Астанада күллі түркі елдері ғана емес, әлем қауымдастығы назар аударып отырған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары тартысты өтуде. Еске сала кетсек, Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2430 қатысушы тіркелді. Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана.

Қазақстандық спортшылар жекпе-жек, көкпар, күрес, асық ату секілді спорт түрлерінен үздік екендіктерін мойындатуда. Қазақстан құрамасынан аталмыш байрақты бәсекеге 261 спортшы қатысып, баптары мен бақтарын қатар сынауда.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жамбы ату бойынша алғашқы алтын медальді Франция мергені Рафаель Малет олжалады. Жалпы жамбы ату сайысына 27 мемлекеттен 78 спортшы сайысқа түсті. Қазақстанның ұлттық құрама мүшесі Абзал Тұлыбеков үздік бестікке енді.

Көкпар және көкбөрі сайыстары бойынша да Қазақстан сайыпқырандары өздерінің мықтылықтарын дәлелдеуде. Мәселен, қазақ көкпаршылары алғашқы тартыстарда Өзбекстан командасын 16:0 есебімен тізе бүктірді. Бұл спорт түрінен фавориттердің бірі Қырғызстан спортшылары екені белгілі. Финалға шыққан жағдайда қазақ-қырғыз сайысында кімнің тақымы мықты екенін көретін боламыз. Қазақ спортшылары кураш, маст-рестлинг, қазақ күресі секілді жекпе-жек өнері бойынша да жүлдегер атануда.

Тоғызқұмалақ ойыны бойынша сайыстар тартысты өтуде. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы тоғызқұмалақ турнирінде өз шеберліктерін 41 елден, оның ішінде Колумбия, Бангладеш, Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка елдері және араб елдерінен келген 114 қатысушы көрсетеді. Астана қаласындағы «Думан» қонақ-үйінде 13 қыркүйекке дейін тоғызқұмалақ, Мангала және Овари ойындары бойынша жарыстар өтеді.

Додаға павлодарлық спортшылар да қатысуда. Қатысып қана қоймай, палуандарымыз медаль алуға үлес қосуда.  Елордалық «Алау» спорт кешенінде өзбектің кураш жарысында Павлодар облысының намысын Алтынай Нұрханова лайықты қорғап шықты. Жартылай финалда Алтынай Нұрханова үндістандық спортшыдан жеңіліп, нәтижесінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола медаліне ие болды.

Асық ату бойынша спортшыларымыз ойдағыдай өнер көрсетуде. Спортшылар жартылай финалға жолдама алды. Естеріңізге сала кетейік, ел құрамасы үшін павлодарлықтар Жомарт Нұрланов пен Керім Жаздықбай өнер көрсетеді. Финалға шығу матчы кеше өтті.

«Овари» атты Африка халық-тарының зияткерлік ойынында павлодарлықтар Серік Ақтаев пен Ернұр Мерешов мықты, ел оларға сенім артады, спортшылардың жеңіске жету мүмкіндігі өте жоғары.

Ойындардың үшінші күнінен кейін жалпыкомандалық есепте Қазақстан 18 алтын медальмен бірінші орында, қырғыздарда жеті, ресейліктерде төрт алтын медаль бар. Спортшыларымызға жеңістер тілейміз!

Нұрбол Жайықбаев.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.