Ұмытылмаған қаһармандар

Мам 15, 2025

Облыс орталығында бірнеше жыл көлемінде «Ұмытылмаған қаһармандар – Незабытые герои» атты жоба жүзеге асырылып келеді. Бұл – тарихи әділдікті орнатуға бағытталған бастама. Жоба авторлары Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік көрсеткен 12 жерлесіміздің есімін жұртшылыққа қайта таныстырып, ерліктерін насихаттау мәселесін көздеп отыр.

Павлодарлық қоғам белсенділері өз жерлестеріне тарихи әділдіктің орнауын талап етуде. Жеңіс саябағында «Ұмытылмаған қаһармандар – Незабытые герои» атты ескерткіш орнатып, жауынгерлердің есімі мектеп, көшелерге берілгенін қалайды. Батырлар жайлы мәліметтер музей, оқу орындары сынды орталарда орнатылуы тиіс. Қан майданда кеудесін оққа төсеп, елін жаудан қорғаған жерлестеріміз туралы қолда бар мәліметтерді төменде жариялауды жөн көрдік.

 

«Ұмытылмаған қаһармандар» жобасының кейіпкері қатарында Қабыш Көктаев бар. Жауынгер 1922 жылы дүниеге келген. Майданға Павлодар облысы  Ертіс аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Коростенск Қызыл Ту орденді Суворов дивизиясының, 1033-ші атқыштар полкінің, 5-ші атқыштар ротасының командирі болған, гвардия аға лейтенанты.  Мұрағат  деректеріне сүйенсек, 1944 жылы Грембург, Повтинс, Тарнобжег, Краков жерлерінде әскери бөлімдерді басқарған. Алғашқы ұрыс кезінде-ақ жау әскерін ығыстырып, әскери міндетті үздік орындай білген.

1944 жылдың тамызында Собув, Повист, Тарнобжег, Краков әскери бөлімінің 1-ротасы жаудың қарсылығына қарамастан станцияны жау әскерінен  тазартып, Тарнобжег маңына,  Висла өзенінің оң жағалауына орналасты. Қабыш Көктаев Тарнобжег уезінің жау қолында болғанына қарамастан, өзеннен өту жолдарын тиімді ұйымдастырды. 1944 жылы 7 тамыздың түнінде Висла өзенінің батыс жағалауына ауысып, контршайқаста 100 неміс сарбазы мен офицері қаза тапты. 1945 жылы 27 қаңтардың түнінде жаудың пулеметтен тоқтаусыз оқ жаудыруына қарамастан қиратылған теміржол бойы мен екі пулеметпен қаруланып, өзеннің сол жағалауына бекінді. Қабыш Көктаевтың жауынгерлері жаудың екі оқ ату нүктесін гранатамен жойып, жаяу әскерінің бір бөлігін ойсырата жеңді. Бір күнде оның ротасы 4 шақырым жүріп, майдан шебінің 2 шақырым қоршауын шауып, жеңіске жетті. Сол жолы 3 жеңіл машина, 5 жүк автомашинасы, 10 неміс сарбазы тұтқынға алынды. Гвардияның аға лейтенанты Қ.Көктаев бұл ерлігі үшін жоғары мемлекеттік марапат – Кеңес Одағы батыры атағына ұсынылды. Бірақ бұл ұсыныс нәтижесіз қалды.

 

Қайыржан Оспанов 1909 жылы дүниеге келген. Әскерге Павлодар облысының Максим Горький аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылып, Украинаның Выхвостово елді мекенінде шайқасқан. Мұрағат деректерінде майдангердің шайқас кезіндегі асқан батылдығы мен көзсіз ерлігі егжей-тегжейлі баяндалады. Сонымен қатар, оның есімі «Ұмытылмаған қаһармандар» кітабына да енгізілді. Ол Украинаның Выхвостово аумағын жаудан қорғаған 56-шы атты полкіне қарасты 14-гвардиялық атты дивизиясының танкке қарсы атқыш қаруының мергені болған. Выхвостово елді мекенінде алғашқы ұрыста ол қорғаныс шебінде болып, ерекше ерлік көрсетті.

