Ғалымдар грант иеленді

Нау 7, 2025

Елімізде отандық ғылымды дамытуға баса көңіл бөлінуде. Осы мақсатта 2025-2027 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша жастардың ғылыми жұмыстарын гранттық қаржыландыруға арналған республикалық байқау өткен болатын. Оған облысымыздан қатысқан 5 ғалым жеңімпаз атанып, қомақты қаражатқа қол жеткізді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған конкурс экология, қоршаған орта, энергия, озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар, елдің зияткерлік әлеуеті, өмір және денсаулық туралы ғылым, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс бағыттары бойынша өткізілген. Оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас ғалымдардан 580 өтінім түсіп, оның 154-і талаптарға сәйкес келмегені үшін байқауға жіберілмеген екен.

Бірнеше айға созылған ғылыми конкурстың қорытындысы бойынша облысымыздағы Торайғыров универ-ситетінің 5 жас ғалымының ғылыми жобасы үздіктер қатарынан көрінді. Оларға қолға алған ғылыми жұмысын ары қарай жалғастыру үшін қомақты грант берілген. Нәтижесінде, қазақстандық ғылым қоржыны тағы да жаңа жобалармен толықпақ.

Сонымен, жеңімпаздар қатарынан көрінген жерлестерімізге жеке-дара тоқталар болсақ, «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс», «Көлік құрылысы» білім беру бағдарламаларының басшысы, PhD докторы Қуаныш Тоқтарбекұлы Мақашев 24 млн 799 мың теңгенің грантын ұтып алды. Жас ғалым «Ғимараттарды кешенді нығайту және термодернизация: қос эффектісі бар біртұтас интеграцияланған жүйе» деген тақырыптағы жобасын ұсынған. Ал «Металлургия» кафедрасының магистрі әрі аға оқытушысы Алмат Мұқанұлы Әубәкіров 29 млн 835 мың теңгенің грантын иеленді. Ол «Ферроқорытпа өнеркәсібінің қажеттіліктері үшін кондициялық емес көмірден арнайы кокс өндіру технологиясын әзірлеу арқылы Қазақстанның көмір ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру» деген тақырыптағы жобасымен қатысқан. Өндірісті өңіріміз үшін де бұл еңбектің маңыздылығы зор екені сөзсіз. Келесі жеңімпаз — тағы да «Металлургия» кафедрасының магистрі, аға оқытушы Алмат Айтасұлы Каменов. Ғылымға бет бұрған жас маманға «Алюминий электролиздерінің анодтарын құю үшін шойынның қасиеттерін зерттеу және химиялық құрамын оңтайландыру» атты жобасы үшін 28 млн 439 мың теңгенің гранты бұйырды. Павлодарлық төртінші жеңімпаз «Биология және экология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Зарина Мұхтарқызы Сергазинова. Аталмыш конкурсқа қатысқан ол «Қазақстанның солтүстік-шығысындағы сүтқоректілердің аңшылық-кәсіпшілік түрлерінің таралуы мен қорын геоақпараттық модельдеу және картографиялау» тақырыбындағы жобасы үшін 29 млн 582 мың теңгенің гранттық қаржыландыруына қол жеткізді. Сондай-ақ, «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Жамиля Корғанбекқызы Фазлутдиноваға «Инверсиялық вольтамметрия әдісімен модификацияланған көміртегі бар электродтардағы минералды шикізаттағы асыл металдарды анықтау» атты жобасы үшін 29 млн 871 мың теңгенің гранты берілді.

Үлкен ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында осындай дәрежеге жеткен жерлестерімізге сәттілік тілей отырып, отандық ғылымға қосар үлестеріңіз мол болсын дейміз.

Нұржайна ШОДЫР.

 

WhatsApp