Майдангер жайлы сыр шертеді

Сәу 24, 2025

Жуырда орталық қалалық кітапханада өңіріміздің дара тумасы, жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына орай «Соғыста қарумен, бейбіт күнде қаламмен…» атты әдеби еске алу кеші өтті. Кездесуде жазушыға арналған кітаптың тұсауы кесіліп, жиналған қауымға таратылды.

Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қалмұқан Исабаев 1925 жылдың 25 тамызында Баянауыл ауданында туған. 1943 жылдың қаңтарында Кеңес әскері қатарына шақырылып, майдан даласындағы шайқас-тарға қатысты. 1955 жылы Алматы қаласының кешкі жастар мектебінде 10-сыныпты бітіре сала Қазақ мемлекеттік универ-ситетінің филология факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1961 жылы тәмамдап, «Егемен Қазақстан» газетіне әдеби қызметкер ретінде жұмысқа орналасады. Ұзақ жыл бойы Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында директор қызметін атқарады. Оның шығармалары әдебиетіміздің алтын қорына енгізілген.

Аталмыш әдеби кешке майдангер жазушының туған-туыстары, жергілікті ақын-жазушылар, музей қызметкерлері, әскери бөлім сарбаздары мен мектеп оқушылары қатысты. Г.Н.Потанин атындағы мұражай қызметкері Жеңісбек Қадырұлы ел мақтанышы Қалмұқан Исабаевтың қолданған жеке заттары мен бағалы тарихи жәдігер қоры бар екенін айтып, халықты елең еткен туындылары жазылған құралдарын көпшілік назарына ұсынды.

Кеш барысында соғыс ардагерінің жақындары мен көзін көрген жандар алғыс айтып, тарихи тұлға айтқан қызықты сәттерімен бөлісті.

Салтанат ҒАББАС,

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.