Бұдан былай қазақстандық жастар шекара аспай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарына түсе алады. Өйткені, еліміздің бірқатар өңірінде өзге мемлекеттің жетекші университеттерінің филиалдары ашылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылы Қазақстанда шетелдік 11 университеттің филиалы өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда.
— Биыл өте мықты университеттердің филиалдары ашылады. Атап айтар болсам, олар — әлемдік рейтингте
200 үздік оқу орнының қатарына кіретін Ұлыбританиядағы Кардифф университеті, Эсетер, Шотландиядағы Глазго университеті және KAIST (Korea Advanced Institute of Science and Technology) институты. Бұл оқу орындарының барлығы әлемдегі рейтингі жоғары университеттердің қатарында, — деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Ағымдағы жылы Қазақстанда ашылған шетелдік университеттердегі 34 түрлі мамандық үшін 2090 мемлекеттік білім беру грантын бөлу қарастырылған. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, шетелдік университеттерге түсудің өз тәртібі бекітілген. Ол үшін талапкерлерге алдымен ҰБТ қорытындысы қажет, одан кейін шетелдік университеттерде бейіндік тест пен шет тілінен емтихан тапсырады. Егер үміткер аталған сынақтардан сүрінбей өтсе, тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады.
Атап өтерлігі, бұған дейін елімізде 20-дан астам шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылған болатын. Олардың қатарында Бейжің тіл және мәдениет, Лотарингия, Анхальт, Гонконг, Хериот-Уотт, Ковентри, Берлин және басқа да белгілі университеттер бар. Сонымен қатар, соңғы жылдары елімізде басқа мемлекеттен келген студенттер саны артуда. Министрліктің ақпараты бойынша тек былтыр Қазақстанға 31 мыңнан астам шетелдік студент оқуға келген.
— Азиядан келген студенттердің саны алғаш рет ТМД елдерінен келген студенттердің санынан асып түсті. Бүгінде бізге білім алу үшін 93 елден жастар келді. Біздің стратегиямыз, бағыт-бағдарымыз бен Қазақстанды аймақтағы академиялық хаб ретінде орналастыруымыз өз жемісін бере бастады. Біздің KPI 2028-2029 оқу жылында 100 мың шетелдік студентке қызмет көрсетеді. Егер олар Қазақстанда орта есеппен 10 мың доллар қалдырса, бұл қазірдің өзінде 100 млн долларды құрайды деген сөз. Халықаралық статистика бойынша бір шетелдік студентке 1,3 жұмыс орны болса, мыңдаған шетелдік студент 1300 жұмыс орнын ашады, — дейді Саясат Нұрбек.
Нұржайна ШОДЫР.