Биыл елімізде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтіледі. Алайда, бір өкініштісі, бүгінде сұрапыл соғысқа аттанып, ерлік көрсеткен ардагерлердің қатары азайып барады, ал олардың әрбірінің айтары біз үшін құнды дерек болып қалмақ. Қазіргі таңда облысымызда қан майданда от кешкен соғыс ардагерлерінің 6-уы ғана қалды. Солардың бірі – павлодарлық Николай Ступка. Ұлы Жеңістің мерейтойы қарсаңында ардагердің шаңырағында қонақта болып, естеліктерін тыңдап, ақ батасын алдық.
Николай Ступка 1927 жылдың 7 мамырында Украина елінің Харьков облысы Алексеев ауданы Кисели ауылында дүниеге келген. 1944 жылы Харьков облысындағы Қызыл Армия қатарына шақырылған. Жапония соғысына, Квантун армиясының бөлімдерімен шайқастарға қатысты.
Ардагерден соғысқа қалай аттанғаны және қан майдандағы сәттер туралы сұрай бастағанымызда ауыр күрсініп, көзіне жас үйіріле бастады. Бәлкім, сол уақыттағы ауыр сәттер есіне түсіп кеткен болар. Аздап демалып алды да, әңгімесін бастады.
— Ол уақытта қазіргідей бейбіт әрі тыныш заман болмады. Ер-азаматтар соғысқа аттанса, еңбекке жарамды қарттар, әйелдер мен бала-шағалар тылда еңбек етті. Мен өзім әскери қызметке 1944 жылы шақырылдым. Ол кезде 18-ге енді толған бозбаламын. Бүгінде Отанды қорғау деген жай сөз секілді естіледі. Алайда біздің уақытта бұл сөз бізге қаншама жігер сыйлап, бойымызға күш-қуат беретін.
Жапондықтарға қарсы соғыс барысында оларда да біздегідей қару-жарақ, БТР танкілер болды. Біз бір жақтан, олар екінші жақтан тұрды. Бірақ біздің жолымыз болды. Бірнеше рет қиындыққа тап болдық. Бірақ ойымызда елімізді, жерімізді қорғау болды. Көз алдымызда қаншама адам опат болды, кейбірі еліне жаралы болып аттанды. Одан кейін Қытайда әскерде қалдым, — деп еске алады Ұлы Отан соғысының ардагері.
Кейін қан майданнан елге оралған соң 1950 жылы Мәскеу түбінде, ІІМ-де техник болып жұмыс істеді. Араға бес жыл салып Павлодар қаласына көшіп келеді. Мұнда «Промстрой»-да мастер болып жұмыс істеп, сол жерден құрметті демалысына шықты.
— 1955 жылы Павлодар қаласына механиктер қажет деп мені осында жіберді. Ол уақытта комбайн зауыты жұмыс істейтін. Сол жерге жұмысқа орналастым. Содан бері бір кәсіпорында 32 жыл еңбек еттім, — дейді ол.
Николай Ступка сол бір қанды шайқас жылдарындағы ауыр сынақтарды ешқашан ұмытқан емес. Әлі күнге дейін есіне алып отырады. Ол кейінгі ұрпаққа соғыстың ауыр зардаптарын көрмеуін тілеп, бейбітшілік пен тыныштықтың мәңгілік болуын қалайды.
— Халқымыз аман болып, ауызбіршілікте өмір сүрейік. Тыныш заман болсын. Бейбіт өмір сүру – бақыт, ал сол бақыттың маңызы – халықтың тыныштығы мен амандығында, – дейді майдангер.
Сұрапыл соғысты өз көзімен көрген 97 жастағы соғыс ардагері Ұлы Жеңістің 80 жылдығын көремін деп ойламағынын айтады. Дегенмен, тәуекел етіп, елдің қамы үшін соғысқа қатысып, от пен жалыннан аман қалғанына шүкірлік ететінін жеткізді.
— Мұндай ұзақ жасқа келемін деп ойламадым. Бірақ Құдайдың қалауы шығар, биыл 98 жасқа қарадым. Көргендерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол заманды, зұлмат соғысты көргеніме қайран қаламын. Заман өзгерді, бірақ біздің көргеніміз тарих болып қалады. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – дейді майдангер.
Қан майданда көрсеткен ерлігі үшін Николай Ступка II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» және «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.