Конструктормен хат алмасқан

Мам 15, 2025

Сұм фашистермен болған Отан соғысында жан беріп, жан алысқан қанқұйлы бетпе-бет айқас тірі қалған әр майдангердің есінде өмір бақи сақталып қалғаны рас. Мұздай қаруланған отыз жендеттің үш топқа бөлінген шабуылына төтеп беріп қана қоймай, бәрінің көзін құртып жіберген әке ерлігі майдандастары арасында аңызға айналып кеткенін кейін білген әкеміз қолындағы пулеметті жасап шығарған жанға (конструкторға) қалай алғыс айтсам екен деп армандаған екен. Көп кешікпей атақты конструктор, Социалистік Еңбек Ері Василий Алексеевич Дегтяровқа хат жазудың сәті түсіп. жазылған хаттың астына бір кезекті ұрыста өзімен бірге жаумен шайқасып, 909 неміс жендетін жер жастандырған төрт пулеметші Ахат Ахмедиянов, Федор Резниченко, Павел Шабанов және Андрей Гостюхин қол қояды, «Дала почтасы-02401-Б деген адрес бар.

Іле әкемнің атына конструк-тордың өз қолымен жазылған хаты келеді. Соғыстың қызған шағы болса да атақты конструктор уақыт тауып пулеметін сынаған қазақ жауынгеріне асқан ілтипат білдіріп, туысындай бауырға  басып, жылы лебізге толы хат жазған екен.  Жауынгерлер атақ-даңқы жер жарған пулеметтің конструкторы байырғы Тула жұмысшысы, сол кездегі генерал шеніне жоғарылап, Социалистік Еңбек Ері атанып, Одақ бойынша  екінші номерлі жұлдызды омырауына таққан Василий Алексеевич Дегтярев екенін біледі. Хаттың мәтіні сөзбе-сөз аударылды.

«Қымбатты Әйтен Жүнісов жолдас!

Бүгін сіздің мергендеріңіздің хатынан неміс басқыншыларына қарсы күресте жасаған үлкен ерлігіңіз туралы білдім. Сіз менің ойлап шығарған пулеметіммен гитлершілердің екі дүркін шабуылын бет қаратпай тойтарып, өз ерлігіңізбен Отанымызды сүйе-тініңізді, революцияның алтын бесігі — Ленин қаласы үшін жан қиюға баратыныңызды дәлелде-діңіз. Менің пулеметімді шебер меңгеріп, оны жауға қарсы өте жақсы  жұмсай білгеніңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын.

Жолдас Жүнісов, сіздің елімізді аман сақтап қалу үшін фашистерді аяусыз қырып, Отан алдындағы борышыңызды абыроймен орындап шығатыныңызға қалтқысыз сенемін.

Біздің алғашқы таныстығымыздың белгісі ретінде сізге фото-суретімді және азын-аулақ сыйлық жолдап отырмын. Бұл таныстық жауды құртудың басы болсын. Мен сіздерге тағы да өте үздік қару жасап беруді міндетіме аламын.

Сіздің жеңіс жолында табысты, денсаулығыңыз мықты болуына тілектеспін. Құшақтап, қолыңызды қысамын.

Өзіңіздің В.А.Дегтярев,

СССР Жоғарғы Советінің депутаты,
Социалистік Еңбек Ері, техника ғылымының докторы,

Ковров қаласы,

28 июль, 1943 жыл».

Фото-сурет сыртында былай деп жазылған: «Осы суретімді немістердің шабуылын екі дүркін тойтарған жауынгер Әйтен Жүнісовке сыйлаймын».

Кешегі Ұлы Отан соғысында Павлодар облысынан 46 мың адам әскерге шақырылса, солардың ішінде 41 жастан аса бастаған менің де әкем, ауыл мұғалімі Жүнісов Әйтен бар еді. Ленинград майданында 268-атқыштар полкінің 71-дербес теңіз атқыштар бригадасының жеке атқыштар батальонының құрамында ұрыс жүргізген. 1945 жылы қаңтарда ауыр жаралануына байланысты елге оралды. Алайда, жоқтаушысы табылса ерлік ұмытылмайды екен.

…1965 жылы «Құркөл» ауылында мұғалім едім. Кешкі шай ішіп отырғанбыз. Ауылдас жігіттер Қабыкеннің Бүркіті мен Біләлдің Қабашы кірді үйге. Өздері көңілді. Әкеме сәлем берді де біраздан кейін Бүркіт қойнындағы «Лениншіл жас» газетін суырып алып,біздің қарияға ұсынды. Әкем көзілдірігін таба алмаған соң, газетке мен үңілдім. «Тамаша қару» деген материал басылыпты. Менің әкем туралы, осы жанымда отырған, басын ақ қырау шала бастаған егде адамның ерлігі туралы. Жүрегім лүпілдеп, дауыстап оқи бастадым… Оқып болып әкеме қарадым. Оның өңі қара күреңденіп, лезде бетіне қан теуіп, екі бетінің ұшы қызғылт тартты. Сөйлей алмай, тілі күрмелгендей біраз отырды. Сосын атақты конструктормен қалай хат алысқанын, өзінің пулеметімен қалайша фашистерді жусатқанын естуге асықтық.

