Павлодарлық спортшы Саят Қизат осыдан үш жыл бұрын қырғыз-дардың «Ордо» атты ұлттық ойынымен алғаш рет Анталияда танысады. Бұл қалаға ол Асық атудан Қазақстан намысын қорғауға Көшпенділер ойынының Еуразия кубогына қатысуға барған екен. Содан бері қызығушылығы артып, ережесін үйреніп, тәжірибесін де шыңдайды. Сөйтіп, ордо ойыны бойынша еліміздің құрама командасының қатарына кіреді.

 

Қазақстан командасы аталмыш ойын бойынша Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында алғаш рет бақ сынамақ. Қырғыздың «ордо» сөзі хан сарайы, хан ордасы деген мағынада қолданылады. Ойынның басты шарты сол хан сарайын қорғау көрінеді. Ғаламтордағы мәліметтерге үңілсек, ойыншылар сол хан ордасын қорғау үшін түрлі тактика қолданып, жаудан құтқарудың амалын ойластырады. Көшпенділердің аталған ойыны кезінде хандық билік құрған шақтарда пайда болған деседі. Яғни, сызылған шеңбер ішіндегі орда әскери карта іспеттес.

Көрші елдің ұлттық ойынына тереңінен бойлай бастаған павлодарлық азамат бұл ойынның шарттарын, басты ережелерін айтып берді.

— Диаметрі 12 метрлік шеңбер сызылады. Оның ортасына хан ордасы (тиын) орналастырылады. 68 асық қойылады. Қой-ешкінің асықтары қолданылады. Бірақ қырғыздардың малы көбінде таулы аймақта жайылатындықтан асықтары да ірі, арқардікіндей болып келеді. Әр командада 7 ойыншыдан болады. Тағы бір қосымша ойыншы қарастырылады. Әр команда кезегімен 6 метрлік қашықтықтан ортадағы асықтарды қолдағы сақа асықпен соғу немесе шерту арқылы шеңбердің сыртына шығаруға әрекет етуі тиіс. Қолымызға берілетін сақа — ірі қараның алып асықтары,  — дейді Саят Қизат.

Екі команданың ойынына 1 сағат уақыт беріледі. Бір ойыншы өз кезегінде әрбір соққан, шерткен сайын асықтарды шашып, сыртқа шығара алатын болса, ойынын әрі қарай жалғастыра береді. Әрбір шығарылған асық үшін бір ұпай еншілейді.

— Ортада 5 асық қалғанда хан, яғни, ортадағы тиын шертіледі. Тиын асықтай емес, жалпақ, кішкентай болғандықтан оны шертіп шығару үшін шеберлік қажет. Кімде-кім тиынды шертіп шығарса, ортада қалған бес асықтың үшеуіне ие болады. Сәйкесінше, қарсылас командадан басым болуына мүмкіндік алады, — дейді павлодарлық спортшы.

Қазақстандық ойыншылар ойынның қыр-сырына енді үңіле бастағандықтан әлі де тәжірибе жинақтау қажеттігін біледі. Отандастарымыз ортадағы асықтарды шығаруға соғу әдісін қолданса, қырғыздар шертіп шығаруға дағдыланған көрінеді. Тәжірибелерінің шыңдалғаны соншалық, олар, тіпті, бір сағат ішінде екі рет ойнап үлгереді екен. Десе де, еліміздің спортшылары аз уақыттың ішінде жаңа ойынның ережесін егжей-тегжейлі біліп алған.

— Қазақтың ұлттық ойыны – асық атуға ордо ойыны ұқсас келеді. Айырмашылығы да бар. Мәселен, бізде асық атуда шеңбердің диаметрі 5 метрді құрайды. Асықтар ірі емес. Қырғыз халқы да асық ату ойынына жиі қатысады. Румынияда өткен асық атудан Әлем кубогына осы ордо ойынын ойнайтын жігіттер барған еді, — дейді С.Қизат.

Алда Астанада өтетін жарысқа жерлесіміз ұлттық командамен бірге үш рет оқу-жаттығуға қатысыпты. Бұл жаттығулар елімізде Алматы, Ақмола облысының Шортанды қалаларында, Қырғызстанның Шопан ата шаһарында ұйымдастырылыпты. Енді бір аптадан соң Астанада тағы жаттығудан өтпек. Осындай кезде ойыншылар шеберліктерін шыңдап, тәжірибелерін арттыруда.

— Ордо ойыны бүгінде әлемге әйгілі. Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары аясында биыл төртінші рет қатарынан өткізіледі. Білуімше, Ордо ойынының Америкада, Түркияда федерациялары құрылып үлгерген. Қазіргі таңда Қазақстанның Ордо ойыны федерация- сын құру ұсыныстары айтылуда. Мұндай бастама қолдау тапса, өңірлерде де өркен жаяр еді, — дейді павлодарлық ойыншы.

Айта кетерлігі, біздің ұлттық ойынымыз асық ату Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына биыл бірінші рет енгізіліп отыр. Бұл да елімізде ұлттық ойынымызға ден қойып, көпшілік арасында насихаттау жұмыстарының ілгерілегенінің бір көрінісі екені сөзсіз.

Саят Қизатұлы қазіргі таңда Павлодар қаласындағы Малайсары атындағы мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ береді. Сондай-ақ, «Алтын сақа» асық ату облыстық  федерациясының атқарушы директоры қызметінде. Сондықтан аймағымызда ұлттық ойынымызды дәріптеуге барынша күш салуда. Айтуынша, Ордо ойынымен айналысу үшін мергендікпен қатар физикалық тұрғыдан мықты болу қажет көрінеді. Себебі, бір ойынның өзінде адам 12 шақырымнан астам жер жүгіріп үлгереді.

— Соңғы уақытта ұлттық ойындарға деген оқушылардың қызығушылығы артты. Асық атудан турнир ұйымдастырсақ, өңіріміздің түкпір-түкпірінен ұстаздар шәкірттерін сайлап, жетеді. Тіпті, Баянауыл ауданының орталығынан 100 шақырым жерде орналасқан ауылдардан, Железин мен Тереңкөл аудандарының шалғай елді мекендерінен ойыншылар қатысып жатады. Асық ату да, Ордо да балаларға пайдасы өте зор. Көз ауруларының алдын алады. Бұлшықетті дамытады. Командамен жұмыс істеу, ережеге бағыну дағдыларын қалыптастырылады, — дейді спортшы.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.