Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына да жеттік. Ел үшін жанын қиған, қиындыққа мойымай алға ұмтылған ардагер қарттарымыз сиреп бара жатыр. Өңірімізде көзі тірі 6 ардагеріміз бар. Олардың ерлігін дәріптеп, құрмет көрсету — міндет. Майданда Жапонияны жеңіп, туған жеріне адал қызмет еткен Василий Григораш биыл 98 жасқа келіп отыр. Немерелерінің қызығын көріп отырған қария бүгінгі бейбіт өмірге риза.
Василий Иванович Григораш 1926 жылы Алтай өлкесінде дүниеге келді. 17 жасында майданға өз еркімен аттанады. Забайкалье майданының 293-ші дивизиясының құрамында қызмет етіп, онда бөлімшені басқарады, кейін аға сержант лауазымына дейін жетеді.
В.Григораш Жапониямен соғысқа қатысады. Кейін II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін» медалі және мерейтойлық медальдармен марапатталады. 1951 жылы Павлодар өңіріне келіп, Локомотив депосына жұмысқа алдымен от жағушы ретінде орналасады. Уақыт өте келе Қарағанды қаласында білімін толықтырып, машинист деңгейіне жетіп, 35 жыл өмір жолын осы салаға арнайды.
Ардагердің қызы Надежда Григораштың айтуынша, әкесі еңбек еткен Локомотив депосында кезінде 40 ардагер қызмет етсе, бүгінде Василий Григораш жалғыз қалған ардагерлердің бірі екен. Бүгінде қартайған шағына қарамастан үйдің тірлігіне қолғабыс етуді қалап, ауладағы шаруаға барынша көмектеседі.
Бейбіт өмірге кезігіп, өмірлік жары Аграфенамен бақытты ғұмыр кешіп, дүниеге екі бала әкеледі. Тағдыр тауқыметімен осыдан 16 жыл бұрын жолдасы, 6 жыл бұрын баласы көз жұмған. Бүгінде төрт немересінен көрген сегіз шөберенің қызығына тоймай, туғандарының ыстық ықыласына бөленіп отыр.
Василий Ивановичтің ержүректілігі мен еңбекқорлығы балалары, немерелері және шөберелеріне үлгі болса, бүкіл елге де өшпес із қалдырған мықты тұлға.
Салтанат ҒАББАС.