Әке туралы естелік

Мам 15, 2025

«Отан – отбасынан басталады» — деген аталы сөз бар. Отан — әркімнің кіндік кесіп, кір жуған жері, әркімнің балалық шақ, жастық шағы өткен жері. Адам ең бірінші кезекте өзінің туған жеріне борышты. Өйткені, кім-кімнің болмасын азамат болып қалыптасуы, жер басып жүруі туған жердің арқасы. Әркім үшін атамекенінен киелі, қымбат, қасиетті жер болмайды.

«Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз тегін айтылмаған. Ауыл — әркімнің ажары, оның алған мақтауы, жақсы атағы сен үшін зор абырой. Сондықтан әр азамат оның көркем болғанын, абырой– атағының биік болғанын қалайды.

Менің бұл кіріспе сөздерім әкем Нокин Бағау Нөкеұлы өзінің көзі тірісінде жазған, өмірбаян естеліктерінде айтылған қағида сөздері еді. Яғни, менің жазайын дегенім Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз, қадірлі әке Бағау Нөкеұлы туралы. Ертеректе, бала күнімде 9 мамыр — Жеңіс күні мереке болып сезілетін еді. Бірақ жылдар өткен сайын бұл күн бұрынғыдай қуаныш сезімін тудырмай мені бір басқаша оймен, толғаумен қарсы алуға мәжбүр етеді. Қазақта «Әке — балаға сыншы» деген сөз бар. Демек, маған «Менің әкем» деген ұғым өмірімде күні бүгінге дейін жетекші жұлдыздай болып келеді. Сондықтан әкем жайлы бірер сөз жазуды балалық парыз деп ойладым. Әкеме деген алғысымды айтқым келеді.

Әкеміз 1923 жылы 21 ақпанда Павлодар облысы Шарбақты ауданы Мәмбетқұл ауылында орта шаруаның шаңырағында дүниеге келген. Үлкен ағасы Сәтбек 1917 жылы, інісі Мағауия 1927 жылы туған. Бауырларында анасынан ерте қалған Қамаш атты жиен қарындастары болған. Ұлы Отан соғысы басталған кезде бір ғана Мәмбетқұл ауылынан 31 азамат әскер қатарына алынып, соғысқа аттанған екен. Олар Отанның қай жерінде, қай саласында болса да неміс басқыншыларын талқандауға өз күш-жігерлерін жұмсап, бейбіт халықты азат етуге зор үлес қосты.

Әкемнің ағасы Сәтбек Нокин әскер қатарына 1941 жылдың 23 шілдесінде шақырылып, елге 1946 жылы Берлиннен бірақ оралды. Бұл кісі 1971 жылы 54 жасында дүниеден өтті. Сәтбектің майданда жүріп елге жазған бірер хатынан үзінді:

Июльдің 23-де келді қағаз,

Ілінді бұл қағазға неше сабаз.

Сіздерге қоштасуға бара алмадым,

Өйткені өте тығыз, уақытта аз.

Бірінші сізге сәлем, ата-ана,

Тілегі ата-ананың болар бала,

Бағау мен Мағауия — қос қанатым,

Қамаш пен Ерсайынға сәлем және, — деп үйде қалған ата-анасына, бауырлары мен қарындасына осындай хат жолдайды.

