8-13 қыркүйек аралығында Астана төрінде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны түркі халқының кіл мықты спортшыларының басын қоспақ. Бұл бәсекеде ұлттық спорт түрлері бойынша тартысты турнирлер ұйымдастырылады.
Дүбірлі додада ел намысын қорғайтын спортшылардың қатарында павлодарлықтар да бар. Солардың бірі – «Қазақстан барысы» турнирінің, қазақ күресінен Қазақстан Чемпионатының жүлдегері Мұхтар Дәлелхан.
Мұхтар Дәлелханның есімі спортсүйер қауымға етене таныс. Ол өткен жылы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақстан барысы» сайысына қатысып, қола белбеуді қанжығасына байлаған еді. Сөйтіп, Павлодар облысына аталмыш турнирдің жүлдесін алғаш рет әкелді. Бұған дейін біздің өңірдің спортшылары «Қазақстан барысы» жарысынан жүлде еншілемеген еді.
Сонымен қатар, түйе палуан биыл қазақ күресінен өткен республикалық чемпионатта үздік үздікті түйіндеп, тағы қола медаль иегері атанды. Осы жетістіктері ескеріліп, Елорда төрінде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына жолдама алды. Бірақ бұл жолы жерлесіміз өзіне үйреншікті қазақ күресінен емес, түріктердің ашыртмалы аба күресі бойынша бақ сынайды.
— Дүниежүзілік көшпенділер ойынында түрік халықтарының күрес түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Олардың ішінде қазақ, қырғыз, түрік күресі бар. Кімнің күрестің қай түрінде шеберлік байқасатыны Қазақстан Чемпионатының нәтижесі бойынша белгілі болды. Соған сәйкес, бірінші орын алған палуан қазақ күресінде ел намысын қорғайтын боп келісілді. Екінші орынды еншілеген спортшы қырғыз күресінен сынға түседі. Үшінші орын алған азамат аба күресінен боз кілемге шығады. Мен чемпионатта үшінші орын алғандықтан, түріктердің аба күресі бойынша белдесемін, — дейді М.Дәлелхан.
Күрестің аталмыш түрінде әр елден 5 спортшы қатысады. Олар 60 келіге дейін, 70 келіге дейін, 80 келіге дейін, 90 келіге дейін салмақ дәрежелерінде сайысқа түседі. Сонымен қатар, бір бапкер және бір төреші қатысады. Жарыстар «Ашыртмалы аба гюреши» Ұлттық түрік федерациясының ережесі бойынша өтеді.
— Түрік пен қазақ күресінің ережелері ортақ. Тек киім үлгісінде ерекшелік бар. Бұған дейін түрік ағайындардың күресі бойынша белдескен емеспін. Көшпенділер ойынында алғаш рет жарысқа шығамын. Бүгінде ойынның ережелерін егжей-тегжейлі зерттеп, талдап жатырмыз. Бұған дейін Қырғызстанда екі апта оқу-жаттығу жиындарына қатысқан едік. Қазіргі уақытта Ақмола облысындағы Щучинск қаласында жаттығып жүрміз. Қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Ғани Келдіқұлов, бапкер Айбат Сейтен бағыт-бағдар беріп жатыр, — дейді палуан.
Байқағанымыздай, баян-ауылдық Мұхтар Дәлелханның дайындығы мығым, жеңіске деген ерік-жігері де бар. Өзіне сәл таңсық спорт түрінен тек облы-сымыздың емес, тұтас елдің абыройын қорғамақ. Жерлес палуанға байрақты бәсекеде жеңіске жетуін тілейміз.
Айта кетейік, түрік ағай-ынның аба күресі қазақ спортшылары үшін бөтен емес. Біздің палуандар бұған дейін де жеңіс тұғырынан көріне білген. Мәселен, Қырғызстанның Шолпон-Ата қаласында өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аба күрестен 65 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Әуесхан Құрбанқұлов алтын алған-ды. Бұл жеңісті жол Мұхтар Дәлелхан мен барша палуандарға жұғысты болса екен дейміз.
Еске сала кетейік, V Дүние-жүзілік көшпенділер ойыны 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Оған 85-тен астам елдің үкілі үмітін арқалап 2 мыңнан астам адам келеді деген жоспар бар. Олар спорттың 21 түрінен өзара сайысқа түседі.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.