Соңғы жылдары IT-саланы меңгеруге ниетті жастар қатары артқан. Түрлі қосымша, стартаптар жарыса жасап, топ жарып та жүр. Сондай жігерлі жастардың бір бөлігі Pavlodar hub-та күндерін өткізеді. Жай отырмайды, қызығушылығы мен мүддесі ұштасқан ұл-қыздар бірлесіп, қоғамға пайдалы жобалар құрады. Павлодарлықтардың үлесі басым. Елімізде түрлі хакатондарға тіркелетіндер саны жағынан өңіріміз үш мегополистен кейін төртінші орын алатын көрінеді.
Идеямен келіп…
Astana hub автономды кластерлік қордың өңіріміздегі филиалы Pavlodar hub-тың директоры Нұргүл Жұмадиева елімізде өңірлік алаңдарды дамытуға ден қойылғанын айтады. Мұны Мемлекет басшысы стратегиялық міндет етіп жүктеді.
– Президент жолдауында барлық облыс орталықтарында тұтас инновациялық экожүйе құру қажеттігін атап өтті. Нәтижесінде әрбір өңірде филиалдар ашылды. Біздің мақса-тымыз – аймағымызда технологиялық ілгерілеуге ықпал ету. Стартап жоба-ларды дамытумен айналысудамыз. Стартапқа жарайтын идеясы бар жастар инкубациялық бағдарламалар көмегімен әрі қарай дамытуына жәрдемдесеміз. Былтыр алғаш рет өңірімізде «Startup Orda» бағдарламасы ұйымдастырылды. Мұнда Павлодардан 42 өтінім түсіп, олардың ішінен 17 жоба іріктеуден өтті. Олар екі ай бойы осы бағдарлама аясында оқыды, яғни, идеямен келіп, оны әзірлеуді, жобасын толық дамытуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде, дайын прототиптеріне қол жеткізді, кейбірі нарыққа да шықты, – дейді Н.Жұмадиева.
Биыл Шымкентте өткен Digital Qazaqstan форумы өткені белгілі. Нұргүл Жұмадиева дәл осы шара әр өңір IT-әлемінің орталығы бола алатынын аңғартқанын айтады. Жалпы, павлодарлық орталыққа кез келген аймақ тұрғыны келе алады. Жас ерекшелігінде ешбір шектеу жоқ. Бастысы, басында идеясы болса, ары қарай дамытуға мүмкіндік бар. Орталық облыста IT-комьюнитиді барынша дамытуды көздейді. Бұл дегеніңіз, қызығушылықтары мен мақсаттары ортақ адамдардың ортасын қалыптастыру мақсат етілген. Осылайша, Pavlodar hab-қа келіп, салаға етене енуге ниетті азаматтардың бір-бірін танып, бір-бірінен жаңа ақпарат алып, соңында бірлескен команда құруына ықпал жасалады. Мәселен, келушілердің бірі бағдарлама жасаушы, тағы бірі дизайнер делік. Екеуінің идеясы бір арнаға тоғысса, керемет стартап жоба дүниеге келеді. Жоба жасау барысында бір-бірін толықтырып, сәтті стартап алып шығады. Жалпы, мамандар бірнеше адам бірігіп жасағанда бір-біріне мотивация беріп, ілгерілеуге өте тиімді деген пікірде.
Кейбір кәсіпкерлер келіп, идеясын іске асырып, бизнесіне де елеулі өзгеріс әкеле алуда. Мысалы, Pavlodar hab-та инкубациялық «Startup Orda» бағдарламасын оқыған павлодарлық кәсіпкер жасанды интеллект элементі бар жүйе құрған. Ол жобасы кәсібінде сатылымды еселеуге бағытталған. Озық технологиялар тоғысқан оның кешенді шешімдері сатылымды түбегейлі трансформациялауға мүмкіндік берген. Тағы бір айта кетерлігі, жобасын кәсіпке айналдыруды көздейтіндер заңды тұлға ретінде тіркеліп, Astana hab-тың резиденті атана алады. Яғни, жұмысы жеміс береді. Бұл ретте, кәсібі қызметтің басымдық берілген түрлерінің тізіміне кірсе, резиденттерге салықтық жеңілдіктер қарастырылған көрінеді. Демек, технология әлемінде бизнесті дамытуға айтарлықтай қолдау бар.
