Әлем тарихындағы қиян-кескі соғыстар шовинизммен уланған, фашизм дертіне шалдыққан басқыншы елдердің зұлымдық саясатының салдары екені белгілі. Кешегі өткен екінші дүниежүзілік соғыста миллиондаған адам шейіт, мыңдаған жан мүгедек болды. Осы сұрапыл соғысқа 1941-1945 жылдары Қазақстаннан майданға 1 млн 200 мыңға жуық адам аттанды. Оның жартысынан астамы отбасына оралмады. Қаншама адам із-түзсіз жоғалып кетті. Халқымыздың басынан өткен жойқын қайғы-қасірет туралы талай естеліктер, өлең, жырлар жазылып, кинофильмдер түсірілді.
Біздің ұрпақ бұл қырғын оқиғаларды кинолардан көріп, соғыс ардагерлерінің естеліктерінен ғана біліп өстік. Әлі есімде, елге аман-есен оралған ардагер ағала-рымыз Жеңіс күнін күрсініспен қарсы алып, бастарынан кешкен қиыншылықтарын айтқанда жанымыз түршігетін. Бұл жеңіс – елін қорғап, жан беріп, қанын төккен Отан қорғаушылардың, бүкіл халқымыздың ерекше ерлігі мен өрлігінің нәтижесі. Міне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толып отыр.
Осы бүкілхалықтық мереке қарсаңында көзіме «Ана аясы» атты баллада-дастан шоқтай басылды. Оның авторы Ілияс Оспанов — соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Ақсу қаласының Құрметті азаматы. Ілияс Оспанұлы 1923 жылы 5 қаңтарда Лебяжі ауданы Қаракесек (Қызылқоғам) ауылында дүниеге келген. Соғыс ардагері, 1-ші және 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» сынды көптеген орден-медальдар иегері, майдангер-офицер. Соғыстан соң елге орала сала ұстаздық қызметін жалғастырып, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Қызмет бабымен Ақсу қаласына ауысып, аталған қызметтерін жалғастырып, зейнеткерлікке шыққан. Табиғатынан дарыған қабілет-қасиеттерінің арқасында «Өмір өрнектері» және «Сыр сандық» атты өлең жинақтары, «Полковник Баймолдин» туралы деректі дастан жазып, өшпес із қалдырған айтулы қаламгер. Одан дәріс алған мыңдаған шәкірті ұстазымыздың жарқын бейнесін ұмытпаймыз.
Ал «Ана аясы» дастанының кейіп-кері Арыстамхан Жұбақанұлы — автордың ауылдасы, замандас майдангер құрдасы. Ол 1924 жылы 12 қаңтарда Лебяжі ауданы Тілектес ауылында туған. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін ұжымшарда әртүрлі жұмыс істеген. Сол кездегі елдегі бейбіт өмірді автор былай деп суреттейді:
«Той-думан құрып жатыр жастар елде,
Жаңғырып ойы-қыры асқар белде.
Әзілшіл қыз-бозбала қағысқан сан,
Думаны қызып жатты сауықшы елдің,
Ішінде соло думанның Арыстамхан».
Өкінішке қарай, елдің бейбіт өмірін тұтқиылдан басталған соғыс тас-талқан етті. Арыстамхан замандастарымен бірге майданға аттанды. Ол 1942 жылы желтоқсан айында 1-ші гвардиялық 28 әуе десант атқыштар дивизиясының пулеметшісі ретінде Белгород қаласын, Украин жерлерін азат ету шайқастарына қатысады. Снаряд сынығынан басынан ауыр жарақат алып, есінен танады. Бұл 1943 жыл-
дың қаңтар айында Дичковка деревнясы маңында болатын. Жаудың күші басым болып, кеңес әскер-лері кейін шегінуге мәжбүр болады. Сөйтіп, ішінде офицерлері бар бір топ жауынгер тұтқынға түседі. Жеті тұтқын тиелген немістің жүк машинасы Кировоград облысы Миргород қаласына қарай бет алды. Қаңтардың қақаған сары аязынан әбден жаураған жендеттер імірт түсе Софиевка ауылына кіре бере жылынуды ойлаған оларға бір әйел ұшыраса кетеді. Ол осы елді мекеннің тұрғыны, мектеп мұғалімі Мария Покотилова еді. Жасынан сергек, сезімтал Мария Васильевна машина қорабындағы жаралы тұтқындардың дауысын естіп, олардың аянышты жағдайларын сезіп, ойына бір ізгі амал орала кетеді. Ол сөзге келместен көлікті өзі бастап үйіне алып келеді. Бірден жендеттерді жоғары шығарып, тезірек үстел жаяды. Сөйтіп, келген «меймандарына» жылы ишарат білдірген болып, Фюрерді мадақтап, жағдайды бақылап отырады. Аяздан тоңған, қарындары аш жендеттер бойлары жылынып, самогондар сіміріп, біраздан кейін масая бастайды. Марияның күткені де осы сәт болатын. Қарт әкесі Василийдің көмегімен тұтқындарды үйлерінің астындағы жертөлеге орналастырады. Сол мезетте үй маңындағы бақшаға снаряд жарылып, толқы-нынан терезелердің шынылары сынып, бөлменің ішін түтін басып кетеді. Одан зәре құттары қашқан «қонақтар» дереу көліктерімен зытып отырады.
