Мәскеу түбінде шайқасқан

Сәу 17, 2025

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу  жасағы «Есімі – жүрегімізде» акциясын ұйымдастырды.

Шара аясында ел жастары майданда ерлікпен қаза тапқан ата-бабаларының ерліктерін айтып, еске алады. Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы көркем және деректі фильмдерді талқылайды. Облыс орталығындағы  ИнЕУ Жоғары колледжінде бастау алған акция «Достық үйінде» өз жалғасын тапты.

Ұйымдастырушылар бұл кездесуді Ұлы Отан соғысының ең ауыр кезеңдерінің бірі — 1941 жылғы 16 қарашада Дубосеково разъезінде генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен 316-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеу үшін шайқасқа қатысқан қазақстандықтарға арнады. Бұл ретте 28 панфиловшының ерлігі айтылды.

Акция қатысушыларының назарына Өскемен қаласындағы Бас Консул Алан Хетагуровтың, Ресейдің халық әртісі, Ресей Кинематографияшылар одағының мүшесі, кинорежиссер Владимир Хотиненконың, аты аңызға айналған генерал Иван Панфиловтың немересі Айгүл Байқадамованың видео үндеуі ұсынылды.

Олар Кеңес Одағы батырларының ерлігі туралы сөз қозғап, Мәскеу түбіндегі соғысқа қатысқан қазақстандық батырларды атап өтті. Кездесуде Славян мәдени орталығының басшылығы Александр Пархоменко мен Татьяна Кузина, облыстық әскери-патриоттық тәрбие қауымдастығының төрағасы Олег Николашин, финн-угор этномәдени орталығының басшысы Ольга Николашина, «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағының командирі Александр Шитов сөз сөйледі.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.