Дүниені дүр сілкіндірген сонау соғыс жылдарында елін қорғап, ерлік көрсеткен майдангерлердің қатарында біздің әкеміз — Сағи Бегімжанұлы Түсіпов те бар. Егер ол тірі болса, жақында 100 жасқа толар еді. Бүгінде ортамызда асқар тау әкеміздің өзі болмаса да, артында қалған ұрпақтары оның жарқын бейнесін жадынан шығармай, рухына тағзым етуде.
Әкеміз Сағи Бегімжанұлы 1925 жылдың 15 мамыры күні Павлодар облысы, Аққулы ауданының (Лебяжі) Зор-Октябрь ауылында дүниеге келген. Туып-өскен жеріндегі сегізжылдық мектепті бітірді. Сөйтіп, 18 жасқа толғанда, яғни 1943 жылдың ақпан айында соғысқа аттанды. Жас жауынгер Смоленск, Батыс Украина жерле-рінде неміс-фашист басқыншыларымен шайқасты. Өзінің айтуынша, 1943-1944 жылдар аралығында 39-шы және 51-ші атқыштар полкінің құрамында болып, жауға қарсы соғысты. Отан үшін кеудесін оққа төсеген ол ефрейтор шенін алды. Жанын аямаған жас жауынгер 1944 жылдың маусым айында оң жақ аяғын жарақаттап, біраз уақыт әскери госпитальда емделіп, қайта қатарға қосылады. 1944 жылдың қазан айында 242-ші атқыштар полкіне ауыстырылды. 1945 жылдың 19 сәуірінде Австрия елінің Радкерсбург қаласын азат етуге қосқан үлесі ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалі, 1945 жылдың 9 мамырында «Ұлы Отан соғысындағы Германияға қарсы жеңісі үшін» медалімен марапатталды.
Әкеміз соғыстан кейінгі жылдары да көп құрмет-қошеметке бөленді. Атап айтар болсақ, 1967 жылы Жоғары Кеңес Президиумының «СССР Қарулы күштерінің 50 жылдығы» медалі, 1985 жылы Ұлы Отан соғысында көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін «Отан соғысы» ордені, 1988 жылы «СССР Қарулы күштерінің 70 жылдығы» және 1997 жылы Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков медалін алды.
Бірнеше жылға созылған сұм соғыс аяқталғаннан кейін, яғни 1945 жылдың тамыз айынан бастап Иркутск қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтеп, 1948 жылдың 16 ақпаны күні аман-есен елге оралады. Бұдан кейін Семей облысы, Бесқарағай ауданына қарасты ішкі істер бөлімінде қызмет істеп, 1954 жылы анамыз Зура екеуі шаңырақ көтереді. 1957 жылдары отбасы жағдайына байланысты қайтадан туған жеріне қоныс аударып, мал шаруашылығымен айналысады. Еңбекқор ата-анамыз озат шопандар қатарынан көріне білді. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстардан да қол үзбей, 1969 жылы әкеміз Шарбақты кеңес округінің депутаты болып сайланды. 1966 жылы «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің социалистік жарыстағы үздігі» белгісімен марапатталды. Сондай-ақ, 1967 жылы және 1974 жылдары «КСРО халық шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін» екі мәрте қола медаль иегері атанды. 1973 жылы Павлодар облыстық атқару комитетінің «Социалистік жарыс жеңімпазы» медалімен, бірнеше мәрте Павлодар кәсіподағының облыстық Кеңесі Президиумының өндірістік және қоғамдық жұмысына белсенді қатысқаны үшін «Құрмет грамотасымен», ауыл шаруашылығындағы үздік көрсеткіштері үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Ерен ерлік, еселі еңбегімен еліне сыйлы бола білген ол 1985 жылы зейнеткерлікке шығып, 2001 жылы 76 жасында дүниеден өтті. Ардақты әкеміз бен аяулы анамыз 9 қыз, 4 ұл тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда олардан 42 немере, 59 шөбере, 13 шөпшек еріп, бейбіт өмір сүруде.
Осы ұрпақтары жуырда әкеміздің ғасыр тойын атап өтіп, жерлестерінің құрметіне мерекелік іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сол арқылы соғыс ардагері Сағи Бегімжанұлын кейінгі жас буын танып-біліп, естеріне алып жүрсе екен деген ойымыз бар.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында марқұм әкемізді сағынышпен еске ала отырып, жаныңыз жәннатта болсын дейміз.
Құрметпен, балалары.