Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі Астана қаласында өтетін V Дүние-жүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындық жүргі-зуде. Байрақты бәсекеде ұйымдастырылатын этноауылда Павлодар қаласынан екі киіз үй құрылады.

 

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Гүлнәр Нұрахметованың айтуынша, киіз үйдің бірінде Павлодар облысының көне тарихы, Қимақ мемлекетінің тарихи-мәдени мұрасы ұсынылса, екінші киіз үйде аймағымыздан шыққан танымал тұлғалардың жеке заттары орналастырылмақ.

— Этноауылда құрылатын киіз үйде Қимақ мемлекеті кезінде өмір сүрген тайпалардың тұрмыс-тіршілігінде қолданылған заттар мен киім үлгілері көрсетіледі. Екінші киіз үйде биыл мерейтойлары аталып өткен атақты жерлестеріміздің өмірі мен шығармашылығы жайлы көрме ұйымдастырылады.  Музей қорында қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаевтың өзі жинаған тастары, кітаптары, фотосуреттері, атақты этнограф Халел Арғынбаевтың жеке заттары мен шапаны, әдебиеттанушы, өнертанушы, ғалым Әлкей Марғұланның экспедиция кезіндегі қолжазбалары, қазақтың әйгілі актері, режиссер Шәкен Аймановтың сахнада киген киімдері және бұлбұл әнші Майра Шамсутдинованың жеке заттары  әлем жұртшылығының назарына ұсынылады. Ауқымды шараны ұйымдастыру үшін музейден 10-ға жуық адам барады. Қазір қызметкерлермен дайындық шарасы үздіксіз жүргізілуде, – дейді Гүлнәр Нұрахметова.

Бұдан бөлек, байрақты бәсекеге аймағымыздан бес қолөнерші қатысады. Олардың қатарында дизайнер, мүсінші Баян Қайнышева, былғары шебері Ержігіт Тоқтаров, металл шебері Думан Шаймергенов,  алып қуыршақтар шебері Елена Байжұманова, ағаш шебері Серік Көбікбаев та бар. Қолөнершілер айтулы додада өз өнерлерін жұртшылық назарына ұсынып, туындыларын сыйға тартады.

Еске сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.