Міне, содан 7 жауынгер бір апаттан аман қалып, Мария Васильевнаның мейірімі мен қамқорлығына көшеді. Ол әуелі жарақаттарын жуып, тазалап, қайтадан таңып, тамақтандырып, жатар орындарын сайлап, алғашқы санитарлық қызмет көрсетеді. Тағдырдың жазуымен әкелі-балалы отбасы жеті ұлмен толығып, «көпбалалы» жанұяға айналып шыға келеді.
Осылайша, өрімдей жас қыз жаралы жауынгерлерге көмектеседі. Дәрінің жоқтығынан оқушылардың көмегімен немістердің майданға жабдықтар жеткізетін арнайы көліктерінен дәрі-дәрмектерді қолға түсіреді. Сол арқылы жаралы жауынгерлер сауыға бастайды. Алайда, 28 күннен кейін ауыр жарақаттан Коршунов Иван қайтыс болып, оны жасырын түрде сарай ішінде жерлейді.
Дәрі-дәрмектердің жоғалуынан сезіктенген фашистер Софиевкаға жаппай тінту жүргізді. Осындай тексерістен қауіптенген Мария «мамо» өзінің алтын сақина, сырға, басқа әшекейлерін бұрыштағы
столға елеусіз тастай салған болады. Оны көзі шалған жасақ басшысы, неміс офицері бұйымдарды қалтасына сүңгітіп жіберіп, жендеттерін ертіп үйден шығып кетеді. Сөйтіп, жертөледегі жауынгерлер тағы бір апаттан аман қалады. Өміріне төнген қауіп-қатерлерде тайсалмаған Украинаның батыр қызы 1944 жылғы наурыз айында 5 жауынгерді Кеңес армиясына аман-есен тапсырады. Арыстамхан Жұбайханұлы денсаулығына байланысты әскери міндеттерінен босатылып, елге оралады. Жас майдангер шаңырақ көтеріп, ұрпақ өсіріп, Қызыл Қоғам кеңшары бөлімше басшысының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, бірнеше медальдар иегері, соғыс және еңбек ардагері 1994 жылы дүниеден озады.
«Ана аясы» аяқталды осымен,
Соғыс біткен, өмір көшкен қосымен.
Арыстамхан қан кешкелі қай заман,
Алғы сапта, қанды сапта досымен» — деп, дастанды аяқтаған автор, бұл шығарманы 1976 жылы жазып, 1996 жылы қайта баспадан шығарған екен.
Жау жеңіліп, соғыс бітті. Отанын қорғап қан төккен, азап шеккендер ұлықталды. Солардың қатарында Мария Васильевна Покотилова туралы «Солдатская мать», «По следам подвига» атты естеліктер Украина баспасөз беттерінде жарық көрді. 1967 жылы Арыстамхан Жұбайханұлы баласы Сұлтанғазымен (Боткен) 23 жылдан кейін Кировоград облысы Ново-Миргород қаласына келіп, «екінші анам» — деп құрметтеген Мария «мамосымен», жергілікті тұрғындарымен, оқушылармен кездеседі. Ол туралы жергілікті газетте «Здравствуй «Мамо» — деген арнайы репортаж берілді.
Міне, ерлік ешқашан ұмытылмайды деген осы. Ол туралы Ілияс Оспанұлы:
«Еш нәрсе де ұмыт емес, болмайды
Әттең, өткен өмір қайта толмайды.
Құрбан болған сол сұрапыл жылдарды,
Ерлерді атап, ақын талай жырлайды» — деп, тұжырым жасайды. Бұл — аксиома.
Иә, Ұлы Жеңіс күніне — 80 жыл. Бұл — аз уақыт емес. Осы кезеңде еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет атандық. Еліміз аман, халқымызға береке-бірлік берсін!
Қадыр ӘЖІМҰРАТҰЛЫ,
Аққулы ауданының Құрметті азаматы.