Әкеміз өз құжаттарын жинап сақтауға өте ұқыпты еді. Жиырма жасынан бергі әр жылдары еңбек еткен мектептерде, басқа  ағарту орындарында атқарған қызметін куәландыратын сарғыш тарта бастаған қағаздарды (араб, латын қарпімен жазылған) көріп таңданатынбыз. Солардың ара-сынан  майданда ауыр жараланып, госпитальде емделгенін растайтын куәліктер, әсіресе, Дегтяревтың жазған жауап хатының, суретінің сақталуы біз үшін тосын жаңалық еді. Мұндай құнды дүниенің бары ешқашан айтылмаған-ды. Жасы 65-ке келіп, Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында өзін іздеген хабарды естіп, жүрегі жарыла қуанғаны шығар, жүзі жадырап сала берді.

Сол күні әкемнің аузынан естіген ерлігі жайлы әңгімесін көкірегіме тоқып өстім. 1943 жыл. Маусым айының дәл 19-ы. Ленинград майданы. Ораниенбаум «мүйісін» (пяточек) қорғаған кезде жанталас ұрыс жүріп жатты. Дәл осы жерде бүкіл Ленинград майданы әскерлерінің қару-жарағы, оқ-дәрісі сақталған аса құпиялы қоймасы болатын. Әкемнің екі көмекшісінің бірі — қызыләскер Вдовин жау оғынан қаза тауып, екіншісі жараланып қалады. Әкей жападан-жалғыз тасаланып, бұқпантайлап ату орнын ауыстыра іске кіріседі. Фашист жендеттері таянып қалған кезде пулеметтен оқты боратады. Дұшпандар түгел қырылады. Тек біреуі ғана еңбектеп, әзер қашып құтылады. Осы ұрыста әкем де ауыр жараланады.

Бірақ, ТАСС-тың хабары барлық газеттерде, радио хабарларында жаппай жарияланады. Жақсылық жата ма. Жерлес әскери тілші Ақмұқан Сыздықбаев еңбек еткен «Отанды қорғауда» деген майдандық газетке де осы ерлік жайлы материал басылады. «Әйтен Жүнісовше соғысыңдар» деген парақшалар майдан даласына тарап жатады.

Сәл шегініс… Мен 1965 жылы Алматыға барып, КазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Екі жыл еңбек өтілімен келген, кейбірі әскер қатарынан босаған жігіттер (бір ғана қыз болды, журналист- жазушы Сара Ләтиева) кілең сайдың тасындай іріктелген отыз бозбала. Алғашқы танысқан ұстазым сол кезде «Қазақстан коммунисі» журналында жауапты хатшы болып істейтін (кейіннен редактордың орынбасары) Қазақ ҚСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі публицист Төлеубай Ыдырысов ағай еді. Негізгі жұмысынан қол үзбей, бізге «Совет баспасөзінің теориясы мен практикасы», «Көркем очерктен» сабақ берді. Журналдан аты-жөнімізді оқып отырып, маған жүзін бұрды да, сенің әкеңнің фамилиясы кім? — дегені бар емес пе. Менің әкемді неге сұрайды екен, бәлкім білетін шығар деген ой мазалап, – Жүнісов, — дедім жұлып алғандай. – Оу, сен батырдың баласы екенсің ғой, — деп маған мейірін төге қарап алды да аудитория толы студенттерге. — Мына жігіт батырдың баласы, біліп қойыңдар, оған мен куә… Сөйтіп мен курстас достар арасында батырдың баласы аталып кеттім…

Ұстазым Төлеубай Ыдырысов Ленинград майданында әскери газеттерді шығаруға қатысқан, оған қоса жауынгерлер арасында үгітші болған офицер екен. Әкемнің ерлігі жайлы Ленинград үшін қанқұйлы шайқаста әбден қанығыпты. Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында сол ержүрек қазақ есінен кетпей, іздеу салғанын айтып берді.

— 1943 жылғы қыркүйек айының жаймашуақ бір күнінде барлық газеттер ТАСС-тың «Тамаша қару» деген хабарын басты, — дейді ұстазым, — Ленинград майданы. 3 тамыз (ТАСС-тың арнаулы тілшісінен). Қару жасаушы атақты маман, Социалистік Еңбек Ері В.А.Дегтярев ержүрек пулеметші, қазақ жауынгері Әйтен  Жүнісовке құттықтау хат және сыйлық жіберді. Әйтен Жүнісов конструктор Дегтярев үлгісі бойынша жасалған қол пулеметімен жаудың екі дүркін шабуылын тойтарып, 30 шақты немістің көзін жойды. Жақын арада Дегтяревтің хаты мен сыйлығы Әйтенге тапсырылды…

