Астанада өтетін V Дүние-жүзілік көшпенділер ойындарына санаулы күн қалды. Бүгінгі таңда ұлттық құрама спортшылары анықталып, қатысушылардың барлығы дерлік дүбірлі додаға сақадай сай. Әлемнің 35 елінен келетін ең үздік садақ атушылар қазақстандық өнімді пайдаланатын болады.

Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама бас бапкері Диас Ахметовтің айтуынша, садақ ату спорт түрі бойынша елімізге 35 мемлекеттен 200-ден аса спортшы келеді.

«Біздің садақ атушыларға Түркия, Қырғызстан, Моңғолияның мергендері бәсеке тудырары анық. Франция, Италия, Испания, Қытай, Тайланд, Ираннан келетін спортшылар да өте мықты. Дегенмен, біздің спортшылар да осал емес. Жүлдеден үміттіміз», — дейді бас бапкер Диас Ахметов.

Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ербол Тәпенов садақ атушыларға 2 мыңнан астам оқ дайындалғанын айтады. Осыған дейін елімізге жебелер шет елден әкелінген.

«Осы уақытқа дейін ұлттық құрама құрал-жабдықтардың басым бөлігін Түркия, Мажарстан, Ресейден тапсырыс беріп алдыртатын. Кейінгі жылдары еліміздегі өндіріс те жолға қойыла бастады. Алдағы Көшпенділер ойындарына отандық өнім — «Алтын жебе» атты цехтың шығарған оқтарын қолданамыз. Сол үшін халықаралық стандарттарға сай жасалған 2000-нан аса оқ дайындап қойдық», — дейді Ербол Тәпенов.

Садақ атудан арақашықтық әртүрлі болғандықтан ағаштың иілгіштігіне мән беріледі. Сондықтан арнайы аппарат арқылы салмағы, өлшемі және майысу күші есептеледі.

Дәстүрлі садақ атудан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын 10 спортшы қорғайды. Ұлттық құраманың мүшелері де дайындық барысында отандық өнімді пайдаланып, жаттығуларын пысықтап жатыр, деп хабарлайды «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметі.

 

Өз тілшіміз.