Бүгінде қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңбұзушылықтарды көзіңіз шалса, құзырлы органға жедел жеткізудің түрлі тетіктері бар. Цифрлық технологияның нәтижесінде кең мүмкіндік беріліп отыр. Мәселен, былтыр Egov Mobile және интеграцияланған банктік қосымшалар арқылы құқықбұзушылықты хабарлауға арналған жеке цифрлық сервис іске қосылды.
Egov Mobile қосымшасының басты бетінде арнайы «Заң мен тәртіп» түймесі қарастырылған. Сол арқылы хабарламаны жедел жолдауға болады. Өтініш беру қарапайым әрі түсінікті. Қоғамдық тәртіпті бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы немесе балаға төнген қауіп сияқты жағдайлар туралы дабыл бірден полицияға түседі және полиция қызметкерлері хабарлама түскен сәттен бастап әрекет етеді. Мұндай сервис кейбір банк қосымшаларына да интеграцияланған. Демек, көпшілікке қолжетімді. Осылайша, Ішкі істер министрлігі саланы ауқымды цифрландыруға мән беріп отыр. Сервис тәулік бойы жұмыс істейді, өтініштер бүкіл ел аумағында қабылданады.
Павлодарлықтар да «Заң және тәртіп» сервисін кеңінен қолдануда. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қала тұрғындары құқықбұзушылықтар туралы хабарлау үшін цифрлық сервисті белсенді пайдалануда. Яғни, олар Egov Mobile және интеграцияланған банктік қосымшалар арқылы құқықбұзушылықтар жөнінде тікелей хабарлауда. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін мәтіндік немесе бейнеөтінішті жылдам әрі оңай жіберуге мүмкіндік беретін жеке белгіше жасалыпты. Тұрғындар түрлі құқықбұзушылықтар туралы ақпар береді.
– Биыл жыл басынан бері сервисті 51 адам пайдаланған. Өтініштердің жалпы санынан 10-ы «Омниканалдық» мобильді қосымшасы, 29-ы – Egov Mobile, ал 12-сі Kaspi.kz қосымшасы арқылы түскен. Мәселен, Академик Бектұров көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғыны Egov Mobile қосымшасы арқылы түнгі уақытта подъезд маңында екі ер адамның шулағаны туралы полицияға хабарлаған. Құқық қорғау органдары бұзақыларды анықтап, тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты, – дейді облыстық полиция департаменті Жедел басқару орталығы бастығының міндетін атқарушы Гомар Шабиденов.
Полиция өкілдері жобаның басты мақсаты – азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды барынша жедел әрі қолайлы ету, сондай-ақ көмекті әрбір адамға қолжетімді ету екенін атап өтті.
Жүйе былтыр жыл ортасында іске қосылған. Жыл соңына дейін сервис арқылы павлодарлықтардан 1206 хабарлама түскен. Полицияға омниканалдық жүйе арқылы азаматтар жол ережесін бұзған жүргізушілердің бейнежазбалары мен хабарламаларын жіберген. Яғни қарсы бағытқа шығу, қара пленкамен жабылған терезелермен жүру, стоп-сызықтан өтіп кету, сондай-ақ көршілердің шығаберісті бөгеп тастаған жағдайлары туралы хабарлапты. «Egov Mobile» қосымшасы арқылы да өтініштер тіркелген. Барлық факт бойынша құқық бұзушылар анықталып, жауапкершілікке тартылған.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
