Ел үшін еңбек еткен ер

Мам 15, 2025

Ертіс ауданы Үлгілі ауылының қариясы Әміржан Нұркенов қиын-қыстау кезеңде өмірге келіп, ерте есейді. Соғыс басталған уақытта ол небары 12 жастағы бала еді. Ел азаматтары қару асынып, Отан қорғауға аттанған шақта бала болса да, ауыр жұмысқа араласады.

Жасы 96-ға келсе де, Әміржан ата соғыс жылдарындағы ауыр күндерді санасынан шығарған емес. Майдан даласына аттанған сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен елде қалған әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткені белгілі. Солардың қатарында Әміржан Нұркенов те бар еді. Ол  1929 жылы өмірге келіп, 1939 жылы мектеп табалдырығын аттайды. 12 жасынан ауыр жұмысқа жегіледі. Соғыс басталған жылы қаршадай бала колхозға жұмысшы болып орналасып, күні-түні бидай тартады. Оны кептіріп, шөп жинаумен  айналысты. Қара жұмыстан қашпады.

Соғыс аяқталғаннан кейін де зейнет жасына дейін 40 жыл көлемінде есепші болып еңбек етті. Сонымен қатар, совхозда мал бригадирі, жылқышы, мектепте от жағумен де айналысқан.

Әкесі Нұрке Оразалыұлы 1941  жылы қан майданға аттанып, 1943 жылы Сталинград шайқасында аяғына  оқ тиіп, елге  оралады. Әкесінің  балалық  шағы  Иса  Байзақовпен  бірге  өткен.

— Әкемнің  бойындағы өнері – шеберлігі еді. Ол қайыс тіліп, қамшы, жүген дайындаған. Теріні жылы күйінде тұздап,  кептіріп, илеп, қайыс  жасаған. Әкемнің қолымен жасаған заттың  бәрі  сақталып, балаларыма мұраға қалды, —
деп еске алады қария.

Әміржан Нұркенов 1958 жылы Сәтіш Смағұлқызымен  отбасын құрады. Ардақты ана өмірге 10 перзент әкеледі. Өкінішке қарай, екі сәбиі шетінеп кетеді. Меруерт, Ботагөз Серік, Алмагүл, Тілектес, Ерболат, Мұрат, Жасұлан есімді балаларын  еңбекке ерте баулып, жақсы істерге үйретеді. Бүгінде ұрпағы өз алдына жеке отбасын құрып, шаңырақ көтергенін мақтан тұтады.

Әміржан ақсақал 1992 жылы зейнетке шығады. Үйде отырып қалмай, есік алдына қайың ағаштарын отырғызып, оны баптап-күткенді ұнатады. Үйдегі тірлік те ақсақалдың басшылығымен жүргізіледі. Жұбайы Сәтіш апа екеуі — бір шаңырақ астында 60 жыл өмір сүріп, Гауһар той жасаған өнегелі отбасы.

— Біз  соғыс жылдары дүниеге келген ұрпақпыз. Ашаршылық та бізден айналып өтпеді. Ол кезде үстімізге таңдап киетін киім де, талғап ішетін тамақ та болмады.  Кейін ес біліп қалған кезде соғыс басталды. Бар жиған-тергеніміз соғыстағы жауынгерлерге тиесілі еді. Соқамен жер жыртып, сабан айдайтынбыз. Қара жұмыстан қашпадық. Азаттықты ғана аңсадық… Жеңіс үшін тер төгіп, жеңіс үшін жігерлендік. Әкелеріміз Отанды қорғаса, біз елде отырып оларға тілекші болдық. Біз көрген бейнетті ұрпағымыз көрмесін. Еліміз өсіп, өркендей берсін, — деп ақ тілегін білдірді қария.

Бүгінгі бейбіт өмір қан майданда кеудесін оққа тосқан жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі екені ақиқат.

Айдана ҚУАНЫШЕВА,

Ертіс ауданы.