Қараңғы түн. Қарсыластың шабуылы үдей түсіп, үш жақтан оқ жаудырды. Эскадрон командирі жауынгерлерге: «Араларыңызда бұл бөгетті жеңетін адам бар ма?» — деп сұрады. Сарбаздардың алғашқысы болып Оспанов: «Мен, командир жолдас!», — деп жауап берді. Эскадрон командирі Оспанов жолдаспен қол алысып: «Байқа, абай бол!» — деді. Оспанов жолдас үш танкіге қарсы аса қуатты танкке қарсы  қаруымен оқ жаудыра бастады. Әрбір оқ басынан ұшып, секунд сайын өлім алдында тұрса да, ол жау пулеметтеріне жақындай түсті. 15-20 метр қалса да Оспанов кері шегінбестен жауға қарай гранаталарды бірінен соң бірін лақтыра берді. Пулемет оғынан неміс сарбаздары мерт болып, ал тірі қалғандары артқа шегініп, қаша бастады. Ержүрек Оспанов мергендікпен тағы да 5 неміс жауынгеріне оқ жаудырып, бетін қайтарды. Қайсар жауынгерге эскадрон көмекке келді. Операция аяқталған соң сарбаздар батырдың қолын алып, жеңісімен құттықтады. Жолдас Оспанов ойран салған жерде қиратылған үш жау пулеметінен оққа ұшқан 15 неміс сарбазы жатты.

Ержүрек Оспанов 1943 жылдың 11 қазанында «Қызыл ту» орденімен марапатталған. Сонымен қатар, Кеңес Одағы батыры атағына да ұсынылғанымен белгісіз бір себептерге байланысты ол мақұлданбай қалды. Дегенмен, ержүрек жерлесіміздің есімін кейінгі ұрпақ ұмытпайды.

 

Павел  Дубовой 1923 немесе 1924 жылы Павлодар облысы Ертіс ауданында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына алынады. Ол лейтенант, пулемет ротасының командирі, аға лейтенант әскери шендерін иеленген. Павел Дубовой 151-ші атқыштар дивизиясы және  115-ші атқыштар дивизиясының 313-атқыштар полкінде қызмет атқарды. Волхов майданына қатысты.

115-ші атқыштар дивизиясында оның ерлігі былай деп баяндалады:

1944 жылғы 9 наурызда полк артиллерияның қолдауымен жаудың алғы шебіндегі қорғанысын бұзып, 192,7 биіктігін басып алды. Бұл биіктік үшін қиян-кескі шайқас екі тәулікке созылды. Гитлершілдер бұл нүктені қайтару үшін 2 батальонға дейін күш жұмсап, жеті мәрте шабуыл жасады.

Осы шайқаста батальон командирінің орынбасары, аға лейтенант Павел Дубовой бастаған 29 жауынгер мен офицерден тұратын жауынгерлер тобы жаудың әлдеқайда басым күштеріне екі күн бойы табанды қарсылық көрсетті. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып, 28 жауынгер ерлікпен қаза тапты. Ешқайсысы шегінген жоқ.

1944 жылы осы ерліктен кейін 29 жауынгер Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылды. Оның 28-і қайтыс болған еді. Алайда бұл жоғары марапат оларға берілмеді. Павел Дубовой  1944 жылы 10 наурызда қайтыс болды. Жерлесіміз  Ресей Федерациясы Псков облысы Новоржев ауданы Новоржев қаласындағы әскери зиратта жерленген.

