Майданнан жазылған хаттар

Мам 15, 2025

Сұрапыл соғыс жылдарында майдан алаңындағы жауынгерлер мен шалғайда қалған туған-туысқандардың арасын хаттар жалғастырған. Сол кездегі көздің жасы сіңген хаттарда сарқылмас сағыныш, түпсіз терең ой, мәңгілік махаббат пен қалың ормандай қайғы-қасірет бар. Арада бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, сарғайған қағаздарды қолға алып оқыған адамның жүрегі елжіремеуі мүмкін емес. Сондай хаттардың бір тобы облыстық мемлекеттік архивте сақталған. Хаттар 1995 жылы жинақталып жарық көрген. Назарларыңызға сол хаттардың бір тобын ұсынуды жөн санадық.

Майдангер Р.Қарабаевтың Май аудандық партия комитетінің қызметкерлері А.Исмаиловқа, Исабековке жазған хаты

 

Исмаилов, Исабеков!

Ден сау, қал жақсы, тиісті қызметті соғыстағыша
атқарып жүрген боларсыздар. Мен де өздерің көргендеймін. Денім сау, қалым жақсы. «Қаһарлы сөз қамал бұзады» деген секілді, өткір сөзді өкпесінен өткізе немістерді қызыл қаламмен түйреудемін. Калинин фронтында жақында ұйымдасқан газетте істеймін. Ноябрьге дейін Батыс фронтында едім, газет шығарумен байланысты Калинин фронтына келдім.

Сіздер осы хатты алысымен, Май ауданының еңбекшілері майданға қалай көмектескелі жатыр, сол туралы бір жақсы мақала жіберіңдер. Қай тілде жіберсеңіздер де бәрібір.  Исмаилов жолдас! Жақында Москваға барып қайтып едім. Ленин атындағы кітапханаға барып, қазақ газеттерін қарап отырып, «Қ.Т.» газетінен мақалаларыңды кездестірдім. Фронтовой газетке де көмектесіп жазып тұрыңдар.

Исабеков! Сен ерінбейтін едің ғой, фронттың талабын орында, бұрынғы газетшігіңді көрсет. Сілте қаламыңды, сілте! Жауға оқ болып атылып, найза болып түйрелсін!

Туысқандарға, мені білетін жолдастарға сәлем айт. Әрине, Үлкен Ақжарға айрықша. Басқа көп айтарлық жоқ, хат жазып, мақала жіберіп тұрыңдар.

Сіздерге амандық білдіріп, коммунистік хат жазып отырған Май ауданының тумасы, соғыстағы жолдасың Рахымбек.

Пока, қош!

1942 ж. 3 қараша

 

Майдангер А.Шоңбаевтың жерлестеріне, Қазақстанның
10 жылдығы атындағы совхоздың жұмысшыларына жазған хаты

Жауынгерлік міндетті мүлтіксіз орындайық.

Қымбатты жерлестерім, мен бүкіл совет халқымен, айбынды батыр Қызыл жауынгерлерімен бірге, өлім есірігі айдан келген неміс-фашист басқыншыларын ақырына дейін талқандай беруде, уақытша жау қолындағы құлдықта отырған халқымызды азат ету үшін, Қызыл Армияның шабуыл жеңістерінде батыс майданда жауға аяусыз соққы беру күресінде, шыбындай жанымды Отан үшін қиюға дейін серттесіп, жауға өлтіре соққы беру ұрысында еңбек етудемін. Бұл Отан алдындағы майдандық антымды істе орындап шығамын.

Жолдастар, жерлес бауырларым! Ертіс ауданының еңбек-шілері! Әсіресе, Қазақстанның 10 жылдығы атындағы совхоздың жұмысшылары мен қызметшілері мұндағы өзімнің тән туысқандарым! Сіздерден тыл майданында жер жүзілік адам баласының қас жауы неміс-фашист басқыншыларын тез құрту үшін, шаруашылық табысты өркендете беруді, малды қыстан шығынсыз өсіріп, мемлекетке, Қызыл Армияға мол продукты беруді, сөйтіп міндеттемелеріңізді мүлтіксіз орындап шығуларыңызды талап етемін.

Батыс майдандағы соғыс командирлері мен саяси қызметкерлері және Қызыл жауынгерлері атынан сәлем.

Ахмет Шөпбаев, қазір батыс майданында, бұрын Қазақстан-
ның 10 жылдығы атындағы совхоздың №4 фермасында істеген.

1943 ж.  24 желтоқсан.

 

Н бөлімінің жауынгерлері мен командирінің «Жаңа дәуір» колхозының мүшесі Қызыл әскер Шаймар-дановтың шешесі Нұрсейітоваға жазған хаты

Біздің сәлемімізді алыңыз,

Құрметті, шешей! Сіздің ұлыңыз, біздің сүйікті жауынгер жолдасыңыз қызыл әскер Шаймарданов туралы сізге қуана хабар беруге асықпыз.

