Тереңкөл ауданының тумасы Теңдік Әбдішев — еңбек майданында ерлік танытқан ерлердің бірі. Алғашқы мүшелге енді енген шағында соғыс оты тұтанды. Балалық шақты ысырып қойып, тылдағы тірлікке бір кісідей кірісіп кетті. Осылайша, Теңдік ата ерте есейді, қара жұмыспен шыңдалды, шынықты.
Теңдік Әбдішев Тереңкөл ауданына қарасты Байқоныс ауылында дүниеге келген. Туған өлкесінің өркендеуіне үлес қосқан.
— Соғыс басталған жылы 12-13 жас шамасында едім. Ауылымыздың ер адамдары соғысқа аттанды. Ауылдағы балалар бәріміз еңбекке араластық. Үлкендердің ісін атқардық. Қолыма соқа алып, жер жырттым. Ешкімге оңай болған жоқ. Тынымсыз жұмыс істеуге мәжбүр болдық. Майдан даласындағы жауынгерлерді азық-түлікпен қамту тылдағы адамдардың мойнында еді, — дейді тыл ардагері Теңдік Әбдішев.
Соғыс аяқталғанда атамыз енді жігіт жасына жеткен, еңбекпен есейген ер еді. Соғыстан кейін де елі, туған өлкесі үшін аянып қалған жоқ. Мал бағып, мал шаруашылығында еңбек етті. Көрші ауылдың қызы Күлбаршамен отау құрады. Жұбайы да мал шаруашылығында сауыншы болып еңбек еткен. Екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған, ауылына сыйлы, өмірлері өнегелі отбасына айналды. Бүгінде әр баласы бір отау болып, тоқсанның бел ортасына келген Теңдік ата немере, шөбере көріп отыр.
Тылдағы еңбегі, соғыстан кейін ел дамуына қосқан үлесі ескерусіз қалған жоқ. Жеңістің мерейтойлық медальдарымен, өзге де наградалармен марапатталды. Ауданның өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесі үшін Тереңкөл ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
— Бүгінгі ұрпаққа бейбіт күннің қадірін білсін деймін. Білімге бойлап, барынша мейірімді, бауырмал болыңдар, — дейді Теңдік ата.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.