Атап өтерлігі, Новоржев қаласындағы бір көше Павел Дубовойдың есімімен аталады. Псков облысындағы 192,7 биіктікте, «Искра» кеңшарында оның құрметіне ескерткіш орнатылған. Онда былай деп жазылған:

«Осы жерде, 1944 жылдың наурызында, аға лейтенант П.Е.Дубовой басқарған 28 кеңес жауынгері фашист басқыншыларының толассыз шабуылдарын екі күн бойы тойтарып, Отанын қорғай отырып, ерлікпен қаза тапты. Олар жауынгерлік борышын соңына дейін атқарды. Ерлерге —
мәңгілік тағзым».

 

Марк Макауов  1924 жылы Павлодар облысы Ертіс ауданында туған. 1942 жылы қыркүйек айында Ертіс аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылады. Кіші сержант Марк Макауов 300-ші артиллериялық полктың көздеушісі ретінде 51-ші атқыштар дивизиясының құрамында Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен шайқасты. Ол алғаш рет 1942 жылдың желтоқсанында Батыс майданда, кейін 1944 жылдың қазанында 1-ші Балтық майданында жараланды. Соғыста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін 1944 жылдың шілдесінде ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ал 1945 жылдың қаңтарында ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. 1945 жылғы 26 ақпандағы марапаттау парағында оның жауынгерлік ерлігі былай сипатталады:

«1945 жылдың 20 ақпанында Штраубендорф елді мекені үшін болған ұрыста, Макауов тура көздеумен ату арқылы 1 ірі калибрлі, 1 қол пулеметті және қарсы шабуылға шыққан 12 жау солдатын жойды. Жаудың қарсы шабуылы тойтарылып, біздің жаяу әскер сәтті шабуылға шықты». Сол парақта 1945 жылдың 3 наурызында 51-атқыштар дивизиясының қолбасшысы, генерал-майор Хвостов «І дәрежелі «Даңқ» орденіне лайық» деп қол қойған.

Жауынгер 1945 жылдың сәуірінде «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Соғыстан үйіне аман оралған.

 

Тимофей  Гончаров 1910 жылы Украинаның Ворошиловград облысы (қазіргі Луганск), Ново-Светлов ауданында туған.  1941 жылы Павлодар облысы Аққулы аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылады. Гвардия аға лейтенанты, гвардия лейтенанты, лейтенант әскери шендерін иеленген. 47-ші гвардиялық атқыштар полкі, 15-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы, 57-ші атқыштар корпусы, 170-ші резервтік атқыштар полкі және  6-резервтік атқыштар бригадасында қызмет көрсетті. 1941-1943 жылдары соғыста  екі рет жараланған. 1944 жылы «Қызыл жұлдыз» орденін иеленгеннен кейін  қаза тапқан. Ол 1944 жылы 25 сәуірде Днестр өзенінен өту кезінде ерлікпен қаза тапты. Осы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағына (қаза тапқаннан кейін) ұсынылған.

Марапат парағында былай деп жазылады:

«Гончаров жолдас атқыштар ротасының командирі ретінде Днестр өзенінің оң жағалауына алғашқылардың бірі болып қарсыластың мықты артиллериялық және пулемет отының астында қолда бар құралдармен өтіп шықты. Ерлік пен батылдық көрсетіп, ротаны жау оғынан аман алып шығып, шабуылға шығып, аумақты кеңейтті. Бендеры қаласының солтүстік-батыс жағынан шабуыл жасап, ротасы тапсырманы сәтті орындады. Түнгі басқарудың қиындығына қарамастан, Гончаров ұрыс шебінде болып, ротаны жаудың мықты артиллериялық отының астында нақты бағытта бастап өтті. Ұрыстың нәтижесі қысқа, дәл артиллериялық соққымен шешілді. Жау 80-ге жуық сарбазынан айырылып, 4 неміс тұтқынға алынды. Гончаров бастаған рота жаудың қарсы шабуылға арналған шебін (танкіге қарсы ор) басып алып, миномет пен артиллериядан аман шығып, биіктіктің шоқысына бірінші болып жетті. Осы ұрыста Гончаров жолдас ерлікпен қаза тапты».