Соғыста жазылған хаттар

Ал енді әкем Нокин Бағау Қызыл әскер қатарына араға 7 ай өте өзі де шақырылады. 5 наурыз 1942 жылы Тамбовтан Семейге уақытша орналасқан Қызыл Тулы Жаяу әскер училищесіне алынады. Арада біраз уақыт өткен соң денсаулығы бойынша босатылады. Бірақ 1942 жылы 20 мамырда әскер қатарына қайта шақырылып, Қазақстанда жасақталған 238-атқыштар дивизиясының 830-атқыштар полкімен Смоленск бағытындағы майданда болады. 830-атқыштар полкінде нәсілі орыс емес ұлттар арасында үгітшілік (полит-
рук) қызметін атқарады. Сол 830-полкта партия қатарына коменданттыққа өтеді. Әкейдің жазған естеліктеріне сүйенсек, полкта көптеген басқа ұлт өкілдері болған. Осы басқа ұлттар арасында үгіт-насихат қызметін жүргізуге баулыған 830-атқыштар полкының аға комиссары А.Зиновьев деген адам болған. Әкей бұл адамның есімін ерекше ілтипатпен атайды. Мен әкейдің жазған естеліктеріне сүйене отыра, осы аталмыш дивизия мен полктың тұрған жері, соғысқа қатысқан жерлері, командирлеріне қатысты Ресейдегі Қорғаныс Министрлігінің Орталық мұрағатынан деректер таптым. Сол деректердің ішінде аға полк комиссары А.Зиновьевтің де есімі бар.

1943 жылдың қаңтар айының бас кезінде Великие Луки қаласы үшін болған шайқаста әкей «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Наурыз айының соңында мина жарылысынан ауыр жарақат алып, сәуір айында елге оралады. Иваново қаласының эвакогоспиталінде жатқан мезгілде кәрі–жас замандастарына жазған хатынан үзінді:

Хат жаздым сіздерге

                                арнап, ата-анам,

Қолынан жараланып

                                  жатыр балаң.

Еліме амандықты білдіруге,

Қолыма жазайын деп

                                    алдым қалам.

Мұқа аға,  көзіңді сал біздің үйге,

Реніш кездеспесін бөтен күйге.

Жастықпен қате басқан

                                        кезім болса,

Кек сақтап, жүрегіңе етіп жүрме.

Сәлем де Әтеке, Отан, Мәди аға,

Қалдырмай үй ішінен бала-шаға.

Туыстық сәлемімді 

                                мен жолдаймын

Әніз, Зекен, жеңгеміз Рахимаға,

Қадірен, Сатыбалды,

                                Қабыш, Саттар,

Сіздерден келеді дейді

                                жазған хаттар.

Алысып фашистермен

                                   жүрсіздер ғой,

Жеңіспен оралыңдар, азаматтар! — деп ағайын-туыстарына осындай хаттар жазады.

Соғыстан кейінгі кездері әкей ұстаздық қызметпен айналысады. 1958 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогика институтына сырттай оқу бөліміне түсіп, бұл оқу орнын 1963 жылы ойдағыдай аяқтайды. Сол уақыттан бері Павлодар облысының біраз өңірінде ұстаз, мектеп директоры болып қызмет атқарады. Алпысыншы жылдары Краснокутск ауданында мұғалім, мектеп директоры болды. 1972 жылы Павлодар облысы, Лебяжі ауданы Қорт ауылының Жаңаауыл 8 жылдық мектебіне директорлыққа тағайындалады.

