Күдіктілерін көрсетіп береді

Шіл 17, 2025

Бүгінде павлодарлық студенттер IT-салада мықтылықтарын республика, әлем деңгейінде дәлелдеп жүр. Жуырда Қарағандыда өткен кезекті хакатонда аймағымыздың төрт жігіті топ жарды. Төрт тапқырдың таптырмас туындысы үздіктер қатарынан көрінген.

Енді бұл нендей жұмыс екеніне кеңірек тоқталайық. Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінде екінші курсты тәмамдаған Жапар Жігер, Аристид Попан-допуло, Бараат Кахималаев және Әділ Төлеубаев бірлесіп, өздерін Goodbalalar деп атаған. Топтың атын осылай атапты. Төртеуі мүдделес. Екі жылдан астам уақыт IT-салада қызығушылық танытып жүр. Олар – бұл бағытта күш біріктіріп, түрлі білім жарысында шыңдалуға шындап кіріскендер.

— Төртеуіміз де бір колледжде білім аламыз. Бірақ әртүрлі топта оқимыз. Білім ордамызда арнайы топ бар. Сонда танысып, ортақ қызығушылығымыз айқындалды. Бастапқыда жобаларды бірлесе жасай бастадық. Одан кейін хакатондарға белсене қатысуға кірістік, — дейді топ мүшесі Аристид Попандопуло.

Алғашқы нәтижелері де көрінуде. Білімді жастар жуырда Қарағанды әкімдігі мен ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп өткізген HackCor Hackathon-да жеңіске жетті. Үш күнге созылған хакатонға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 200-ден астам жас IT-маманы қатысқан. Оларға күдікті мемлекеттік сатып алуларды анықтауға арналған ЖИ-модулі жобасын немесе еріктілерге арналған мобильді қосымша әзірлеп шығару тапсырмасы берілген.

Павлодарлық топ мүшелерінің бірі Аристид Попандопулоның айтуынша, олар XGuard атты жасанды интеллект-ядросы базасында зияткерлік веб-платформа құрған.

— Біздің платформамыз — нақты мемлекеттік сатып алуларды талдауға және сыбайлас жемқорлықтың жасырын белгілерін анықтауға арналған заманауи шешім.  Жүйе баға ауытқуларын, сатып алуларды бөлшектеу деректерін, төмендетілген бәскелестікті және қатысушылар арасындағы үлестік байланысты автоматты түрде анықтаудың машиналық оқыту алгоритмдерін қолданады, — дейді команда мүшелері.

Xguard жасанды интеллектісінің негізгі ерекшелігі – бұл тар бейінді жасанды интеллекті боттардан тұратын модульді құрылым. Ал ол боттардың әрқайсысы талдаудың нақты бір типіне мамандандырылған көрінеді. Тәуекелдерді жан-жақты қамтуды қамтамасыз ету үшін функционалды пулдарға біріктіруге болады. Ал веб-платформаның жұмысының нәтижелері түрлі түсті визуалды есеп түрінде ұсынылады. Түсіне қарай потенциалды заңға қайшы тұстарды жылдам анықтауға және жік-жігімен жіктеуге мүмкіндік береді.

— Платформамыз әртүрлі ауқымдағы тапсырмаларды орындауға бейімделе алады. Яғни, жекелеген тендерлердің нақты талдауынан бастап сатып алу жүйесіне кешенді мониторинг жасауға дейін оңай икемделеді, — дейді жеңімпаз жігіттер.

Дәл осы жобалары Қарағандыда өткен IT-жарыста жеңімпаз деп танылды. Бұл хакатон оффлайн және онлайн форматта өтіпті. Павлодарлық команда қашықтықтан қатысқан. Қазылар алқасы жерлестеріміздің идеясына оң баға берген. Осылайша, жеңіске жеткен жігерлі жігіттер тобы 300 мың теңге сыйлыққа ие болды. Айта кетейік, бұған дейін аталмыш команда тағы бір іргелі жарыста топ жарған. Нақтысы, бір ай бұрын INNOVATION республикалық хакатонында жеңіске жетіп, 1 млн теңге ұтқан еді. Бұл сайыста олар ақылды Telegram-свайпер жасаған.

— Әлбетте, жарыстарға қатысуымыз бірден сәтті болып кеткен жоқ. Алғашында көп жеңіліп жүрдік. Одан кейін дағдыларымызды шыңдап, ізденіп, қателерімізден сабақ алып, бүгінде оң нәтиже көрсете бастадық. Қарағандыда өткен жарыста жеңімпаз деп танылған жобамызды әзірлеуге бір күнге жуық уақыт жұмсадық. Одан кейін таныстыруға дайындадық. Жалпы, командалық жұмыста әркімнің міндетін бөліп тастаймыз, — дейді жігерлі жігіттер.

Жеңімпаз студенттер мықты IT маманы болу үшін алатын ақпаратты дұрыс жеткізуді, логикалық дағдыларды жақсы меңгеру қажеттігін айтады. IT-cаласына мықтап кіріскен жастар болашақта жеке компания құруға ниетті. Мұнда олар кез келген салада қандай да бір қызмет түрлерін жеңілдетуге арналған әртүрлі сипаттағы платформалар мен бағдарламалық жасақтама әзірлеуге басымдық беруді жоспарлауда. Әрине, талпынған талантты жастар бүгінгі алған беттерінен танбаса, ол жемісті күнге де жетері сөзсіз. Олар қазіргі таңда елімізде IT бағыты қарыштап дамып жатқанына куә. Сондықтан, бір сәт дамылдамақ емес. Бірақ, бос уақытта дағдыларын шыңдаумен қатар демалысқа да көңіл бөлетіндерін айтады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.