 

Ерлігі еленбей қалған батырлардың қатарында Сембай Қалиев те бар. Ол 1916 жылы Павлодар облысы, қазіргі Аққулы ауданы, Қазы ауылында дүниеге келген. Соғыстың дәмін 1938 жылы, Халкин-Гол аймағында жапондарға қарсы соғыста татты. 1940 жылдың күзінде әскери міндетін абыроймен атқарып, елге аман-сау оралған болатын. Ұлы Отан соғысы басталып, Сембай Қалиұлы қайтадан майдан шебінен табылды. Алдымен Қиыр Шығысқа артиллерия полкіне жіберілді. Кейін Мәскеудің түбінде десант бригадасындағы барлаушылар даярлайтын қысқа мерзімді курсқа қабылданды.

Сол кездегі әскери «Советский воин» газеті зеңбірек командирі Сембай Қалиевтің жауынгерлік ерлігі жайында сан рет жазды. Осы газеттің 1945 жылғы 18 қарашадағы 169-нөмірінде «Біздің құрамалардың мақтанышы» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Онда гвардия аға лейтенанты М.Мельситов былай деп жазыпты:

«…1945 жылдың 11 қаңтары. Будапешт үшін ауыр шайқастар жүріп жатқан шақ. Немістер біздің қорғаныс шебімізді бұзып өтіп, маңызы зор тас жолды басып алу мақсатында Сембай Қалиев пен Николай Любченконың зеңбіректері тұрған участокқа бір рота автоматты десанты бар 36 танкті және 24 брондытранспортерлерді әкеп төкті.

Бірақ батыл да ержүрек зеңбірекшілер бұдан тайсалған жоқ. Жау техникасын батыл тойтарыс берумен қарсы алды».

Осы бетпе-бет айқаста С.Қалиевтің зеңбірекшілері немістің болат құрсанған бір «Тигр», екі «Пантера» танкі мен жеті брондытранспортерін атып, өртеп жіберді. Сол күні артиллерия полкінің командирі, гвардия подполковнигі С.Коннов қол қойып, С.Қалиевті Кеңес Одағының батыры атағына ұсынып, «Алтын жұлдыз» ордені мен «Ленин» орденін қатар беруін өтініш етеді.

 

Сәбит Ахметбеков 1920 жылы Павлодар облысы қазіргі Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 1940 жылы Қызыл әскер қатарына алынған.

1-ші гвардиялық  танк армиясы 11-ші гвардиялық танк корпусының 44-гвардиялық танк бригадасына қарасты 112-моторландырылған автоматшы батальон құрамында соғысқан. Атқыш, бөлімше командирі, гвардиялық старшина болған.

1944 жылы наурыз айында қауіпті сәтте дұшпанның траншеясын ең бірінші болып бұзып-жарып, граната лақтырып, 20-дан астам солдат, офицерді мерт қылған. Бұл ұрыста оның бөлімшесі 65 дұшпанды жер жастандырған. Келесі күні жаудың 5 автомашинасын, 100-ден астам неміс солдаты мен офицерін жойып, Колодрубка елді мекені маңында ең бірінші Днестр өзенінен жүзіп өтіп, Румын шекарасындағы өткелді басып алып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.

Бұл ерлігі үшін 1944  жылы сәуір айында «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылған. Бұл ұсыныс қабылданбаған. 1944 жылы мамыр айында жауынгерлік «Қызыл ту» орденімен марапатталған.

Соғыстан аман-есен оралған. Ақтоғай ауданында шаруа қожалығында, қырманда меңгеруші болып еңбек еткен. 1969 жылы Павлодар облысы қазіргі Ақсу қаласы маңында жерленген.

 

Батыр атағы бұйырмай қалған жерлестеріміздің бірі – Зейтін Байжанов. Ол 1915 жылы Павлодар облысында туған. 1941  жылы Баянауыл ауданынан әскерге шақырылды.  Гвардия аға сержанты. 61-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына қарасты 7-ші гвардиялық атқыштар полкі, снайперлік бөлімшенің командирі болды. Кеңес Одағының батыры атағына екі мәрте ұсынылып, екі жағдайда да құпталмаған.

