Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің ақпарат алмасуын отандық мессенджерге ауыстыру мәселесінің айтылғанына біраз уақыт болды. Бірнеше апта бұрын еліміздің Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігі биыл қыркүйек айының 15-інде барлық мемлекеттік қызметші ұлттық aitu платформасына көшетінін мәлімдеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
Министрлік, бұл ретте, өзге шетелдік мессенджерлерге тыйым салынып, шектеу қойылады дегенді білдірмейтінін де ашып айтты. Яғни, ұлттық мессенджерге көшудегі басты мақсат – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Мамандардың айтуынша, тегін қазақстандық сервис арқылы лезде хабарлама және дыбыстық байланыспен ақпарат алмаса алады. Мұнда мәтіндік, дыбыстық хабарламалар алып қана қоймайды, дыбыстық және бейнеқоңырау шалу мүмкіндігі бар. Суреттер, құжаттар жолдау жағдайы да жасалған. Қосымшаға тіркелу үшін ұялы телефон нөмірі қажет етіледі. Google play немесе AppStore қосымшасынан жүктеп алады.
Бұл ұлттық платформаны отандық BTS Digital компаниясы алты жыл бұрын әзірлеген екен. Естеріңізге сала кетейік, биыл 11 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектті дамыту мәселелері сөз болған жиында бес жыл ішінде Қазақстанның цифрлық мемлекетке айналуы керектігін атап өтті. Оған жету жолында дербес деректері бар барлық коммуникацияларды қорғалған ұлттық мессенджер – Aitu-ға көшуді тапсырды. Үкімет басшысы бір аптадан кейін барлық мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін толық көшуі туралы жоспарды бекітті.
Отандық мессенджерге көшу туралы ақпарат пайда болғаннан бері түрлі ой айтылуда. Қоғамда белгілі бір азаматқа тиесілі өнімді өткізу үшін міндеттеліп жатыр деген пікір де жоқ емес. Алайда, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев журналистердің сұрағына жауап беру кезінде мемлекеттік аппарат жұмысын отандық мессенджерге көшірудің перспективасы жайында мәлімет беріп, оның акционерлердің бірі «Қазақтелеком» АҚ екенін де атап өтті. Сондай-ақ, ол отандық өнімнің кімге тиесілі екендігі емес, ұлттық мүддені ілгерілету, сақтау, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі биік тұрғанын тілге тиек етті.
— Біз бұл ретте барлық мессенджерлерге тыйым салу керек деп тұрған жоқпыз. Мемлекеттік қызметте жұмыс барысында пайдаланылатын қызметтік ақпаратқа қатысты барынша ақпараттық қауіпсіздік шаралары іске асуы қажет. Сол тұрғыдан біз қызметтік мақсаттарда мемлекеттік қызметшілер қандай да бір құжаттарды, қызметтік ақпаратты жолдау, қайта жолдау, қызметтік мәселелерді талқылау кезінде ұлттық мессенджерді пайдалануына қадам басудамыз, — деді Ж.Мәдиев.
BTS Digital ЖШС компаниясының республикалық газеттердің біріне берген ақпаратына сүйенсек, Aitu – мессенджер ғана емес, бұл тұтас ақпараттық платформа. Оның ішінде коммуникация да, ойын-сауық та, қаржылық сервис те топтасқан. Былай айтқанда, азаматтар мен бизнестің цифрлық өмірге енуіне әмбебап платформа. Мемлекеттік деңгейде ұлттық мессенджерге назар аударылған соң пайдаланушылар қатары да еселенетіні анық. Осы орайда, компания пайдаланушылардың нөпіріне әзірлікті нығайта түскен көрінеді. Aitu коммуникацияларда барынша ыңғайлы, ақпарат алмасуға қауіпсіз болуын, ақпараттың ел аумағынан шықпауын қамтамасыз етуге мән беруде. Сонымен қатар, өнімнің көпшілікке түсінікті болуына назар аударылған көрінеді. Десе де, бұрын басқа байланысу алаңдарына үйреніп қалған пайдаланушылар үшін әрдайым айырмашылық болатынын да компания ескеріп отыр. Мәселен, қосымшада нұсқаулықтар көрсетілген арнасы мен бөлімі бар. Арнайы чат та қарастырылыпты. Ол арқылы пайдаланушылар толғандырған сұрақтарын қойып, жауап ала алады. Кері байланыс арқылы өнімді жетілдіруге компания мүдделі болып отыр.
Жалпы, отандық өнімді әзірлеушілер оның ҚР дербес деректерді сақтау және өңдеу туралы заңнамасының талаптарына сай екенін алға тартуда. Ақпараттық қауіпсіздік саласында халықаралық тәжірибелерді пайдаланады. Екі тараптың өзара байланысында, ақпарат алмасуында қорғалған арналарды қолданады. Компания мессенджер арқылы жолданатын деректердің тұтастығы мен құпиялылығын қамтамасыз етеді деп сендіріп отыр. Ылғи тексеру арқылы осал тұстарды жылдам анықтап, оны беріктеуге көңіл бөледі. Барлық медиа-файлдар мен хабар алмасу тарихы, яғни пайдаланушылық деректер Қазақстан аумағында өңделеді және осында сақталады. Шетелге шығу қаупіне тосқауыл бар көрінеді.
Бүгінде бұл ұлттық мессенджерге көшу облысымызда да біртіндеп қолға алынған көрінеді. Біз хабарласқан бірнеше басқармада ұлттық байланыс алаңына ауысу басталып кетіпті. Мәселен, облыстық цифрлық технологиялар басқармасында 13 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олар өткен аптада Aitu қосымшасына тіркеліп, мемлекеттік органның тобын құрыпты. Жаңа мессенджердің қыр-сырын меңгеріп, өзара қолдану тетіктерін тереңдете түспек. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған мемлекеттік органда да ұлттық платформаға біртіндеп көшу жүріп жатыр.