«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кіндік қаны тамған туған елімізде әкеміз Жұмабай Масалимовты «ағатайым» деп атайтын. Қан майданда ерлікпен күрескен, ержүректілігі мен жайсаң мінезі ұштасқан әкемізді сағынышпен еске аламыз.
1941 жылы қараша айында Жұмабай Масалимовті Қызыл армия қатарына шақырды. Екі айлық оқудан кейін әйгілі маршал Рокоссовскийдің басшылығындағы 2-ші атқыштар дивизиясына аттандырылды.
1942 жылдың ақпан айында үш жарақат алып, алған емінен тәуір болған сарбаз соғысқа қайта жіберілді. 1943 жылдың тамызында шабуыл шайқасына қатысуда тағы бір ауыр жарақат алып, әскерге жарамсыз болып, елге оралды. Ол сұрапыл соғыс жайлы сөз еткенді ұнатпайтын.
Майдандағы ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі» және «Фашистік Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Кейін көптеген мерейтойлық марапаттарға ие болған.
Соғыста алған жарақаты мен мүгедектігіне қарамастан «Жаңа жол» ауылында аянбай еңбек етті. Кейін зейнет жасына дейін ауылдың Куйбышев атындағы 3-ші бригадасында есепші қызметін атқарды. 1950 жылы үздік колхозшы ретінде Кеңес Одағының коммунистік партиясына қабылданды.
Қиын-қыстау жылдары еңбекақысы астық және тағаммен төленетін. Әкем жүрегі кең адам еді. Көмекке мұқтаж отбасы-ларына қамқор болып, қаржыны өз атына жаздырып, кейде өзі қарызға батқанына қарамастан керек-жарақтарын алып беретін. Ауыл тұрғындарының сыйлы да құрметті азаматы өзі еді. Оған тынбай еңбек еткеннің арқасында «Үздік колхозшы» атағы мен «Еңбек ардагері» медалі табысталды.
Жамал есімді өмірлік серігімен тату-тәтті өмір сүріп, алты баланы тәрбиеледі. Бүгінде 9 немересі мен 15 шөбересі атасының ерлігін мәңгілік жадында сақтайды. 1987 жылы көз жұмып, Амангелді ауылында жерленді.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде от кешкен жандарды әрдайым есте сақтап, құрметтейміз.
Шайағзам МАСАЛИМОВ.