Партияның ашық жиналысының қаулысы бойынша, біз, подразделениенің жауынгерлері мен командирлері шын совет адамы, өзінің Отан алдындағы ардақты борышын адал орындайтын ұлды тәрбиелеген сізге көп алғыс беруді ұсындық.

Біздің бөлімнің жауынгерлері мен командирлері саяси жаңа жауынгерлік дайындықтың үлгісін көрсеткені үшін Шаймардановты өте құрметтейді. Ұлыңыз жақын арада Лениншіл комсомолдың қатарына алынды.

Біз Шаймарданов келешекте де үлгілі, тәртіпті жауынгер болады деп сенеміз.

Шеше, біздің жауынгерлік сәлемемізді алыңыз. Сіздің еңбек өміріңіздің, гүлдене беруіне тілекпеспіз.

Сәлеммен Шаймардановтың жолдастары мен коман-
дирлері.

1943 ж. 3 маусым

 

Майдангер Ақын Серкебаевтың КП/б/ Баянауыл аудандық комитетінің қызметкерлеріне жазған хаты

Баянауыл большевиктер партиясына, құрметті колхоз-шыларға, айбынды кеншілерге, сүйікті коммунистерге, құрметті жас комсомолдарға!

Ауданның азаматтары жолдас Әлібаевқа, Байболатовқа, Аубәкіровке, Мендібаевқа, Усейіновқа бүгінгі күні мен сіздерге майдан атынан сансыз сәлемімді жолдаймын.

Жолдас Әлібаев, сіздің жиырма тоғызыншы ноябрьде жазған хатыңызды 7 январь 1945 жылы кешкі сағат 9-да алып, сіздерді көріп, өздеріңізбен бірге халық алдында болғандай болдым.

Сіздердің халық шаруашылығын өркендетумен бірге, Қазақстан алдында бірінші орынға ие болып отырғандарыңа мен де сондай қуанып, сіздерге хат жазып, тілектестігімді білдіріп отырмын.

Ал құрметі қолхозшылар, жұмысшы азаматтар! Сіздердің істеген еңбектеріңіз майданның жеңісіне, Қызыл Армияның табысы болуымен бірге, жолдас Сталиннің 2-түрде қойған бұйрығын орындау жолында істеген еңбектеріңді күннен күнге өсіріп, мұнан да мол табысқа жетіп отырғандарыңыз маған да зор міндеттер қойып отыр. Сонымен бірге, мен де сіздерге зор сенімімді беремін. Неміс басқыншыларын құртып, гвардияның қызыл туын Берлиннің басына апарып тігу – біздің міндетіміз. Бұл міндетті орындау үшін, майданда жанымды алмай соққы беремін деп сіздерді сендіремін. Осымен сөзімді аяқтаймын. Сау болыңыздар. Хат жазған Серкебаев Ақан.

1945 ж. 7 қаңтар.

 

Лейтенант Мұқаш Әбжановтың КП/б/ Баянауыл аудандық комитетінің хатшысына және атқару коми-тетінің төрағасына жазған хаты

Құрметті жолдастар, сіздерге мен фронттан – Восточная Пруссиядан жолдастық жалынды сәлемімді жолдаймын!

… Сіздердің жақсы еңбек жасап,  біздерге көмектескендеріңізге көптен-көп рақмет айтамын.

Ал елді мекен хабар білмек болмасаңыздар, ден сау, амандықтың арқасында соғыс басталғаннан бері қарай, фронтта бақытты совет отанын жаудан қорғауда  партия мен өкіметтің жүктеген тиісті міндеттерін ойдағыдай етіп шығу жолында ерінбей барлық жігер, өнер-білімімді жұмсап жатырмын.

Менің Отанды қорғау жолында жасаған еңбегімді бағалап, командование маған Отечественная война ІІ ст. Орденін, Қызыл Жұлдыз орденін және медаль «За оборону Москвы» берді.

Мен сіздерге хабарымды білдірумен бірге Баянауыл ауданының еңбекшілеріне сенімімді беремін. Жауды тез уақыттың ішінде жеңіп шығу жолында, көп ұлттың жолдастарым қол ұстаса отырып, барлық күшімді, өнер-білімімді аямай қызмет жасайтындығымды білдіремін.

Осымен қатар, жолдастық жүзінде Баянауыл еңбекшілерінен сұраймын: партия мен өкіметтің нұсқаларын орындай отырып, бұрынғыдан да жақсы еңбек жасауларыңызды, Құрметті жолдастар!  Мүмкіндік болса хат жазып, амандықтарыңызды білдіріңіздер. Ел жақты сағынудамын. Қайыр, хош, амандықпен көретін болайық!

Пока все, с приветом л-т Абжанов.

1944 ж. 24 желтоқсан.