Қуатты компьютерді қолданады
Бұл орталыққа оқушылар да, студенттер де көптеп келеді. Себебі, мұнда қуатты компьютерлер IT-салаға дендеп жатқандарға қолжетімді. Кез келген уақытта келіп, жұмысын тындыра алады. Филиал директорының айтуынша, коворкинг орталықта компьютерден бөлек интернет те тегін таратылады. Ноутбуктерімен келіп, емін-еркін бағдарламалауын жалғастыра береді. Компьютерлердің бейнекарталары өте үлкен көрінеді. Кез келген қосымша құруға қолайлы. Бағдарламалау тілдері де тиімді. Мұнда келетін жастар үйдегі компьютерімен салыстырып, осында бағдарламасын жазуға жайлы екенін түсініп жатады.
Хаб саланы дамытуды көзде-гендіктен түрлі хакатон, стартап жобалар жарыстарын жиі ұйымдастырады. Оның бәрі тегін. Азаматтар жобаларын таныстырып, сарапшылардың бағасын алады. Осылайша, IT-қауымдастыққа біртабан жақындай түседі. Орталыққа келген тұрғындарға IT-мамандары бағыт беріп, жол көрсетеді.
– Идеясыз келсе де, бағыт береміз. Әрине, алдымен, азаматтардың нені қалап, қандай мақсатпен келгенін анықтаймыз. Мәселен, осы салада мамандық меңгергісі келсе, Tech Orda-ға жолдаймыз. Онда онлайн, оффлайн түрде білім алады. Ал оқушылар үшін қысқа мерзімді курстар қарастырылған. Әлбетте, көп нәрсе адамдардың өздеріне байланысты. Өздігінен жұмыс істеуге ынтасы, талпынысы болуы тиіс. Бүгінде тегін түрлі платформалар да бар. Сол арқылы бағдарламалау тілдерін меңгеріп, өзін дамыта алады, – дейді филиал диреткоры.
Бұдан бөлек, павлодарлық филиал саланың үздік сарапшыларын спикер ретінде шақырып, өңір тұрғындарымен таныстырады. Олар өңірлік хабтарды дамытуға ниетті, сондықтан саладағы ең соңғы жаңалықтармен бөлісіп, білімдерін ортаға салуға ылғи ұмтылып тұратын көрінеді. Жаңадан IT-салаға аяқ басқан жастарға тәжірибелерін көрсетіп, кеңес береді.
Иә, қазіргі таңда өңіріміздегі хабтың орналасқан аймағы соншалықты кең емес. Мамандар алдағы уақытта кеңейеді деген үмітте. Әйтпесе, бүгінде үлкен кездесулерді өзге алаңдарда өткізуге мәжбүр. Себебі, мұнда ары кетсе 30 адам сыяды. Ал хакатон, стартап жобаларының жарыстарына бүгінде қатысушылар қатары 100-ден асып кеткен. Былтыр қыркүйекте хакатонда 100 адам қатысса, биыл 140 азамат, 50 команда өтініш берген. Яғни, қызығушылық айтарлықтай артқан.
Хаб-та қауырт тіршілікпен айналысып отырған павлодарлық жігіт Станислав Криченконы сөзге тарттық. Ол досы Ислам Күленовпен бірге Involve ecosystem атты жоба құруда. Әлеуметтік SuperApp-та бірнеше қосымша қарастырылған.
– Торайғыров университетінің Computer Science мамандығында 2-курста оқимын. Біздің жобамыз мүгедектігі бар адамдарға қатысты. Өзім де мүмкіндігі шектеулі жан болған соң айналамдағы өзім сияқты азаматтарға қажеттіні ескердік. Құратын экожүйемізден осы санаттағы тұрғындар түрлі қызмет ала алады. Көп функционалды мобильді қосымша-экожүйеде бірнеше сервис тоғысқан. Бірнеше бағыт қамтылады. Мәселен, инватаксиге тапсырыс беру, қолайлы маршрут, жайлы локация таңдауға көмектесетін қолжетімді карта, танысу сайты болады. Қосымшаға кіріп, өзіне қажетті элементті таңдайды. Бүгінгі таңда қолжетімді картамыз ашық, қолдануға болады. Бірақ, әлі де жетілдірудеміз. Инватакси бойынша келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық орнатудамыз. Танысу сайты да әзірленуде, – дейді Станислав.
Олар хабта жұмыс істеу жайлы екенін айтады. Мұнда бөгде дүниеге ой бөлінбей, ортақ міндетке күш бағыттауға таптырмайтын орын екенін айтады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
