Елімізде «Антифрод» жүйесі жұмыс істейді. Бұл — жалған нөмірлерден шетелден түскен телефон қоңы-рауларын бұғаттау мүмкіндігі бар жүйе. Дәл осы орталықтың көме-гімен жыл басынан бері шетелден жалған нөмірден шалынған 67 млн қоңыраудың жолын кесті.
Нәтижесінде қазақстандықтардың 2,6 млрд теңгесін сақтап қалуға жәрдемдескен. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді. Оның айтуынша, «Антифрод-орталық» шеңберінде екінші деңгейлі банктермен бірлесе, өзара әрекеттестік орнаған. Бұл платформаның көмегімен ел азаматтарының 2,6 млрд теңге ақшасын шетелге шығарудың алдын алған. Яғни, алаяқтар қазақстандықтардың шотындағы қаржыларын қолды етуге қамданған.
— Байланыс операторларымен бірлесіп, «Антифрод» жүйесі енгізілді. Оның көмегімен шетелден жалған нөмірлерден түскен 66,9 млн телефон қоңырауы бұғатталды. Мұның бәрі біздің департаменттің серіктестерімен бірге өзара әрекеті нәтижесінде мүмкін болды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 870 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, — дейді Жандос Сүйінбай.
Қазіргі таңда Қазақстанда алаяқтарға несие беру тәуекелдерін төмендетуге бағытталған бірқатар заңнамалық нормалар қабылданғанын атап өтті. Енді «Байланыс туралы» заңға толықтырулар енгізу жоспарланып отыр. Нақтысы, бұдан былай азаматтар 10-нан артық нөмірді тіркеуге қажетті негіздемелерді байланыс операторларына тапсыруы міндеттеледі. Сонымен қатар, абоненттік нөмірлер тек биометрикалық сәйкестендіру арқылы тіркелетін болады. Қазақстанға алаяқтық жасауға мүмкіндік беретін сим-бокстар кіргізуге, тіркеуге, сатуға және пайдалануға шектеу енгізілмек.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.