Біздің жауынгерлердің бәрі төбелері көкке жеткендей қуанып, бір көтеріліп қалдық, — дейді Төлеубай аға әңгімесін одан әрі жалғап, — Арада жиырма жыл өтсе де осы оқиға көкейінен кетпей-ақ қойған. Жеңістің 20 жылдығы алдында соғыс жылдарындағы газеттерді ақтарып, сол ТАСС хабарын тауып алады да дереу көшіріп, «Лениншіл жасқа» апарып беріпті. «Мынау керемет жаңалық екен, қазір номерге саламыз, — дейді редакциядағы жігіттер. Айтқандай, ертеңінде, газеттің 1965 жылғы 18 апрельдегі номеріне «Тамаша қару» оның астыңғы жағында «Қайдасың, ержүрек жауынгер Әйтен Жүнісов» деген атпен қысқаша іздеу хабары жарқ етіп шыға келеді…

Міне, осы хатты, конструктордың фотосуретін, әкемнің де суретін бәрін қосып, «Менің әкем осындай» деп жазған мақаламды дереу редакцияға жіберген едім. 1965 жылы 8 май күнгі мерекелік номердің екінші бетіне толық жарияланды. Конструктор мен әке суреттері де қатар шықты. Бірақ, мен үшін сол құнды құжаттардың түпнұсқасы сол редакцияда қалып қойды. Архивке өткен-өтпегені белгісіз. Бір қуанарлығы, газетте әкемнің атақты конструкторға жазған жауап хаты аударып берілді. Мәтіні мынадай:

«Қымбатты Дегтярев жолдас. Сіздің әкелік қамқорлығыңызға қуанып, сыйлығыңыз үшін алғыс айтамын. Сіз ойлап шығарған пулемет ұрыста өзінің тамаша қару екенін көрсетті. Сіздің қаруыңыздың сапасы өте жақсы болып шықты. Сондықтан пулеметшіле-ріміз бұл қаруды жанындай жақсы көреді. Дегтяров жолдас, қымбатты Отанымызды қорғау ісінде өзімнің қасиетті борышымды ақыр аяғына дейін орындап шығатындығыма күмәнданбаңыз. Фашистерді рақымсыз қыра беремін, біздің совет жерінде істеген айуандық қылмыстары үшін, біз қорғап тұрған ұлы Ленин қаласының
көрген азабы мен төккен қаны үшін неміс-фашист жауыздардан кек алам. Қымбатты Василий Алексеевич, Сіздің сау-сәләмәт болып, Отан-анамыздың соғыс қуатын нығайту жолындағы қызметіңізде табысқа жетуіңізге тілектеспін. Қолыңызды қысып, Сізді солдатша құшақтап сүйемін».

Осы хаттар соғыстың нағыз қайнап тұрған кезінде 1943 жылдың шілде айларында жазылған екен. Әрине, қазіргі уақытта бұл тарихтың құжаттары сияқты көрінері сөзсіз.

Мұны 20 жыл сандықтың түбіне сақтап қойған әкем 90-ға толып өмірден озды. Соғыстан соңғы өмірінде Ақсу ауданының Құркөл ауылындағы мектепте жас ұрпаққа білім беру және отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінің алдыңғы сапында жүрді. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері атанды. Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», басқа да медальдармен марапатталған майдангер. Егер менің ұстазым Төлеубай Ыдырысов Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында көз майын тауысып, газет тігінділерін ақтарып іздеу салмаса, бәлкім әке ерлігі кейінгі ұрпаққа жетпей ескерусіз қалмасына кім кепілдік бере алады. Ленинградты қоршаудан босатуға қатысқан құрамалар мен бөлімшелердің сапында 7436 қазақ солдаты болған екен. Солардың қан төгіп, жан бергені қаншама.

Бір үйден әкеммен бірге 18-ге толмаған інісі Нұрахмет те аттанған-ды. Отан үшін жаумен арпалыста Украина жерінде ерлікпен қаза тапты. Әкеміз сол соғыста үш рет ауыр жараланды. Госпитальда жатып емделді. 1945 жылдың қаңтарында ақсаңдай басып елге оралды. Анамыз Марғушамен бірге 50 жылдан астам уақыт бақытты ғұмыр кешті. Немерелері мен жиендерінің қызығын көрді.

Кейде неткен қарапайымдылық деген ойға берілем. Жиырма жыл бойы ерен ерлігі жайлы ешкімге тіс жарған емес. Тіпті соғыс жайлы сұрағанымызда онша шешіле қоймаушы еді. «Көп ұлтты халқымыздың бірлігі арқасында жауды жеңдік қой, сол сұрапыл соғыс адам баласының басына қайта келмесін» деп келте қайырушы еді. Енді оның жауынгерлік батырлығын ел-жұрты, ұрпақтары мақтаныш етеді. «Ерлік — елге мұра, ұрпаққа – ұран» деген осы.

Социал Әйтенов,

Қазақстанның  Құрметті журналисі.