Болашаққа жол ашатын мамандық

Шіл 31, 2025

Бүгінде өңіріміздің өндіріс саласында тынбай еңбек етіп жүрген жандар жетерлік. Өз ісіне адал, кәсібіне берік осындай қызметкерлердің бірі – Амантай Жұмабеков. Ол — «ҚазТрансОйл» АҚ-на қарасты Павлодар мұнай құбыры басқармасының желілік құбыршысы.

Амантай Жұмабеков кәсіп-орынға алғаш рет 2016 жылы келген, бастапқыда жүк ілдіруші қызметін атқарады. Уақыт өте келе желілік құбыршы мамандығына ауысады. Күннен-күнге кәсібіне қызығушылығы артып, осы салада әрі қарай дамуды көздейді.

– Кез келген адам күнделікті жұмыс орнына келген кезде алдына нық жоспар құрып, белгілі бір мезімді орнатып, сол уақытта бұлжытпай орындап шығуы керек. Әрине, мансап жолында қызмет сатысы бойынша жоғары көте-рілсе де, алдымен адамгершілік қасиетті жоғалтпаған жөн. Өз ісіңе адал болсаң, жолың әрқашан ашық болады. Біліктілігімді арттыру мақсатында Ақтау қаласындағы компанияның оқу комбинатында үш жылда бір рет өткізілетін кәсіби шеберлікті шыңдау оқуларына қатысамын. Сондай-ақ, жыл сайын өтетін «Үздік маман» байқауында бағымды сынап, жүлделі ІІ және ІІІ орындарды иелендім. Болашақта жүлделі бірінші орыннан көрінсем деген мақсатым бар. Қоғамдық өмірге де белсене атсалысып, ұжыммен бірге спартакиадаларға қатысып, басқарма намысын қорғаймыз, түрлі әлеуметтік шараларға қатысамыз, – дейді ол.

Мұнай құбырындағы желілік құбыршының міндеті – мұнай тасымалданатын құбырларға апаттық жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі түрде техникалық қызмет көрсету және жұмыс барысында тап болатын технологиялық процестер, экологиялық қауіптер кәсіби шеберлік пен зор жауапкершілікті талап етеді. Тіректі-авариялық қалпына келтіру пунктінің мамандары  кез келген маусымда ауа райының ыстық-суығына қарамастан талмай еңбек етеді.

Желілік құбыршылар құбыр жүйесінің сызбасы құрылымын жақсы біліп, автоматтандырылған қондырғылармен жұмыс істей білуі керек. Олар үнемі еңбек, экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, өз міндеттерін орындайды.

Бүгінде Амантай Жұмабеков – көпбалалы асқар тау әке, жарымен бірге үш ұл мен екі қызын тәрбиелеуде. Екі ұлы химия-мехникалық колледжінде білім алып, келешекте әке жолын жалғамақ.

Салтанат ҒАББАС.