Ескерткіш

Арада Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерейтойы да алыс емес еді. Жаңаауыл 8 жылдық мектебінде 1970 жылдары ұстаз болып жүрген соғыс ардагері Сартаев Мырзахан, Жәнібеков Оспан, Сексенбаев Сүлеймен атты ақса-қалдар бар еді. Енді осы азаматтардың қатарына әкем де қосылды. Сартаев Мырзахан мен Сексенбаев Сүлеймен Қызыл әскер қатарына 1936 жылдан бастап, соғыстың соңғы күніне дейін қан майданда болған ардагерлер еді. Жәнібеков Оспан да — 2-топтағы мүгедек, ардагер-ұстаз болатын. Бұл ардагерлер соғыстың ащы дәмін көрген, білген жандар еді. Мектеп жиынында әкей мұғалімдердің алдына Қорт ауылынан соғыста қаза тапқан боздақтарға арнап ескерткіш көтерсек деген ұсыныс жасайды. Бұл ұсынысты мұғалімдер ұжымы бір ауыздан қолдайды. Ендігі мақсат — бұл мәселені ауыл тұрғындарының алдында талқылау керек еді. Сөйтіп,  әкейдің бастамасына сол кезде Қорт ауылының басшысы болған Жанғазин Жұмабай, ауыл азаматтары Қабдулин Мерғалым, Смағұлов Саттар деген ағалар және ауыл комсоргы болған Темірғалиев Ертай, Шарденов Боран сынды жастар да қолдайды. Бұл істің басына бөлімше механизаторларының бригадирі Сапаров Табылды, әйгілі трактористер Төлеуов Бәйтен, Шәкиев Көшербай және басқа да жұмысшылар келеді. Ескерткіш орнату үшін қаражат мәселесі де шешіле бастайды. Ауыл жастары жұдырықтай жұмылып түрлі сенбіліктер жасап, қаржы жинауға кіріседі. Бөлімше адамдарымен жиналыс ашып, олармен ақылдасып, әрбір жұмысшы «жерлестеріміз үшін ешқандай ақша аямаймыз, қанша керек болса сонша береміз» — деп бір-екі күндік еңбекақыларын, тіпті кейбір азаматтар 30,40,50 сомнан ақша береді. Осындай қаржы жинауда бәріне үлгі болған шопан Әбділов Әкімжан 50 сом, Ұлы Отан соғысының 1-топтағы мүгедегі Бихиянов Мямлям —
40 сом, ардагер Түсіпханов Жұмажан — 30 сом, т.б. бас болып жетерліктей қаржы жинаған. Әкей бөлімше басшысы Жанғазин Жұмабай екеуі Алтай өлкесінен керекті құрал-жабдықтар, мамандар әкелді. Ал енді мектеп мұғалімдері Бихиянова Хадиша, Кабдуллина Жанат, Сейсенбаева Зина және басқа мұғалімдер ауылда үй басына кіріп, кімнің үйінен соғыста қандай азамат қаза тапты, елге оралмады деген деректер жинаумен болды. Кішкене ғана Қорт ауылынан соғыс жалынында кеткен 105 сарбаздың есімі мәрмәр тасқа қашалып жазылды. Ескерткіштің ашылу рәсімі 1975 жылдың 9 мамырында өтті. Лентаны салтанатты қию рәсімі Ұлы Отан соғысының ардагері «Даңқ» орденінің екі мәрте иегері Қарағожин Еркөкшенің үлесіне тиді. Ескерткіш ауыл алаңына орналасқандықтан, 350-ге жуық ағаш отырғызылып, маңайы қоршалған. Қыс мезгілінде бұл алаңға мұз айдыны салынып, электр шамдары орнатылып, кезінде ауыл жастары мен балаларының демалыс орнына айналған еді. Егілген ағаштар жыл өткен сайын жапырақ жайып, ауылдың ажарын ашты. Әкем Бағау  Нокин құрметті демалысқа 1979 жылы шыққанымен жұмысын жалғастыра берді. 1985 жылы Ұлы Жеңістің
40 жылдығына орай 2-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. «КСРО Халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген белгінің иегері. Әкей қай жерлерде жүрмесін, отырыстарда соғыс туралы әңгімелерді қозғамайтын. Бірақ соғыста қаза тапқан жерлестері мен жолдастарын есінен ешқашанда шығарған емес. Енді міне, әкейдің бізге, болашақ ұрпаққа қалдырған игі істерін біз әрдайым жанымызда сақтаймыз деп сенемін. Әкейдің айтқан нақыл сөздері, ойлары маған осы күнге дейін жетекші жұлдыз ретінде келе жатқандай сезіледі. Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз, мен үшін ардақты әке Бағау Нокин туралы естелік әкеме тағзым екенін білдіргім келеді. Рақмет саған, жан әке!

Марат НОКИН,  ұрпағы.