Astana IT университеті ұйымдастырған AituRoboDrone 3.0 іріктеу кезеңі біздің өңірге де келіп жетті. Елімізде робототехника және ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған инженерлік сайыс осымен үшінші рет өткізілуде.
Байқау барысында қатысушылар дрондарды бағдарламалап, оларды түрлі техникалық сынақтардан өткізеді. Белгіленген уақытқа сәйкес тапсырмаларды сәтті орындау қажет. Сайыстың басты мақсаты — елімізде ұшқышсыз авиация саласын дамыту және кеңінен насихаттау, сондай-ақ жас мамандардың кәсіби тұрғыда өсуіне жағдай жасау. Сайыс үш түрлі бағытта өткізіледі: симулятордағы дрон жарысы, шағын-вуп дрондарымен жарыс және авиамодельдеу. Оған мектеп оқушыларынан ересектерге дейін қатысуға болады. Шараны ұйымдастырушы Astana IT университетінің аға лекторы Зарина Құтпанова әр салада отандық дрондардың қолданыста болғанын қалайды.
— Сайысқа қатысып жатқан қатысушыларға алғысымды білдіргім келеді. Себебі, олар еліміздегі технология саласының дамуына өз үлестерін қосуда. Жыл өткен сайын шараның өткізу ауқымы кеңейтіліп келеді. Өткен жылы 14 облыста байқау өткізген болсақ, осы жылы еліміздің барлық облыстарында іріктеу жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі кезде бір мезетте еліміздің бірнеше облысында іріктеу кезеңдері өткі-зілуде. Ал Павлодар қаласында алғаш рет ұйымдастырылуда. Сондықтан қолдау көрсеткен Қазақстан инжиниринг ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталығына алғысымызды айтамыз, — деді ол.
Жеңімпаздар іріктеліп алынған соң финалдық кезеңге жолдама алады. Финал барлық өңірлердегі іріктеулер аяқталған соң, Астана қаласында өткізілмек. Ондағы бас жүлде қоры — 2 миллион теңге.
Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Санжар Тілеген де бағын сынап көргісі келген екен.
— Мен осы ойынды 2023 жылдан бастап ойнай бастадым. Бастапқыда қарапайым дронмен ойын жүргіздік, кейін осындай FPV дронын пайдаландым. Қазіргі құрылғыда акро режим болғандықтан, оның мүмкіншіліктерін толыққанды басқара алуға болады, — деді ол.
Сара ӘБДОЛ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
