Елдік пен ерлікті ту еткен қазақ батырлары әр уақытта ел үшін отқа түсіп, намысын қорғаған. Әйгілі Абылай хан батырларының бірі – Тілеуқабыл бабаның шөберелері Қазымбет пен Қазыбек бидің төрт ұрпағы — Ұлы Отан соғысына қатысқан қайсар майдангерлер. Бірі қан майданнан елге аман оралса, бірі хабарсыз кеткен. Батыр сарбаздарды елге танытып, еске алған жөн.
Қайратты әулеттің ұрпақтары қатарында Рамазан мен Шәріп Ауғалиев, Құжан Ерғазин, Сағидолла Рамазанов, Бибәтима Иманғалиева мен Балтабай Шайғазин.
Балтабай Шайғазин 1941-1945 жылдары Кемеров қаласы, Пионерская шахтасында 7 адамның еңбегін мойнына артып, жалғыз атқарған. Ол «Отан соғысында ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, Сталиннің алғыс хаты мен «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болған. Ал Бибәтима Иманғалиева қиын-қыстау кезеңде Павлодар ауданы Үміт апа ауылында қазақ, орыс және қуғындалып келген неміс балаларына қамқор болып, сабақ оқытқан. Соғыс қатысушыларына байпақ, қолғап тігіп, қол ұшын берген. Ол «Лениннің 100 жылдығы», «Ұлы Жеңіске – 55 жыл», «Еңбек ардагері» атағымен марапатталды. Бейбіт өмірде Ақсу ауданы Потанин ауылында, Павлодар ауданында мектеп директоры қызметін атқарды.
Қан майданда Шәріп Ауғалиев пен Құжан Ерғазин ерлікпен қаза тауып, хабарсыз кетті. Шәріп Ауғалиев 1905 жылы желтоқсан айында Май ауданы Жаңатілек ауылында туған. Соғыс алдында отасқан сүйген жары Көкеш Ермак ауданы Путь Ильича ауылында тұрды. Қан майданға Каганович әскери комиссариатынан 1941 жылы 30 шілдеде аттанды.
Құжан Ерғазин де 1908 жылы Май ауданы Жаңатілек ауылында дүниеге келеді. Еңбек ауылында механизатор қызметін атқарады. Каганович әскери комиссариатынан Ұлы Отан соғысына аттанып, 1941 жылдың жаз мезгілінде ұрысқа кіреді. Финдермен қанды шайқаста тұтқынға түсіп, кейінгі жағдайы ушыға түседі. 1942 жылы май айында аштық пен қинаудың салдарынан қаза табады. «Боздақтар» кітабының деректеріне сүйенсек, Кеңес елінің қызыл әскері Құжан Ерғазин Выборг қаласының бауырластар зиратында жерленген.
Батыр ұрпағының тағы бірі Рамазан Ауғалиев 1900 жылы Май ауданы Жаңатілек ауылында туған. Майданға 1942 жылы аттанып, 334-атқыштар дивизиясы, 112-атқыштар полкіне ұрысқа кірді. Кейін 54369 әскери бөліміндегі ауысу пунктінде ел намысын қорғап, жаулармен күресті. 1944 жылы шайқас кезінде алған жарақатынан елге оралады. Шаңырағына оралған шағында соғысқа бел буған Сағидолла ұлын кездестірген ол, қимастықпен қоштасып, баласының аман-саулығын тілейді. Кейінгі жылдары Рамазан Ауғалиев туған ауылының төрағасы ретінде ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қосады. Халқына сыйлы, беделі жоғары майдангер көпшіліктің есінде жақсылығымен қалды.
Ол Шөкен Ахметжан қызымен отау тігіп, Сағидолла, Бота, Бақыт балаларын дүниеге әкеліп, қызығын көреді. 1961 жылы өмірден озады.
Төртінші ұрпақтың бірі Сағидолла Рамазанов 1926 жылы 1 қаңтарда дүние есігін ашты. Сұрапыл соғысқа дейін Жаңатілек ауылында еңбек еткен. 1944 жылы майданға шақырылып, Кавалерииский полкында борышын өтеді. 1948 жылы елге аман оралды. 1951 жылы Мәймәна Зікірияқызымен шаңырақ көтеріп, Төлеген, Сансызбай, Қарлығаш, Сандуғаш, Мекен, Алма атты саналы ұрпақтарын тәрбиеледі. Семей техникумында білім алғаннан кейін Құркөл, Путь Ильича ауылдарында агроном қызметін атқарды. 1966 жылы Қызыл Құрама совхозы Жаңатілек бөлімшесінің меңгерушісі, 1976-1988 жылдары сол ауылдың құрылыс алаңында мастер қызметін атқарды. Оған қоса, «Четверка по пению» фильмінің эпизодына түсіп үлгерген. 1991 жылы 21 қаңтарда көз жұмды.
Айта кетейік, Тілеуқабыл батыр Абылай дәуірінде елін шапқын-шылардан қорғаса, атап өтілген қайратты ұрпақтары – Рамазан, Шәріп, Құжан, Сағидолла неміс басқыншыларынан елін ерлікпен қорғап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп отыр.
Қ.ШАЙҒАЗИН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.