Байқауға қатысып, бақ сынаңыз!

Там 21, 2025

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «100 еңбек жұлдызы» атты жұмысшы мамандықтарының облыстық фестиваліне қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Бұл бастама қарапайым еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген жандарды тану, еңбектің қадірін арттыруға бағытталған. Фестивальге кімдер қатыса алады? Байқаудың талаптары қандай? деген сауалдар төңірегінде облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжановамен тілдескен едік.

— Жаннұр Данабекқызы, аталған фестивальге қатысуға өтінімдер қабылданғанынан хабардармыз. Бұл фес-тивальге кімдердің қатысуына мүмкіндігі бар?

— Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған фестивальге 35 жасқа дейінгі, жұмысшы мамандығы бар және облыста тұратын жастар қатыса алады. Байқаудың мақсаты — еңбек адамдарының маңызын көрсету және кәсіби шеберлікті насихаттау.  Танымал болу шарт емес, басты талап — еңбегі көпке үлгі болуы тиіс. Жалпы, фестиваль екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде бейнероликтер байқауы болса, екінші кезеңде комиссия мүшелері үздік қатысушыларды анықтап, марапаттайтын болады.

— Ал қатысушы не істеу қажет?

– Фестивальге қатысу үшін әр үміткер 40 секундтан 1 минутқа дейінгі бейнеролик түсіруі тиіс. Онда үміткер мамандығы мен оның маңыздылығы туралы баяндап, еңбек қызметінің жарқын сәттерін көрсетуі керек. Бейнероликтер Instagram желісіне #100ЕңбекЖұлдызы2025 хэштегімен және @nvt_kz аккаунтын белгілеп жарияланады. Қатысу үшін профилі ашық болуы және @nvt_kz парақшасына жазылу міндетті. Сонымен қатар, тиісті анкетаны толтырып, оны WhatsApp арқылы +7 747 702 58 40 нөміріне жіберу қажет.

Өтінімде қатысушының толық аты-жөні, туған күні, байланыс телефоны, жұмыс орны мен лауазымы, еңбек өтілі, бейнеролик жарияланған әлеуметтік желі аккаунты мен жұмыстың атауы көрсетілуі тиіс. Бейнематериалдар AVI, MOV, MPEG немесе MP4 форматында, 1920×1080 немесе 1280×720 пиксель ажыратымдылығында болуы тиіс. Ғаламтордан алынған немесе авторлық құқық талаптарына сәйкес келмейтін материалдар қабылданбайды.

— Өтінімдер қашанға дейін қабылданады?

— Өтінімдер 2025 жылдың 31 тамызына дейін қабылданады. Байқау қорытындысы бойынша үздік еңбек адамдарының есімдері анықталып, олардың жұмыстары @nvt_kz Instagram парақшасында жарияланады. Жеңімпаздар кәсіби деңгейі және еңбектегі үлгісімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, үміткердің еңбегі тек кәсіби деңгейде емес, адамгершілік қыры бойынша да бағаланады. Яғни, оның ұжымдағы беделі, үлесі, жаңашылдығы мен табандылығы есепке алынады. Байқау қорытындысы бойынша жұмысшы мамандық иелерінің арасынан үздік шыққан жастар «100 Еңбек жұлдызы» фестивалінің лауреаттары атанып, жоғары деңгейде дайындалған жұмыстарымен және фестиваль мақсатына сай мазмұнмен ерекшеленіп, өңіріміздің еңбекқор жастарының жарқын өкілдері ретінде танылатын болады.

— Ақпаратыңызға рақмет!

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.