V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары абыроймен өтті
Сарыарқа төрін ұлы дүбірге бөлеген V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары тәмамдалды. Қазақстан құрамасы 114 жүлдемен (43 алтын, 34 күміс, 37 қола) ешкімге дес бермеді. Үздік үштікке 19 алтынмен (жалпы саны 65 медаль) Қырғызстан, одан соң 12 алтын иеленген (жалпы жүлде саны 47) Ресей Федерациясы енді.
Жабылу салтанатында ҚР Туризм жəне спорт министрі Ербол Мырзабосынов байрақты бәсекенің жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Сөйтіп, 2026 жылы келесі VI Көшпенділер ойындарын өткізу мәртебесін Қырғызстан мемлекетіне тапсырды.
Е.Мырзабосынов Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткіл дүниеге әйгілеген бірегей оқиға ретінде тарихта қалатынын айтты.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қазақ топырағында ұйымдастырылған көшпелілер ойындары – мәні терең, мазмұны бай бірегей жоба. Оның түркі әлемінің алтын бесігі – Қазақ жерінде жалауын желбіреткені – біз үшін зор мәртебе әрі шын мақтаныш. Бұл бізге ұлттық спорт түрлерін дамытып, танытуға ғана емес, сондай-ақ туристік әлеуетімізді жарқырата көрсетуге берілген тамаша мүмкіндік болды. Ең бастысы, Қазақстан әдеттегідей спорт арқылы мемлекеттер арасындағы байланысты бекемдеуде маңызды қадам жасады, деді министр.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысты. 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынды. 30-дан аса мемлекеттің спортшылары медаль иеленді. Оның ішінде айтулы аламандағы бағдарламаның негізін құраған көшпелілер өркениетінің өкілдерінен бөлек, Франция, Италия, Аустралия, Мажарстан, Польша, Румыния секілді мемлекеттер де алтын медаль олжалады. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхит асып келген Канада, Мексика спортшылары да бар.
Астана төріндегі ойындардан кейін әлемде этноспортқа деген қызығушылық одан әрі арта түсетініне кәміл сенемін. Біз спорттан бөлек, мәдени және ғылыми бағдарламаға да ерекше назар аудардық. Мұндай әлемдік ауқымдағы оқиғадан ғылыми із қалуы қашанда маңызды.
«Айтулы аламанды ойдағыдай өткізуге атсалысқан баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Ортақ іске өңірлер де үлкен үлес қосқанын, ойындардың мазмұнын байытқанын бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Қатысушылар мен қонақтарға тік тұрып қызмет көрсеткен еріктілердің еңбегі де ерен. Келесі VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын бауырлас мемлекет – Қырғыз Республикасы қабылдайды. Қырғыз елінің алдағы бәсекені жоғары деңгейде өткізуіне тілектеспін. Этноспорт додасының беделі биіктей берсін!» деді министр.
«Көшпелілер әлемі» этноа-уылында өткен жабылу салтанатында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған ауқымды шараны ауырсынбай арқалай білген қазақ еліне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор алғысын жеткізді.
Жалпы, төрткіл дүниенің дидарын өзіне аударған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының барысында шын мәнінде кешегі түркі халықтарының рухты тұрмыс-тіршілігінен, мәдениеті мен спортынан, далалық философиясынан айшықты рух сезілді. Шетелдік қонақтардың өздері мұндай мазмұны бай, мағынасы терең сайыстарды алғаш көргендеріне таңданыс білдірді. Қазақстанның туристік атағына тағы бір даңқ қосылды. «Көшпенділер әлемі» этноауылында Павлодар облысының мәдениет мекемелері жұртшылыққа концерттік-сауықтық бағдарламаларын көрсетіп, Кереку өңірінің жәдігерлерін таныстырды.
Айтқандай, көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы бәсекелестерінен оқ бойы озық шықты. Әнмен және тәтті күймен көмкерілді. Спортшыларымыз өзіміздің ұлттық спорт түрлерінен бөлек, өзге халықтардың мангала, овари, кураш, маст-рестлинг, т.б. сайыс түрлерінен жүлдегер атанды. Павлодарлық асық атушылар ерледі. Ел аузында Қазақстан мен Қырғыстан командалары арасында көкпардан өткен тартысты дода туралы әңгімелер қалды. Қанша айтқанмен, ата-бабамыздан қалған ойындар ұлттардың басын біріктіруге, кешегі тарихымызды асқақтатуға арналғаны шындық. Бұл жерде бақайластық, бақталастық деген атымен болмайды. Бақ пен бап қатар шапқан додада біреудің аузындағы жеңісті екінші команда жұлып әкетуі — спорттағы қарапайым құбылыс. Көкпардан қазақ жігіттері жүлдені жеңіп алса, көкбөріден қырғыз бауырлар олжалы болды. Қатар қонған бауырмал екі елдің спортшыларының бір-біріне құрметі қашанда алғаусыз болуы қажет. Жоғарыда атап өткен үш үздіктен басқа, көшпенділер ойныдарының озық он командасына Өзбекстан, Түркия, Иран, Мажарстан, Түркіменстан, Румыния, Польша елдерінің ұландарына кірді. Өзбектер 11, түріктер 2 алтын иеленсе, қалғандары бір-бір алтын медальдан тақты. Иранның жалпы алғанда 13 медаль (1 алтын, 3 күміс, 9 қола) алғанын айту керек. Бұл қарқынмен шеберліктерін шыңдай түссе, алдағы ойындарда Иранның спортшылары айды аспаннан шығарып, алғашқылардың қатарынан көрінуі бек мүмкін. Жалпы, бұған дейін Қырғызстанда басталған ойын, әуелде үш мәрте сол елде, екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында өткенін айту керек.
Астанада өткен бесінші көшпенділер ойыны еліміздің абыройын тағы бір мәрте көтерді. Бұған дейін Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газеті басылым беттерінде, Инстаграм желісіндегі парақшасында ойындарға дайындалу барысы туралы бірнеше ай бойы хабар таратты. Одан кейін ойындардың салтанатты ашылуынан бастап, қатысушылардың жүлде алуына дейнігі кезеңдерін қалт жібермей оқырмандарына хабарлап отырды. Бұл ретте фототілшіміз Есенжол Исабек байрақты бәсеке орнынан барынша сәтті суреттер жіберуге тырысты.
Алдағы уақытта да біздің басылым үлкен додаларда өз оқырмандарына жедел жаңалықтар беруге тырысатын болады.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.