлемдік рейтингке енді

Биыл Қазақстанның 4 университеті әлемдік озық оқу орындарының рейтингіне енді. Атап айтар болсақ, олар — Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті және Сәтбаев университеті.

Назарбаев университеті «Білім беру» санаты бойынша 251-300 диапазонында ерекшеленді. Бұл оның осы саладағы мұғалімдерді даярлау мен академиялық зерттеулердегі көшбасшылығын айқындайды, дейді мамандар. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 1201-1500 диапазонына жайғасып, «Оқыту» және «Халықаралық көзқарас» санаттарында айтарлықтай жетістіктер көрсеткен. Сол сияқты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де 1201-1500 диапазонында өз позициясын сақтап, «Оқыту» және «Дәйексөздер» санаттары бойынша бағалауда аздаған өзгерістер орын алған. Сонымен қатар, былтыр 1501+ диапазонында болған Сәтбаев университеті де өз орнын сақтап қалды, бірақ «Халықаралық көзқарас» санаты бойынша көрсеткіштері жақсарған.

Рейтинг қорытындысы бойынша озық оқу орындарының көшін британиялық оқу орны бастап, бірінші орынға жайғасты. Оксфорд университеті тоғызыншы жыл қатарынан тағы да үздік деп танылды. Одан кейін АҚШ-тың Массачусетс технологиялық институты көзге түсті. Ал белгілі Гарвард, Принстон университеттері үшінші және төртінші орындарға ие болды. Кембридж университеті де өткен жылғы бесінші орнын сақтап қалды.

Атап өтерлігі, рейтинг авторы 20 жылдық тарихы бар Times Higher Education журналының жаһандық байланыстар жөніндегі бас маманы Фил Бэйти еуропалық оқу орындарын көштен қалып қоймауға үндеді. Ол әсіресе, Франциядағы 50 университеттің 19-ның рейтингі төмендеп, 10-ы тарихта болмаған нашар нәтиже көрсеткенін атап өтті.

Мамандар қазақстандық 4 универ-ситеттің әлемдік озық оқу орындар-ының қатарынан көрінуі үлкен нәтиже екенін айтады.

Сан емес, сапа өседі

Жыл сайын елімізде жоғары оқу орындарына бөлінетін грант саны артуда. Ал келесі жылдан бастап мемлекеттік білім грантының саны емес, сапасы мен көлемі артады деп жоспарлануда.

— Гранттардың саны ұлғайып келе жатыр. Оның өзіндік үрдісі, тәртібі бар. Біз демографиялық өсімді алдын ала қаперге алуымыз қажет. Сондықтан гранттардың санын жыл сайын сәл өсіріп отырамыз. Бірақ келесі жылдан бастап гранттардың санын емес, сапасы мен көлемін ұлғайтамыз. Гранттардың құны жыл сайын арттырылады, — деді Саясат Нұрбек. Оның атап өтуінше, бүгінде мемлекеттік білім грантының қосымша 4 тетігі әзірленген. Олар: сараланған грант, «Ұлттық қор – балаларға!» жобасы, пайызсыз несие жүйесі және «Келешек» жинақтаушы» жүйесі.

— Біздегі басты мақсат – ҰБТ-да шекті балдан жоғары балл жинау. Мамандық та, университет те маңызды емес. Таңдау жасаймыз, бірақ, грантқа ілігу – басты мақсат. Шетелде талапкер армандаған жоғары оқу орнын және мамандық таңдайды. Оған ерте дайындалады. Бізде жоғары балл алған талапкер қалаған мамандыққа түсе аламын деп ойлайды. Халықаралық қатынастар, халықаралық құқық, стоматологияны таңдайды. Немесе дене шынықтыру мамандығын құп көреді. Өйткені, оған шығармашылық емтиханмен қабылданады және 1 курстан кейін басқа мамандыққа ауысып кетуге мүмкіндік бар. Айталық, 115, 120 балл жинаған бала аз грант берілген, конкурс өте жоғары мамандықты таңдайды. Бір мысал келтіре кетейін. Биыл стоматологияға 30 грант бөлдік. Бір грантқа 35 адам таласты. Ал гранттардың басым бөлігі педагогика, инженерия, ақпараттық технология, ветеринария, орман, ауыл шаруашылығы, жылу энергетикасы сынды мемлекетке қажетті мамандықтарға берілді. Яғни, кәсіптік бағыттау жағы әлі түзелген жоқ, жүйеге келтіре алмадық, — деді министр.

Нұржайна ШОДЫР.