Қазақстанда Ұлттық ұлан қызметкерлері үшін қызмет орнынан анықтаманы алу енді онлайн түрде қолжетімді. Оны eGov.kz порталы арқылы алады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметі бойынша, жаңа цифрлық қызмет небәрі бірнеше минут ішінде ресми құжатты рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл қадам анықтама алу рәсімін айтарлықтай жеңілдетіп, уақытты үнемдейді.
Қызмет тегін ұсынылады және тек ҚР Ұлттық ұланының қызметтегі әскери қызметшілеріне ғана қолжетімді. Өтінім толтырылған кезде қызметкердің қызмет орны туралы деректер ақпараттық жүйелер арқылы расталса, анықтама автоматты түрде түзіледі және өтінімнің мәртебе бетінде жүктеуге жол ашық болады.
Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Әскери есеп және қауіпсіздік» –
«Әскери қызмет» бөлімін таңдау керек. «ҚР Ұлттық ұланының «жұмыс (қызмет) орнынан анықтама» қызметін таңдап, «Онлайн сұрау» батырмасын басу қажет болады. «Келесі» батырмасын басып, өтінімді қол қою тәсілдерінің бірімен растайды. Қызметтің нәтижесі пайдаланушының Жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде тұрады. Егер өтініш беруші ҚР Ұлттық ұланының қатарында болмаса, жүйе себебін көрсете отырып, бас тарту туралы жауап береді. Құжаттың қолданылу мерзімі –
10 күнтізбелік күн екенін ескеру керек.
Бұл қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің көрсетілетін Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР ІІМ Ұлттық ұланының бірлескен жұмысы нәтижесінде іске қосылып отыр.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.