Елімізде 8-13 қыркүйек аралығында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтпек. Мұндағы жарыстар орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. Олардың қатарында ұлттық ойындарымыздың бірі — тоғызқұмалақ та бар.

Облысымызда аталмыш ұлттық ойын түрін ұлықтап, тұрақты түрде айналысып жүрген жастарымыз баршылық. Солардың бірі – павлодарлық Ринат Керейбаев. Ринаттың тоғызқұмалақ ұлттық спортын серік еткеніне 10 жылдың жүзі болды. Бүгінде Қазақстан Республикасының спорт шебері, Азия чемпионатының, халықаралық жарыстардың жүлдегері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы деген атақ-даңқтары бар.

— 2021 жылдан бастап балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақ жаттықтырушысы болып еңбек етемін. Ұлттық ойынға қызығушылық танытқан жас өрендердің қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Бүгінде оқушыларым республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр, — дейді Р.Керейбаев.

Тоғызқұмалақ – өткен ғасырда кеңінен тараған, әлемдік мәдениеттің кез келген үлгілерімен теңесе алатын ұлттық ойындардың бірі. Бұл спорт түрінің есебі ерекше әрі оған ұқсас ойындарға қарағанда анағұрлым күрделі. Мұнда арифметика, алгебраның элементтері бар.

— Тоғызқұмалақ ойынымен жастар да, ересектер де тұрақты түрде айналысады. Оның пайдасы көп. Атап айтсақ, интеллектуалдық қабілетінің артуына, ой жүйесінің қалыптасуына ықпал етеді. 10 жылдық тәжірибемнен айтар болсам, тоғызқұмалақшылардың бойында белгілі бір дағдылар қалыптасады. Олар кез келген дүниені тереңінен ойланып, шешім қабылдауды, сонымен қатар әр уақытта төзімділік пен сабыр сақтай білуді үйренеді.

Төл тарихымыз бен ұлттық мұрамызды әспеттейтін аталмыш спорт түрінің Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қатарына қосылғаны көңіл қуантады. Түркітілдес халық өкілдері қыркүйекте өтетін дүбірлі додада осы ойыннан да бақ сынамақ. Бұл қазақтың тоғызқұмалағын кеңірек дәріптеуге, өзге ұлт өкілдеріне насихаттауға берілген тиімді тетік деп білемін. Өкінішке қарай, Көшпенділер ойындарында біздің облыстан бақ сынайтын тоғызқұмалақшылар жоқ. Дей тұрғанмен, біз отандық ойыншылардың олжалы болып, жеңіске жетуіне тілекшіміз, — дейді ол.

Тоғызқұмалақ ойынының шарты бойынша, тақтада екі ойыншы өзара шеберлік байқасады. Әрқайсысының
9 шұңқыршасы болады. Олардың өз атаулары да бар. Мәселен, 1 — арт, 2 — тектұрмас, 3 — ат өтпес, 4 — ат сұратар, 5 — бел, 6 — белбасар, 7 — қанды қақпан, 8 — көк мойын, 9–ыншы маңдай деп аталады. Бұдан басқа, тақтада «қазан» деп аталатын тағы екі жинақтау шұңқыршасы болады. Ойынның басында әр ойыншының өз түсті 81 шары болады, яғни 9 шұңқыршада 9 шардан орналастырылады.

Ойынның негізгі мақсаты – тастардың көп бөлігін өз қазанына жинау. Ойын екі ойыншының біреуі өз қазандығына 81-ден астам тас жинағанша немесе екеуі де 81 тастан жинағанға дейін жалғасады.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тоғызқұмалақтан ұлттық құраманың сапында екі ер, екі әйел адам мен бір бапкер болады. Жарыстар швейцариялық жүйе бойынша өтеді. Яғни спортшылар жеке және командалық есепте бақ сынайды. Ал үздіктер ерлер мен әйелдер арасында бөлек анықталады.

Біздің құрама ойыншылары Түркияда, Қырғызстанда және Бурабайда оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Көшпенділер ойынында тоғызқұмалақтан барлығы 25 елден 100-ден астам адам қатысуға өтінім берді. Оның ішінде Румыния, Пәкістан, Бразилия, Того, Гана, Мексика, Бенин елдері де бар. Ұлттық спорт түрі бойынша жарыстар 9-11 қыркүйек аралығында «Думан Парламент» мәжіліс залында өтеді деп жоспарланған.

 

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.