Photo Valeriy BUGAYEV

Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрама командасы сапында павлодарлық жеті спортшы бақ сынайды. Жерлестеріміз асық ату, овари, ордо ойындары мен кураш, аба күрестері сынды спорт түрлерінен қатысады.

 

Төрелік етеді

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Дәуір Ерғабұлов мәлімдеді. Овари ойынына Серік Ақтаев пен Ернар Мерешев, асық атудан Жомарт Нұрланов пен Керім Жаздықбай қатысса, ордо ойынында Саят Қизат өнер көрсетеді. Алтынай Нұрханова кураш күресінде белдессе, аба күресінен Мұхтар Дәлелханұлы Қазақстан намысын қорғайды. Одан бөлек, аймағымыздан 7 төреші көшпенділер ойындарында төрелік етеді. Олардың төртеуі тоғызқұмалақтан бақ сынайтын спортшылардың ойынын бақыласа, 1 азамат асық ату бойынша төрешілер қатарында қызмет етпек. Тағы бір жерлесіміз құсбегілік өнерге бағасын береді. Сонымен қатар, аламан бәйгеде талай рет жеңімпаз атанған Галицкое ауылының тұлпары да Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуы мүмкін. Бұл мәселе қазіргі таңда қаралып жатқан көрінеді.

Қайырбаев атындағы ұлттық клубтың директоры Дархан Жоламанов бүгінде павлодарлық спортшылар толық оқу-жаттығудан өткенін, бәрі бабында екенін атап өтті. Өңірімізден елші ретінде еріп баратын, спорт тақырыбын жазып жүрген журналист Айбек Жұматов елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуі қазақтың ұлттық спорт түрлерін әлемге танытуға таптырмас мүмкіндік екенін айтты. Дәл осы спорт алаңы арқылы халықаралық деңгейде ұлттық ойындарымыз насихатталып, мәдениетіміз дәріптеледі, дейді. Сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі жарыстар елдегі спорттық инфрақұрылымдарды жаңартуға септігін тигізеді. Мәселен, талай дүбірлі спорттық додалар өтетін Астана арена стадионы жөндеуден өтті.

 

Үш киіз үй тігіледі

Аймағымыздың өнерпаздары мен шеберлері көшпенділер ойындарына шығармашылық тұрғыдан үлес қосады. Облыстық мәдениет, тілдер және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, ойындар қарсаңында ашылатын «Көшпенділер ғаламы» атты этноауылға аймағымыздың атынан үш киіз үй тігіледі. Олардың әрқайсысының өзіндік атауы болады. Олар —
«Ертіс өңірінің тарихи мұрасы. Қимақ қағанаты», «Таутұлғаларға тұғыр болған касиетті Павлодар өңірі» және «Өңірлік туризм» тақырыптары қамтылады. 1 киіз үйде облыстық тарихи-өлкетану музейі қазіргі өңіріміздің IX-XI ғасырлардағы аумағында болған Қимақ қағанатының тарихы турасында көрме ұйымдастырады. Екінші киіз үйде аймағымыз көптеген көрнекті мемлекет қайраткерлерінің, белгілі ақындар мен жазушылардың, дарынды әртістер мен музыканттардың Отаны екені көшпенділер ойынына келген көрермендерге паш етілмек.

— «Таутұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі» көрмесінің экспозиция-сында көрнекті тұлғалардың шынайы құнды заттары, яғни, сирек кездесетін құжаттар мен фотосуреттер, жеке заттар, қолжазбалар, тұрмыстық заттар және ұрпақтар үшін ұлттық мәдениеттің символына айналған ұлы адамдардың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын басқа да материалдар басты орын алады, — дейді Медет Алпысбайұлы.

Үшінші киіз үй туристерге өңірдің тарихы мен сакралды жерлерін таныстыруға қызмет етеді. Мұнда аймағымыздың әсем табиғаты, демалыс орындары мен көрікті жерлері туралы ақпараттар таратылады.

Өңіріміздің өнерпаздары басты концерттік алаңда 9 қыркүйек күні Алматы, Шымкент қалалары және Шығыс Қазақстан облысынан барған әріптестерімен бірге өнер көрсетеді. Жекелей де көрерменге әсем ән мен күмбірлеген күйден, мың бұралған биден шашу шашпақ.  Бұл концерттік бағдарламаға «RUH» этно-mix ансамблі, дәстүрлі әншілер – Сәуле Мүсіпова, Гүлназ Қыздарбекова, Жанболат Байсолтан, Салтанат Қисатова, Жанель Қисатова және Тәттімбет Жасқайратұлы, классикалық орындаушылар — Сара Садығұлова, Алмас Мұқатай және Алижан Қазбеков, эстрадалық орындаушылар — Серік Рысбек, Мадияр Бахтияров, Жібек Айтбаева, «Samiyan» вокалдық тобы, «Нұр» би ансамблі және Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі қатысады деп күтілуде.

Сонымен қатар, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының актерлері «Шашу», «Сырға салу», «Бата беру» дәстүрлерін сахналап, дәріптейді. Айта кетерлігі, концерттік бағдарламада өңірімізден шыққан ақын-жазушылардың әндері орындалады. Айтыс  бағыты бойынша Мизан Жұмаәлі және Нұрбек Бәкір өнер көрсетеді.

Көшпенділер ойындары барысында этноауыл алаңында қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылады.

Естеріңізге сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен үш мыңға жуық спортшы мен ресми делегация мүшелері қатысады. 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Негізгі жарыстар «Астана арена» стадионында, «Қазанат» ипподромында, «Алау» мұз айдынында, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында және «Думан» қонақ үй-спорттық кешенінде өтеді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.