Алдағы уақытта елімізде өтетін V Дүние-жүзілік көшпенділер ойындарының көрігін қыздыратын, көрермені көп спорт – ол, әрине, ат үстіндегі дода. Қазір көкпарға айырқалпақты ағайын тыңғылықты дайындалып жатыр. Қазандықта ойнап жүрген жігіттерге шеңбер сөз емес. Ал біздің спортшыларымыздың байрақты бәсекеге дайындығы қалай?

Көкпар — қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Осынау тәуекелге толы ойыннан үздік атанған шабандоздар ел ішінде қашан да зор қошеметке ие болып отырған. Жалпы, жорға үстіндегі жаһангерден бөлек, аталмыш спорт үшін тақым қысқан жандар көп. Мәселен, үздік көкпаршыларға қанат бітіріп, дала додасына дайындайтын көкпар жаттықтырушылары бар. Солардың бірі һәм бірегейі —  Дәурен Жандарбек. Оның айтуынша, қазақтың басын қосуға, елі мен жерін жаудан азат ету мақсатында шыққан көкпар ойыны алғашында әскери жаттығудың бір түрі ретінде өтсе, бертін келе бейбіт заманда елдің ас-жиын тойларында өтетін ұлттық ойынға, ұлттық дәстүрге айналған. Сондықтан да көкпар — қазақ халқының төл туындысы, ұлттық құндылығы, ат спорты ойындары ішіндегі ең ұлысы.

— Көкпар — қауіпті спорттық ойындардың бірі. Дода кезінде аттан құлап немесе  атпен бірге  жығылатын жағдайлар да кездеседі. Тіпті, жарақат алатын кезің болады. Осының барлығына шыдауың қажет. Аттың үстінде өзіңді еркін сезінуің керек. Жарыс кезінде көкпаршының астындағы аты үлкен рөл ойнайды. Көкпарға мінетін аттар еті мығым, сүйегі мықты, екпіні қатты, жылдам, серкені жерден іліп алуға икемделгіш, текті жылқылардың ішінен таңдалып алынады. Жылқыны көкпар үшін арнайы баптап, үйретеді. Негізінен, көкпар қазақтың қанында бар спорт болғандықтан біздің жігіттердің жеңіске деген мүмкіндігі мол. Сондай-ақ, көкбөрі де қазақ шабандоздарына жат емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің жігіттер қазандықта өнер көрсетіп, айырқалпақты ағайынды жүлдесіз қалдырған. Биыл да жыл басынан бері оқу жаттығу жиындарында көкпарға да, көкбөріге де тыңғылықты дайындалып жатыр. Елдің намысы сынға түсетін байрақты бәсекеде қазақ шабандоздары көкпар мен көкбөріден де ел үмітін ақтайды деген сенімдеміз, — дейді ол.

Алайда, көкпар жаттықтырушысы өкінішке қарай, біздің облысымызда бұл ұлттық ойын кенжелеп қалғанын айтып, тіпті кейбір аудандар аталмыш ат спортына немқұрайлық танытатынын жеткізді. Мәселен, жақында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Мойылды шатқалында өткен дүбірлі тойда облыс көкпаршылары серке тартты. Төрешілер ұйғарымымен 11 команда бірнеше топқа бөлініп, іріктеу ойындары мен ақтық ойын өткізді. Дүбірлі додаға өзге аймақтар мен облыстың барлық аудандары атсалысса, Успен мен Железин аудандары шет қалды.

— Біздің топта Баянауыл ауданы, Қызылтау ауылы және Екібастұз өңірі Ақкөл ауылдық округінің «Сайфуллах» командалары өнер көрсетті. Алғашқы ойында Баянауыл ауданының құрама командасы Қызылтау ауылы көкпаршыларын жеңді. Келесі ойында жеңімпаз командамен біз ойнап, 5:1 есебімен ұттық. Жартылай финалда Ақсу ауданы Қызылжар ауылы көкпаршыларын 5:1 есебімен тізе бүктірдік. Финалда Павлодар қаласының командасымен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жеттік. «Сайфуллах» командасы сапында Нұрбол Жақсыбек екі рет, Еркебұлан Егінбаев бір рет салым салды, — дейді команда жетекшісі Дәурен Жандарбеков.

Сонымен қатар, көкпар жаттықтырушысы алдағы уақытта өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тоқталып, төрткіл дүние көз тіккен байрақты бәсеке 21 спорт түрінен өтетінін атап өтті. Оның ішінде көкпар да, көкбөрі де бар. Қазақстандық шабандоздар 2 додаға да ерекше дайындалып жатыр. Алайда, бұл спорт түрлерінен біздің облыс спортшылары өнер көрсетпейді екен.

— Жалпы, көкпардың да, көкбөрінің де аса айырмашылығы жоқ, түбі бір. Тек серкені тақымға басқан жігіттер көкбөріде қазандыққа, ал көкпарда жерге сызылған шеңберге ойнайды. Біздің спортшылар бұл байрақты бәсекеге қатыспайды. Себебі респуб-лика бойынша Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының көкпаршылары көш бастап тұр. Тиісінше бұл елдің спортшыларына жағдай да жасалған. Қысты күні де жабық манежде дайындала береді. Ал бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Әрине, облыстық спорт басқармасы ат спорты федерациясы республикалық жарыстарға шығуымызға қолдау танытып жатады. Басқа да осы салада белсенді жүрген іскер азаматтар жиі жарыс өткізіп, түрлі ас пен тойда көкпар тартуға мұрындық болса, демеушілер де қамқорлық жасайды. Алайда, қазіргі уақытта облыстағы ат спортымен айналысып жүрген азаматтардың барлығы да жабық манеж керек екенін айтады. Себебі республика бойынша көкпар ойындары наурыздың соңы мен сәуір айларының басында басталады. Біздің облыс спортшыларына далада жаттығу жасау қиындық туғызатыны жасырын емес, — деді ол.

Сонымен қатар, Дәурен Қанатұлы жалпы облыс бойынша әр ауданда ауыл азаматтары ат спорты бойынша жылдың әр мезгілінде түрлі шаралар өткізуді дәстүрге айналдырғанын айтып, олар кейінгі жылдары түрлі деңгейде өткізіліп келе жатқан жарыс-тардан тыс қалмай, облыстың, елдің намысын қорғап жүргенін жеткізді.

 

А.МҰҚЫШЕВ.