Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, жас болса да қайыспай елдің жүгін көтеріскен азаматтардың да жеңіске қосқан үлесі зор. Сондай жандардың бірі — тыл ардагері, майдангердің ұрпағы Ләззат Оспанова есімді әжей. Ол кісінің әкесі де, жолдасы да соғысқа қатысып, қанды майданнан аман оралған.
Ләззат Қабдешқызы 1937 жылы сол кездегі Галкино ауданына (қазіргі Аққулы) қарасты Құлатай ауылында дүниеге келген. Әкесі Қабдеш Серғазин соғысқа дейін ауылда басшылық қызметтер атқарған. Кейін соғыс басталғанда әскер қатарына шақырылып, қарулы сарбаздар қатарында майданға жол салды.
— Әкем әскерге кеткен соң бірталай қиындықты бастан өткіздік. Мен 1944 жылы Құлатай ауылындағы бастауыш мектебіне бірінші сыныпқа бардым. Сол мектепте төрт класс оқып бітірдім. Әкем соғыстан 1946 жылы жараланып келді. Ол кезде совхозда Шоман деген бастық бар болатын. Сол кісі өзіне көмекші етіп алды. Жұмыстары ауыр. Совхоздың есебін ауданға апарып тапсырады ғой. Ол кезде көлік жоқ. Екі ортаға атпен қатынайды. Сөйтіп жүріп ауру іліндіріп алды да содан көп жатқан жоқ. Оның үстіне майданнан әкелген жарақаты да бар. Сонымен 1947 жылдың наурыз айында дүниеден өтті. Әкем келіп көзіміз енді ашылған әжем екеуіміз баяғы таз кебімізге қайта түсіп, аңырап қала бердік, — деп еске алды тоқсанның төріне жақындаған қарт әжей.
Кейуананың айтуынша, 1949 жылы Құлатайды Шоқталға қосқан. Соның арқасында Шоқталдағы негізгі мектепте сабағын жалғастырып, жеті жылдық білім алып шығады. Бірақ, әжесінің жалғыз қалуына байланысты оқуын одан ары жалғастыра алмайды. Сөйтіп жүріп майданнан келген Қайрақ Оспанов деген азаматпен тағдыр жолы түйісіп, шаңырақ көтереді.
— Ол кісінің майданнан енді келген кезі болатын. Әжем марқұм «Басқа біреуге барып қор болғанша осы жігітпен көңіліңді қос. Әке-шешесін де білемін. Мен енді сені ары қарай оқыта алмаймын» — деген ақылын айтты, мен тыңдадым. Сонымен 1954 жылы желтоқсан айында майдангер Оспанов Қайраққа тұрмысқа шықтым, —
деді Ләззат Қабдешқызы.
Қарт әже бүгінгі таңда Павлодар қаласында тұрады. Тағдыр сыйлаған ұрпақ-жұрағаттарының арасында бақытты да баянды ғұмыр кешіп жатыр. Бұрынғы басынан өткен азапты күндер тарих қойнауына еніп, тек естелік болып қана еске оралады. Өмірдің басы қатты, соңы тәтті деген осы емес пе?!
Тілеуберді САХАБА.