Биыл елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Әлем көз тіккен дүбірлі доданың маңызды жарыстарының бірі — ат бәйгесіне іріктеу басталды. Сенбі күні Павлодар қаласындағы «Құлагер» ипподромында бәйгеден Қазақстан чемпионаты өтіп, көшпенділер ойынында ел намысын қорғайтын жүйріктер іріктелді.

 

Іріктеу жарысы жорға, аламан, құнан және топ бәйге түрлері бойынша өтіп, алғашқы үштікке кірген сәйгүліктер көшпенділер ойынына жолдама алды. Жеңімпаз шабандоздарға берілген жүлде қоры 24 900 000 теңгені құрады. Ал бәйге қорытындысына тоқталар болсақ, аламан бәйгенің алаңында 24 жүйрік шауып, 23 шақырымдық қашықтықта ұшқырлығын анықтады. Мұнда павлодарлық шабандоз Әмір Аманұлы «Софлор Лэнд» есімді тұлпармен мәре сызығын бірінші болып кесті. Ат иесі — Александр Касицын. Екінші болып Алматы облысының атбегісі Сапарғали Сәтбаевтың «Береке» тұлпары келді. Үшінші болып мәре сызығына елордалық «Шәйкүрең» ілінді. Аттың иесі — Нұржігіт Табылдиев.

Жорға жарысына 17 шабандоз шықты. 9 шақырымдық додада Абай облысының шабандоздары алдына жан салмады. Атап айтсақ, Қымбат Тілеуғалиұлының «Орда» есімді жорғасы жеңімпаз болса, екінші және үшінші жүлдені де Абай облысының шабандоздары қанжығалады. Ат иелері — Талғат Жұмағұлов пен Қымбат Тілеуғалиұлы.

Топ бәйгеде 25 тұлпар сынға түсті. 16 шақырымдық дүбірлі додада бабы мен бағы келіскен сәйгүліктер қатарында Маңғыстау облысынан келген Исенбай Қалдамановтың, алматылық Бағлан Нұрбосыновтың, елордалық Өмірзақ Торғаевтың тұлпарлары болды.

Ал құнан бәйгенің бас жүлдесі Солтүстік Қазақстан облысына бұйырды. Атбегі Біржан Шаймерденовтің «Қамысқұлағы» қара үзіп, жалғыз жетті. Екінші келген «Найза» есімді құнан жүйрік Астана қаласынан келіпті. Жүйрікті баптаған — Нұржігіт Табылдиев. Үшінші орынға алматылық «Айшуақ» тұрақтады.

ҚР Бәйге федерациясының президенті Қанат Көппаевтың айтуынша, әр бәйге бойынша алдыңғы үштікке ілінген тұлпарлар көшпенділер ойынының бәйгесіне қосылады. Бұл додада ат спортынан аламан, жорға, құнан және топ бәйгелер өтеді. Қазақстаннан бәйгенің әрбір түрі бойынша 10 жүйрік қатысып, бақ сынайды.

— Биыл еліміздің 11 облысында бәйгеден Қазақстан чемпионаты өтеді. Әр чемпионатта алғашқы келген бес ат жыл соңында болатын финалдық жарысқа қатысады. Ал үздік үштікке енген тұлпарлар Дүниежүзілік көшпенділер ойынының бәйге жарысына жолдама алады. Биылғы мақсатымыз — көшпен-ділер ойынын ойдағыдай өткізіп, бәйге жүлдесін елге алып қалу. Жалпы, қатысатын елдердің қай-қайсысы да осал емес. Әсіресе, қырғыздардың жорғасы бізге мықты бәсеке болады деп санаймыз, — деді Қанат Көппаев.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек

Тілеуберді САХАБА.