«Ерлермен қатар ерлік таныттық»

Мам 15, 2025

Қай заманда да соғыс, Отан қорғау — ер азаматтың ісі. Әйтсе де, бұл заң бұзылып, әйел қауымын да иығына қару асынуға мәжбүр қылған уақыттар болған. Кешегі төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысында қыз-келіншектер де Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосып, майдан даласында ерлігімен ерекшеленген. Солардың бірі — Мария Алексеевна Матюшина.

Майдангер Мария Алексеевна  Ресей Федерациясының Тула облысынан Қазақстанға тың игеру жылдарында қоныс аударған. Ол 1926 жылы 19 қаңтарда жұмысшы отбасында дүниеге келген. Мария Алексеевна соғыс басталған уақытта 17 жаста болған. 1942 жылы майдангер қыз ата-анасына айтпай, әскери тыңшылық курстарына өз еркімен жазылып, 1943 жылдың ақпанында 80-ші Әскери далалық құрылыс дирекциясының құрамында ерлермен тең дәрежеде қорғаныс бекіністерін құрады. Яғни, Мария окоптар, қорғаныс қораптары, бункерлер, блиндаждар салған әскери құрылысшы ретінде алдыңғы шепте болды. Содан 104-әскери құрылыс отрядының 225-ші қорғаныс құрылысы дирекциясының құрамында ол Витебск қаласына жетіп, жауға тойтарыс көрсеткен. Бұдан кейін отряд Карелиядағы Мурманск облысындағы Петрозаводск қаласына солтүстікке ауыстырылды.  Дәл сол жерде, Финляндиямен шекарада Мария Алексеевна Жеңісті қарсы алды. 1945 жылы ол туған жері Калуга қаласына оралады. Ұзақ жылдар бойы Сахалин облысында, Кишинев қаласында әр салада еңбек етті. Ал 1955 жылы Мария Матюшина Павлодар облысы Железин ауданындағы жаңадан құрылған «Урлютюбский» кеңшарына қоныс аударды. Майдангер бейбіт күннің аспанында қырманда астық шабу, кептіру, бұзау бағу, қой-қозы бағу сияқты жұмыстар атқарды. Жолдасымен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, елге сыйлы жандарға айналды. 1978 жылы жолдасы дүниеден өткен соң, 1980 жылы ол Павлодар ауданы Сычевка ауылындағы қызына көшіп келді. Қарт майдангер арада 80 жыл өтсе де, әлі күнге дейін Жеңіс жолында қыршынынан қиылған боздақтарды есінен бір сәтке де шығарған жоқ. Отбасын отағасынан, анасын баласынан ажыратқан қысылтаяң кез сырсандықта ақтық дем қалғанша сақталары шүбәсіз.

— Күні кеше перзентін құшағына басып, маңдайын иіскеген оғландарымыз қас қағым сәтте дархан даланың шайқас алаңынан бір-ақ шықты. Ұлтының болашағы үшін жанын садаға етіп, қасық қаны қалғанша күресті. Дүниені дүр сілкіндірген соғыс жер бетінде орасан дақ, халықта жарасы жазылмайтын қайғы болып қалғаны ақиқат. Майдан даласында ерлермен қатар ерлік таныта білсек, бұл – Отанға деген сүйіспеншілік. Сондай-ақ, тылда жанкешті еңбек етіп, жеңіс күнін жақындатқан аналарымызды да үлгі тұтуымыз керек, — дейді қарт майдангер.

Мария Матюшина 1940 жылдардағы ерліктері үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» медалімен, «КСРО Қарулы Күштерінің 70 жылдығы» медалімен, «Жеңіс күні» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Отан үшін отқа түсіп, көкірегін оққа тосқан ардагерлердің ерлігі барша халыққа үлгі. Қазір олардың қатары күн өткен сайын сиреп барады. Дегенмен, қайсар ардагерлердің есімі мәңгі ұрпақ жадында жаңғыра бермек.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.