Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының ұжы-
мы  V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалуда. Театр қызметкерлері әлем жұртшылығы жиналатын айтулы шарада көрермен назарына «Сырға салу» рәсімін ұсынады.

 

Театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов маңызды додаға  16 адам баратынын айтады.

— Көшпенділер ойындарында еліміздің әр облысынан келген театр ұжымы қазақтың ұлттық салт-дәстүрін көрсететін болады.   Біздің театр «Сырға салу» рәсімін ұсынады. Бұл – қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі.  Айттырылған қыз қалыңдық атанып, сол сәттен бастап өзін жат жұрттық сезінеді, – дейді ол.

Көшпенділер ойынына қатысатын әртістердің қатарында «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегерлері Талжібек Атамбек, Қарлығаш Жексембаева, Дина Құспан, Гүлжан Қайырбекова, Ақық Таспаева, «Дара» төсбелгісінің иегері Гүлжанат Омарова, Тұңғыш Президент сыйлығының лауреаттары Құралай Мұсанова, Айсұлу Балтабаева, жас актриса Айару Тұрсынбек бар. Ұзатылатын қыздардың рөлін Жанар Назикенова мен Фатима Сейіт ойнайды.

– «Сырға салу» рәсіміне дайындық бастамас бұрын  қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы жайлы кітаптарды зерттеп шықтық. Қыз ұзатқан аналарымыздың ақыл-кеңесіне құлақ түріп, арнайы сценарий жазып шықтық. Көшпенділер ойындарына дүние жүзінен  қонақтар келеді.  Олардың назарына 5 күн қатарынан бірнеше көрініс ұсынылады. Сондықтан тыңғылықты дайындалудамыз, – дейді Әділет Ақанов.

Дәстүр бойынша құда түскенде келін алайын деп жатқан адамның туысқандары, ағалары бас-аяғы үш-төрт адам барып, қыздың ата-анасының алдынан өтеді. Өздерін таныстырып, келген шаруаларын айтып, құданың ауылынан хабар күткен.

Құда түсетін қыздың құлағына тек алтын сырға тағылады. Себебі, қазақ халқы қыз баланы «алтынға» балаған. Қыздың жеңгелері құдаларға қалыңдықты көрсетіп, көрімдік алған. Осы кезде жігіттің жеңгелері «құлағың жамандықты естімесін» деп қыздың құлағына алтын сырға тағып, бетінен сүйген. Сондай-ақ, жігіт жағы қыздың әке-шешесіне, туған-туыстарына әкелген сыйлығын береді.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.