Ол ату қаруын жақсы меңгерген, сондықтан 1942 жылдың қараша айынан бастап ұрыс алаңына шықты. Жерлесіміз майданда сарбаздарға өз білгенін үйретті. Айналасы 3 айдың ішінде 50 мерген дайындап шықты. Полк снайперлері бір ұрыста 128 неміс сарбазы мен офицерінің көзін жойды. «Ленин» және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталды. Сол кездегі марапат парағында:

«…Жолдас Байжанов жас снайперлерді оқыту мен тәрбиелеу бойынша ерекше жұмыс атқарды. 1943 жылдың сәуір айынан бастап ол 72 снайперді дайындады. Бұл снайперлер  тобы 632 неміс жауынгері мен офицерін жойды. Неміс-фашист басқыншыларымен күресте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін 248 жаудың жауынгері мен офицерін жойғаны үшін Кеңес Одағының батыры  атағын алуға лайықты» делінген.

 

Уақас Алтаев 1925 жылы туған. Ол 270-ші Демидов атқыштар дивизиясы, 777-ші атқыштар полкінің 8-ші атқыштар ротасының жауынгері болды. Әскерге 1942 жылы Павлодар облысы қазіргі Успен аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған.

Уақас Алтаев 1944 жылғы 26 маусымда Витебск облысы, Надеждино ауылы маңында Батыс Двина өзенінен өту кезінде бірінші болып қайықпен өзеннен өтті. Автоматтан оқ жаудырып,  ондаған жау солдатын жойды және «Ура!» деп ұрандап, қарсыластың траншеясына бірінші болып басып кірді. Ол өз взводымен бірге жаудың екі қорғаныс шебін басып алып, батыл түрде қарсыласты өкшелей қуып, ұрыс жүргізді. Батыр 1944 жылы шілдеде «Қызыл ту» орденімен марапатталған.

 

«Ұмытылмаған қаһармандар» жобасының тағы бір кейіпкері Әбіш Сағаділов 1917 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Әскер қатарына 1937 жылы қазан айында Баянауыл аудандық әскери комиссариатынан алынған. 1941 жылы Жаяу әскер училищесін лейтенант шенімен бітірген. Ұлы Отан соғысына 1942  жылы желтоқсанда Алматы қалалық әскери комиссариатынан алынған.  Майданда 4 рет жараланған.

Ол Батыс майданы 50-ші армияның 326-шы атқыштар дивизиясы  1101-ші атқыштар полкында рота командирі болды. Кейін 59-шы армияның 245-ші атқыштар дивизиясы 24-ші дербес шабуылдаушы атқыштар батальонындағы 1-ші атқыштар ротасының командирі атанды. Әбіш Сағаділов лейтенант, аға лейтенант, капитан, майор шендерін алды.

Капитан Сағаділовтің ротасы жаудың 600-ден астам солдаты мен офицерін қырып, 47 автомашина, 2 танкіні жойып, 2 майор мен 1 подполковникті қолға түсіреді. Жеке өзі дұшпанның 27 солдаты мен 3 офицерін жер жастандырып, танк,  автомашиналарды өртеп, Подгужи темір жолын басып алған.

Бұл ерлігі үшін 1945 жылы қаңтар айында Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылады. Өкінішке қарай, бұл атақ берілмеген. 1945 жылдың ақпан айында «Қызыл ту» орденімен марапатталған.

 

Әбілқайыр Жүнісов 1923 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 1943 жылы Ресей Федерациясының Калуга облысы Спаск-Демянский ауданы Суборь елді мекенінде жерленген.

Қызыл Әскер қатарына 1942 жылдың қыркүйек айында Павлодар аудандық  әскери комиссариатынан алынған.  10-шы армияның 247-ші атқыштар дивизиясы 920-шы атқыштар полкінің 2-ші атқыштар батальонына қарасты миномет ротасының комсомол ұйымдастырушысы, кіші сержант атанды.

Ол 1943 жылы тамызда Калуга облысы Спаск-Демянский ауданы Суборь елді мекенінде 247-ші атқыштар дивизиясы  сан жағынан басым жаудың шабуылына қарсы тойтарыс беріп, жойқын ұрыс жүргізеді.  2-атқыштар батальоны миномет ротасының  19 миналақтырғышы қанды ұрыста жаудың 30-дан астам солдаты мен офицерін қырып салады.

Келесі күні оларға жау 2 батальон жаяу әскер, 2 ауыр танк және авиациямен шабуыл жасайды. Рота командирі аға лейтенант Ершов, взвод командирлері – лейтенант Мирошниченко, лейтенант Шмелев, лейтенант Макеев, рота аға сержанты Валдышкин, кіші сержант Жүнісов ерлік көрсетті. 19 миналақтырғыштың 16-сы қаза болады. Жау 250 солдат пен офицерден айырылады. Өте маңызды тапсырманы орындағаны үшін кіші сержант Жүнісовті «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынады. Жауынгер 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен екі мәрте марапатталған.

 

Қабден Әзімжанов 1916 жылы туған. 1939 жылдың қазан айында Павлодар облысы Ертіс  аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылады.  374-ші армиялық жойғыш-танкқа қарсы артиллериялық полкте қызмет көрсетеді. Старшина Қабден Әзімжанов 1943 жылғы шабуыл шайқастары кезінде ерекше ерлік пен батылдық танытты. 1943 жылғы 16 тамызда Логачевка ауылы маңында өз қаруымен жаудың танк шабуылын тойтарып, алдыңғы T-VI үлгісіндегі танкті жойды. 28 тамызда Константиновка ауылында және 1 қыркүйекте Север ауылында екі орташа танкті жойған. 1943 жылы 15 қазанда жаудың екі танктік пулеметін және 75 миллиметрлік зеңбірегін жойды. Ол қару есебін үлгілі түрде ұйымдастырып, үш наводчикті оқытып шығарды, жеке құрамды Отанға шексіз адалдық рухында тәрбиеледі. Артиллерия майоры А.Брейда Қабден Әзімжановқа Кеңес Одағының батыры атағын беруді ұсынған. 1944 жылы 10 сәуірде командалық тапсырмаларды үлгілі орындағаны үшін 374-ші армиялық жойғыш-танкқа қарсы артиллериялық полктің қару командирі старшина Қабден Әзімжанов ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. 1944 жылғы 20 мамырдағы наградтау парағында мынадай жазба бар:

«1944 жылғы 10–11 мамырда Днепр өзенінің оң жағалауындағы Спея ауылы маңында старшина Қабден Әзімжанов взводымен бірге Господский двор ауданында қорғанысқа тұрды. Жау сегіз мәрте шабуылдады, алайда олардың барлығы тойтарылды. Старшинаның өзі 25 жауды жойды. Кейін ол хабар-ошарсыз кетті. Қабден Әзімжанов І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен (қаза тапқаннан кейін) марапатталуға лайық».

Жерлесіміз 1944 жылы 11 мамырда қаза тапқан.

Түйін:

Жоба авторлары талай жылдан бері барлық мүдделі мекемелерге хат жолдап, архивтермен, отбасылық мұрағаттармен жұмыс істеп келеді. Жоғарыдағы батырлардың ұрпақтарын да іздестіруде.

Қоғам белсенділері жауынгерлердің ұрпағы тарихи әділдікке қол жеткізуге көмектесетін деректер, материалдар, фотосуреттер ұсынар деген үмітте. Бұл ретте мәліметтерді Павлодар қаласы Жеңіс алаңы көшесі, 15-үй мекенжайында орналасқан облыстық ардагерлер кеңесіне ұсынуға боларын еске салады.

«Айқарманы» әзірлеген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.